Руханият • 14 Тамыз, 2020

Әуендері өміршеңдігімен құнды

246 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ ән жанрына табиғи реңк әкелген тума талант Шәмші Қалдаяқовтың терең философияға бойлайтын әндері әлі күнге тыңдаушысын тебірентумен келеді. Менің Шәмші ағамен таныстығыма да 45 жыл сырғып өте шығыпты. Қазақ әнінің падишасы атанған Шәмші аға Қазақ радиосына жиі келіп тұрды. Композитор Әбіләхат Еспаев ағамызды ұстаз тұтып, кеңесіне құлақ түре, жиі сәлем бере келетін.

Әуендері өміршеңдігімен құнды

Әлі есімде, Шәмші ағамен алғашқы таныстығым Қазақ радиосының қара шаңырағында басталды. Сонау 64-65-жылдары бас редакторымыз композитор Мансұр Сағатов бар, Нұрғали Нүсіпжанов екеуміз музыкалық редакцияда қызмет етеміз. Бірде «Шәмші келе жатыр» деп елең ете қалдық. Дәлізге шығып, тағат таппай күтіп жүрміз. Қасына жас ақын Төлеген Айбергеновті ерте келген екен. Жалындап тұрған жас ақын танымал композитордың жанынан жарасым тапқандай. Жүзінен жылылық ескен Шәмші ағамызды көргенде кішіпейіл, қарапайымдылығы басым жанның жанынан табылғанымызға қуанышымызды жасырмадық. Бұл Нұрғали екеуміздің енді-енді таныла бастаған кезіміз. Шәмші аға «Екеуіңе арнап ән алып келдім», деді. Шәмші әнін орындау, әрине екінің-біріне бұйыра бермейтін бақыт қой. Маған «Ақерке-Ақжайық» әнін ұсынып, пиа­ниномен әуенін тыңдатып көрді. Сөзі – Т.Айбергеновтікі. Мінезіме де, дауысыма да сай екен, орындаймын деп уәде еттім. Ал Нұрғали екеуміз «Арыс жағасында» әнін орындайтын болдық. Көп ұзамай қос дауыста жазылған ән Қазақ радиосының «Жаңа әндер» айдарымен тыңдарманға жол тартты. Табиғаты өзгеше осынау ерекше әуен тыңдарманын елітіп, радио қоржыны хаттардан көрінбей қалды. Ол кезде радио құрамында мықты деген ақындар, композиторлар бар. Көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Біз осы екі әнді кеңес талқысына ұсындық. Түрлі пікірлер айтылды. Алайда Шәмші әндері вальс ырғақты келеді деген пікірден кейін таспаға түскен ән кейінге қалып қойды. Ән Нұрғали екеумізге ұнап-ақ тұр. Содан тәуекелге бел буып, бас редактордың мақұлдауынсыз радионың концерттік бағдарламасына қосып жібердік. Ән эфирден әуелеп кетті. Екеуіміз басшылықтан ескерту алғанымызды кейіннен ұмытып та кеттік. «Арыс жағасында» әнін сұраған тыңдарманның хаты толастамай, лек-легімен келіп жатты. Осылайша талай жанның көкірегіне ұялап, сүйіп тыңдайтын әніне айналған Шәмші әндері, оның ішінде «Арыс жағасында» өміршеңдігімен құнды екенін уақыт өзі дәлелдеп берді.

 

Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ,

Қазақстанның халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

әнші-композитор