Жиын барысында ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары сайлау комиссияларының Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамалары негізінде сайлау 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өтті деп танылғанын баяндады. Оның айтуынша, 3069 таңдаушының 2889-ы немесе таңдаушылардың жалпы санының 94,1 пайызы дауыс беруге қатысқан.
Отырысты қорытындылай келе, ОСК төрағасы Берік Имашев бұл сайлау науқанының ерекшелігі – әйелдердің саяси белсенділігінің артқаны болғанын атап өтті. Яғни, сайланған 17 депутаттың 5-і әйелдер, бұл 29,4%-ды құрайды. 2014 және 2017 жылдардағы сайлауда бұл көрсеткіш тек 6% болған.
Дауыс беру барлық басқа сайлау рәсімдері сияқты сайлау заңнамасының нормаларына сай өтті. Дауыс беру рәсімін және сайлау қорытындыларын шығаруды 242 жергілікті және 5 халықаралық байқаушы байқап отырған.