Саясат • 14 Тамыз, 2020

Өңірлердегі жобалар ел игілігіне айналуы тиіс

96 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенаторлар Ғ.Дүйсембаев пен Л.Сүлеймен Атырау облысына сапар барысында Махамбет және Исатай аудандарына барды. Соның аясында олар Айсары арнасының және Махамбет ауылында Жайық өзенінің үстінен салынып жатқан жаңа көпірдің құрылысымен танысты. Сондай-ақ жергілікті білім ошағына арнайы ат басын бұрып, мектептің алдағы оқу жылына, соның ішінде қашықтан оқыту форматына дайындығын пысықтады.

Өңірлердегі жобалар ел игілігіне айналуы тиіс

Бұдан басқа сенаторлар құрылыс материалдарын шығаратын зауыт жұмысшыларымен кездесіп, қазіргідей күрделі кезеңде за­уыт, фабрика және басқа да кәсіпорын басшылары жұмыс орындарын сақтап, жұмысшыларына жалақыны уақтылы беріп отырудың маңызы зор екенін айтты. Сонымен қатар сенаторлар Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз бағытындағы жол құрылысының жай-күйімен танысты. Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша 2021 жылдың екінші жартысында аяқталмақ. Сенаторлар мұнайлы өлкедегі сапарында медицина қызметкерлерімен де кездесті. Дәрігерлер коронавирус індетіне қатысты жергілікті жағдайды баяндап, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және аурудың қайта өршіп кетуінің алдын алуға арналған шаралар жөнінде айтты.

 * * *

Мәжіліс депутаттары аймақтарға сапары барысында пандемия салдарынан қиын жағдайда қалған тұрғындар мәселесіне айрықша назар аударуда. Nur Otan, «Ақ жол», «Халық коммунистері» парламенттік фракцияларының өкілдері және ҚХА депутаттары бірнеше бағыт бо­йынша жұмыс атқаруда. Олар: әлеуметтік мәселелер, тұрғындарға тікелей көмек, еңбекпен қамту, шағын және орта бизнесті қолдау. Сондай-ақ депутаттар азаматтардың денсаулығын, экономикалық әл-ауқатын жақсарту бағытына баса көңіл бөле отырып, қайырымдылық акцияларына, әлеуметтік және еріктілер жобаларына белсене қатысуда. «Халық коммунистері» фракциясының мүшелері А.Қоңыров пен Ж.Ахметбеков қазіргі уақытта «Шапағат» партиялық қайырымдылық жобасы аясында шараларға қатысуда.

* * *

Сенат депутаты Р.Әбдікеров Қарағанды облысы Нұра ауданына жасаған сапар барысында аймақтағы коронавирус індетіне қатысты ахуалға ерекше көңіл бөліп, орталық аудандық ауруханаға арнайы барды. Жергілікті мамандардың айтуынша, пандемия басталғалы бері ауданның 1700-ге жуық азаматынан сынама алынған. Соның 246-сынан дерт жұқтырғаны анықталған. Дегенмен, бүгінде науқастардың 90 пайызы емделіп шыққан. Өз кезегінде сенатор емдеумен бірге, ауруды анықтау, алдын алу шараларын үнемі басты назарда ұстау керектігін айтты. Сонымен қатар сенатор аудандық прокуратураның қызметкерлерімен кездесті. Депутат Парламенттің Қылмыстық кодекске түзетулер енгіз­генін, мұндай шаралар ауылдық жерлерде қылмысты азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

 * * *

Мәжілісмендер еңбекпен қамту мәселесіне де баса назар аударуда. Мәселен, Ақтөбе облысында болған Мәжіліс депутаттары Г.Щегельский, Д.Еспаева және С. Симонов салынып жатқан «Южный обход» нысанында болды. Бұл нысан арқылы бүгінде 600-ден астам ақтөбеліктер жұмыспен қамтылып отыр. Мердігерлердің айтуынша, құрылысқа қолданылған материалдардың барлығы қазақстандық өнімдер. Оның дені осы аймақта өндірілген.

 * * *

Сенат депутаттары Р.Әкімов пен Д.Әділбеков жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Ақкөл қаласында сенаторлар қазандық пен жылу желілерін жөндеу жұмыстарына ерекше назар аударды. Өйткені шаһарда көппәтерлі үйлерді жылытуға қатысты туындаған мәселе бар. Бүгінде жаңа қазандықтың іргетасы құйылып, металл қаңқасы орнатылған. Ол алдағы жылу маусымында іске қосылады деп жос­парланып отыр. Сонымен қатар сенаторлар «Жаңа Колутон-Ақкөл-Азат-Минск» бағытындағы облыстық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылармен кездесті. Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне қарағанда, соңғы бірнеше жыл бойы жолдың аталған бөлігінің сапасы сын көтермей, халықты әбігерге салған. Соған байланысты биыл жөндеу жұмыстарына тиісті қаражат бөлініп отыр. Бұл жоба келесі жылы аяқталмақ.

 * * *

Мәжіліс депутаты Г.Бижанова Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында мемлекеттік бағдарлама жайымен танысты. Бүгінде ауданда 10 мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. «Жұмыспен қамту» жол картасы» бойынша 18 жоба қолға алынуда. Бұл мақсатқа 998 млн 944 мың теңге бөлініп, 250 жергілікті тұрғын жұмысқа орналастырылған. Сапар барысында депутат азаматтарды баспанамен қамту жайына да баса назар аударды. Көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған және бюджеттік сала қызметкерлері үшін ауданда 18 пәтерлі, 4 тұрғын үй салынуда. Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1 203,2 млн теңгеге тұрғын үй салынуда. Ауданда ауылдық аумақтарды жаңғыртуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасына баса көңіл бөлінген. Осы мақсатта бірқатар нысандарға күрделі жөндеу жүргізілуде.

* * *

Мәжіліс депутаты Ахмет Мурадов ҚХА өкілдерімен, кәсіпкерлермен және еріктілермен бірге ауруханаларға қажет құралдар жеткізді. Көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік басқа да заттай көмек көрсетілді. Депутаттар аймақтағы жұмыстарын жалғастыра отырып, алдағы уақытта азаматтардың әлеуметтік ахуалын қатаң бақылауда ұстамақ.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар