Қоғам • 14 Тамыз, 2020

Сын айту оңай...

1717 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіні ашып қалсаң да, әлдекіммен әңгімелесе қалсаң да сыни пікірлерге көп кездесесің. Әсіресе билікті жерден алып, жерге салып, қоғамды кінәлап, халықтың кемшілігін бетіне басып жатқандардың қатары қалың. Құдды сын айтудан атан жарысқа түсіп жатқандаймыз.

Сын айту оңай...

Кез келген қоғамның дамуы қателіктен сабақ алып, сынға құлақ түріп, соған сай әрекет етуіне байланысты. Бірақ кейінгі кезде сын айтудың реті осы деп, бас-көзге қарамай дау-жанжал шығаратындар көбейіп барады. Бір қызығы, айтылып жүрген сындардың көбі бұлтартпас дәйек пен нақты дәлелге емес, құр айғайға құрылған.

Көп жағдайда осындай дау-жанжалдың, сынның соңы негізсіз болғанын көріп жатамыз. Алысқа бармай-ақ қоялық. Коронавирус пандемиясы басталғалы бері елімізде неше түрлі пікір айтылды. Әсіресе денсаулық саласын ерінбегеннің бәрі сынады. Мәселен, WhatsApp мессенджерінде «халықты улау үшін ауаға вирус шашып жүр екен» деген қауесет желдей есті. Бұған дәлел ретінде турболентті ауа қалдырған ұшақтың суретін, масаға қарсы дезинфекция жасап жүрген қызметкерлердің видеосы қоса тарады.

Қазақстандағы бүкіл қауесет пен деректерді тексеріп отыратын Factcheck.kz сайты бұл мәліметтерді зерттеп, шындықтан мүлдем алыстығын дәлелдеген-ді. Бірақ әйгілі жазушы Марк Твен айтпақшы, «шындық орнынан тұрам дегенше, өтірік әлемді үш айналып шығады». WhatsApp-та тараған осы ақпараттың жалғандығы анықталғанмен, сын айтушылар оған мән берген де жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, дәлелсіз сын айту негізінен қауесетке сенуден басталады. Осындайда мынандай ой келеді. «Бәлкім, қауесетке сену менталитетімізде бар шығар...». Қазақта «ұзынқұлақ» деген ұғым бар ғой. Бұрынғы кезде «ұзынқұлақтан естуім бойынша» деп айтып жататын. Баяғыда «ұзынқұлақтан» жеткен ақпарат әңгімелесу арқылы тараса, бүгінге WhatsApp бұл міндетті мүлтіксіз атқарып тұр.

Ағылшын жазушысы Гилберт Честертон «егер адам ештеңеге сенбесе, біраз уақыттан кейін бәріне сене бастайды», дейді. Бұрын оқырман газеттен оқығанына, көрермен теледидардан көргеніне, тыңдарман радиода айтылғанға сенетін. Қазіргі таңда адамдар смартфоннан жеткен хабар атаулыға шүбә келтірмейді. Ресми мәліметке қарамастан, WhatsApp-тан келген ақпаратқа имандай сенеміз. Осыдан келіп, өсек пен жорамал – адам санасының өте күшті манипуляторы деген ұғымның растығын мойындауға тура келеді.

Ежелгі Грекияда қоғамдық мәселе талқылағанда кім қатты айқайласа, соның сөзі дұрыс деп шешіледі екен. Қазіргі таңда охлократия деп аталатын ұғым осылайша Элладалар елінен бастау алған. Аристотельдің отанынан басталған бұл әдіс бүгінде де тоқтамай тұр. Қазір әлеуметтік желілерде кім «хайп» жасап, у-шу шығарса, соның айтқаны дұрыс саналады. Былайғы жұрт оқиғаның ақ-қарасын ажыратпай-ақ дауысы қатты шыққанның сөзіне кәміл сенеді.

Сын айту туралы сөз қозғалғанда, мына бір қисса ойға оралады. Бірде бейнелеу өнерін жаңадан меңгеріп жүрген жас жігіт танымал ойшылға келіп, өмірін өзгертер ақыл-кеңес беруді сұрайды. Жігіттің кәсібін сұраған ойшыл оған: «Өзіңнің ең үздік деген туындыңды халық көп жүретін алаңға апарып қой. Сөйт те, жұрттан өзіне ұнамаған жеріне сызып кетуін сұрап өтініш қалдыр. Үш күннен кейін қайта келерсің», дейді. Мұны естіген жігіт елге танымал ұстаздың айтқанын бұлжытпай орындайды. Үш күннен кейін алаңға келсе, ең үздік туындысының сау-тамтығы қалмаған. Әрлі-берлі өткен жұрт суретті шимайлап тастапты. Жыларман болған суретші ойшылға келеді. Сонда абыз: «Енді, өзіңе ең нашар көрінетін туындыңды өткендегі жерге апарып қой. Бірақ бұл жолы халықтан ұнамаған жерін жөндеуді сұра», дейді.

Межелі мерзім өтеді. Ең үздік туындысы шимайланған жігіт көңілсіз алаңға аяңдайды. Қараса, нашар деп есептеген суретіне бір із түспей, сол қалпы тұр. Аң-таң болған жігіт абыздан мұның мәнісін сұрайды. «Бұның сыры мынада. Елдің бәрі біреудің сынын айтуға бейім, бірақ оны жөндеуге ешкім бел шешіп кіріспейді», деп жауап беріпті абыз.

Қоғамды кінәлап, халықтың кемшілігін бетіне басып жатқандар өзі сынаған жұрттың бір бөлшегі екенін естен шығарып алған. Жоғарыдағы қиссада айтылғандай, біреуді сынау оңай, оны жөндеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қорыта айтқанда, қазіргі таңда сын айту оңайға түсіп, «айғай­шы­ның алды – жөн, арты – соқпаққа» айналып тұр.