Оқиға • 14 Тамыз, 2020

Мақала «Нью Йорк Таймстың» бірінші бетіне қалай шықты?

238 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2019 жылдың қыркүйегі еді. Менің Беркли универ­ситетіндегі журналистика факультетінде оқып жүргеніме бір жыл толды. Екінші курста оқытылатын са­бақтарды таңдауымыз керек. Кей оқы­тушылар сабақтарының не туралы бо­латынын түсіндіру үшін студенттер­мен кездесіп жатты.

Мақала «Нью Йорк Таймстың»  бірінші бетіне қалай шықты?

Investigative Reporting Seminar деген сабақты мектеп­ке жақында келген профессор, бұ­ған дейін New York Times газетінде жыл­дар бойы журналисттік зерттеу жасаған, журналистикалық зерттеу бойын­ша Пулитцер сыйлығын төрт рет­ жеңіп алған әлемдегі жалғыз адам Дэвид Барстоу жүргізетінін естіп, оның студенттермен кездесу жиынына же­тіп келдім. Курсымда алпыстың төңірегінде студент болса, соның үш­тен екісі жиналған екен. Тек жиыр­ма төрт орын бар. Студент саны көп. Со­дан екі сағат бойы отырып, профессорды көндірдік – барлық студентті сабағына қатыстыратын болды. Осылайша бұл менің Берк­лидегі екі жылымның ең сү­йікті, ең көп үйренген саба­ғыма айналды.

Бір айдан кейін, мектеп жа­нындағы Investigative Reporting Program атты нон профит медиа орталығына студенттерді жұ­мысқа алатыны туралы ха­барландыру келді. Ол ұйым­ды да Дэвид Барстоу бас­қа­ратын. Орта­лық­тың басты мақсаты – тә­жіри­белі жур­на­листік зерттеу тілші­лері сту­денттермен бірлесе отырып, түр­лі, терең зерттеулер жүргізеді, жур­на­листер прак­тикалық түрде ма­ман­дық­тың қыр-сырын меңгереді. Бірден өтініш жаздым. Өті­ні­шімдегі басты ой мынау болды: Қазақстан сияқты дамушы елден келген мен сияқты сту­дент журналистикалық зерт­теуді үйренуге мұқтаж. Мені жұмысқа алсаңыз, тек ма­ған емес, бүкіл елге көмек­те­сесіз, өйткені бізде журна­листік зерттеу жоқтың қасы. Сөй­тіп мені жұмысқа алды. Өте көп нәрсе үйрендім. Бала­ларға жасалатын зор­лық-зом­былықтың алдын алуда үкі­мет­тің жұмысын сынап жазып жүр­ген Гаррет Зеролф есім­ді беделді жур­налистің қол ас­тында жұмыс істедім. Гар­рет­тің Габриел Фернандес атты балақайдың өліміне қа­тыс­ты жасаған зерттеуі жақын­да Нетфликстің деректі фильм­дер сериясына арқау болды.

Журналистік зерттеу бағ­дарламасы орталығында мың­даған құжаттарды ақтардым, мемлекеттік органдардан FOIA заңы бойынша, ішкі құжат­тарын алдырдым, оларды зерттедім, сұхбат­тар жүргіздім.

Наурыз айында коронавируспен ауыр­ған адамдар саны мен оқитын Калифорния штатында да көбейе бас­та­ды. Профессор Барстоу бүкіл мектеп ұжымына және студенттерге хат жолдады. «Бұл – өмірде бір-ақ рет болатын дағдарыс. АҚШ та мұндай деңгейдегі денсаулық сақтау дағдарысы бұрын-соңды болып көрмеген. Менің өмірім­де 11 қыркүйектен кейін бо­лып тұрған, бүкіл елге тікелей ықпалын тигізіп тұр­ған ау­қымды оқиға. Штатта жария­лан­­ған карантин мен панде­мияға бай­л­анысты жаңалық­тарды «Нью Йорк Таймсқа» жа­зып тұрсақ, қалай қа­рай­сыз­дар? Жобаға қатысқысы келе­­тін студенттер мен оқыту­шы­лар сабақ­тарынан босатылады, сабаққа қатысу үшін берілетін кредиттер осы жобаға қатысу арқылы жабылады», деді.

Айта кету керек, АҚШ-та «Нью Йорк Таймс» секіл­ді беделді басылымдар студент­тердің жұмысын жариялау түгілі, практикаға өте сирек алады. Бұл бұрын-соңды болып көрмеген оқи­ға. Калифорния секілді ірі штатта кор­пункттері бар. Газет басшылары Бар­стоуды жақсы білгендіктен және сен­гендіктен, оның ұсынына оң ­жауап берген.

Екі курстағы жүзге жақын студент­тің сексені осы жобаға қаты­самыз деп өтініш бердік. Мен бұрыннан Гаррет Зеролф­пен бірге жұмыс істеп келе жат­қандықтан, Дэниел Лемпрес атты бірін­ші курс студентімен бірге «пандемия­ балаларды зор­лық-зомбы­лық­тан қорғай­тын мемлекеттік агент­тік­тердің (бізше министрлік пен бас­қар­малар) жұмысына қалай әсер етті?» деген сұраққа жауап іздеу бағы­тындағы жұмысты бастап кеттік. Сәуір­ден бас­тап Калифорниядағы елуден­ астам округтің (штатты біздегі облыспен салыс­тырсақ, округ біздегі аудандар­ се­кілді. Бірақ Калифорнияның өзінде қырық миллионға жуық халық тұра­ты­нын, штатта Лос Анжелес секілді мил­лиондаған халық тұратын ірі округтер бар екенін ескерсек, жұмыс ауқымының қандай екенін толығырақ түсінуге болады) әрқайсына қоңырау шалып, әлеуметтік жұмыс басқармаларының басшыларымен сөйлесіп шықтым. АҚШ-та FOIA (Freedom of Information Act) деген заң бар. Ол заң бойынша, елде тұратын әрбір азамат кез келген мемлекеттік органға ақпарат сұрап өтініш жіберуге құқылы. Он күннің ішінде жаңағы мемлекеттік кеңсе жауап беруі керек. Бермесе, басы дауға қалады. Әрбір округке осы заң арқылы ақпарат алу туралы өтініш жібердік, олардан келген жүздеген парақ жауаптарды сараладық. Бізде облыс, аудан­ды әкім басқарса, АҚШ-та оларды халық сайлаған бес адам басқарады, Board of Supervisors деп аталады. Он миллион халық тұратын Лос Анжелес округының бір супер­­вай­зерінен сұхбат алдым. Жұ­мыс­тың барлығы интернет, те­лефон арқылы жүрді.

Мақалаға келетін болсақ, ондағы әрбір сөз, әрбір фактіні бірнеше рет тексердік. Мамыр, маусым айларын­да алған ақ­паратымыз әлі де шын­дыққа сәйкестігін тексеру үшін, та­мыз айының басына дейін, де­рек­көз­дерімізге хабарласып тұрумен бол­дық. «Нью Йорк Таймстың», жалпы аме­рика журналистикасының талабы осын­дай. Жалған ақпарат таратып, ха­лық­тың сенімін жоғалтуға болмайды.

Тамыздың жетісі күні төрт ай бойы жазған мақаламыз «Нью Йорк Таймстың» басты бетінде жарияланды. Әлемдегі ең беделді басылымның бірін­ші бетіне мақала жариялау – америкалық журналистердің ара­сында да қол жетпес арман болып есептеледі.

Мамыр айында уни­вер­ситеттегі оқуым аяқталды. Журналистика ма­гис­трі деген дәреже алдым. Алайда атқар­ған жұмысым ұнаған болуы керек, Investigative Reporting Program мені жазғы практикаға шақырды. Онда­ғы жұмысым жақында аяқталды. Енді шекара ашылған соң елге келуді жос­парлап отырмын.

 

Ақсәуле Әлжан,

журналист