24 Қазан, 2013

Азаматтық танытып, сауап арқалады

430 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

 VNB5211-1Баянауыл – қазақтың маңдайына біткен көркем табиғатымен ерекшеленетін құтты мекен ғана емес, бұл өңір қол бастаған батырларымен, сөз бастаған шешендерімен, қасиет дарыған әулиелерімен, суырыпсалма ақын-жырауларымен, ғұлама ғалымдарымен әйгілі. Тұнып тұрған тарихтың киелі мекені.

Баянауыл – қазақтың маңдайына біткен көркем табиғатымен ерекшеленетін құтты мекен ғана емес, бұл өңір қол бастаған батырларымен, сөз бастаған шешендерімен, қасиет дарыған әулиелерімен, суырыпсалма ақын-жырауларымен, ғұлама ғалымдарымен әйгілі. Тұнып тұрған тарихтың киелі мекені.

 VNB5211-1

Осы орайда, Елбасымыз Нұрсұл­тан Назарбаевтың: «Түптеп келгенде тарих тек ғылым үшін зерттелмейді. Ол ең алдымен тарихтан тағылым, сабақ алу үшін зерттеледі», дегені ойға оралады.

Жақында қазақ ғылымының атасы атанған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мемориалдық мұра­жайы қайта жабдықталып, күрделі жөндеуден өтті. Игілікті істің тек баянауылдықтар үшін ғана емес, әлем мәдениеті саласындағы рухани құндылықтарды тануда, оларды ғылыми тұрғыда зерттеп оны насихаттау, осы негізде сан ұрпаққа патриоттық тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқаратыны ақиқат.

Өскелең ұрпақ үшін бұл ұлттық тарихымыз, ұлттық мақтанышты күшейтудің, отаншылдықты артты­рудың қуатты тетігі. Ал отаншылдық сезім – ұлы істердің бастауы.

Мемлекет басшысының «Ұлттық мәдениетті көтеру – ұлттың тарихын көтеру арқылы ұлтшылдыққа бет бұру емес, біз көпұлтты мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Сон­дықтан біз барлық халықтардың тарихы мен мәдениетіне құрмет сезімімен қараймыз. Ендеше, сол ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоқты түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау басты мақсатымыз», – дегені бар.

Расында да, еліміз дамудың жаңа кезеңін бастан өткеруде. Мақсатымыз айқын, бағытымыз түзу. Ендеше, еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатын жан-жақты жаңғырту, шаруашылық жүйесін әртараптандыру, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту жолында әр қазақстандықтың иығында зор жауапкершілік барын естен шығармағанымыз абзал. Бұл ретте, қоғамды одан әрі көркейтіп әлем­дегі алпауыт мемлекеттермен тізгінін тең ұстау жолында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру маңызды қадам екенін айтып өтуіміз керек.

Ғұлама ғалымның мұражайын заман келбетіне сай қайта жаң­ғыр­туға азаматтық танытқан – Тимур Асқарұлы Құлыбаев болды. Ол баян­ауылдық ел ағаларының өті­ні­­­шін жерге тастамады, игі іске қол­­дау көрсетті. Жомарт жан өз қара­жатынан қомақты қаржы бөліп, академиктің туған қыстауы, балалық шағы мен ат жалын тартып мінген азаматтық кезеңінен сыр шертетін екі залды толық жаңартуға мүмкіндік берді. Келушілер ғимараттың екінші қабатындағы «Академик Қаныш Сәтбаевтың артынан қалған өшпес ізі» деп аталатын қосымша бөлмеден мол мәлімет ала алады.

Түсінген жанға мәдени-рухани ескерткіштер бізге ата-бабамыздан қалған мұра. Ал, мәдени мұра – жоғымызды түгендеп, барымызды байыптауға мүмкіндік беретін қазына.

Тұсаукесерге қатысқан Баян­ауыл ауданының құрметті азаматы, Журналистер одағының мү­шесі, ақын, ардагер ұстаз Зекебай Солтанбаев сауапты іске демеушілік жасаған Тимур Асқарұлына ыстық ықыласын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

 VNB5271-1

– Руханият ошақтарына қолдау көрсету арқылы сіз бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі аясындағы міндеттерді де нақты іспен жүзеге асырудасыз. Бұл сіздің отандық тарихты жаңғырту, қоғамдағы толеранттылық пен жасампаздық рухты қалыптастыруға қосқан үлесіңіз екені даусыз, – деді ол.

Жомарттық пен мәрттіктің нақ үлгісін көрсеткен Тимур Құлы­баевтың белсенділік танытуы арқа­сында жаңаша кейіпке енген келесі ғимарат – аудан орталығындағы «Мұса мырза» мешіті.

Бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрын іргесі қаланған Алланың үйін 1861 жылы өз дәуірінде атақты би, этнограф, патша армиясының полковнигі, орыс, француз тілдерін жетік меңгерген оқымысты, яғни ел тұтқасы болған тарихи тұлға Мұса Шорманов салғызған болатын. Алайда, Кеңес дәуірі тұсындағы солақай саясат пен атеистік идеология салдарынан мешіт жабылып, кинотеатр, спорт ғимараты мақсатында қолданылған.

Қазақта «төртеу түгел болса төбедегі келеді», деген қанатты сөз бар. Осыны өмірлік қағида тұтқан Тимур Құлыбаев Қазақстанның дамуында Үкімет, қоғам және бизнес мүмкіндіктерін біріктіру бастамасын көтерді. Нәтиже көзге көрініп тұр. Қазіргі таңда кәсіпкерліктің қазақстандық қоғамның әлеуметтік өмірімен тығыз ұштасып кеткенін аңғару қиын емес. Кәсіби шеберлігі мен жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Тимур Асқарұлы қазақстандық бизнес-қоғамның барынша белсенді және серпінді бөлігін өз қатарына шоғырландырып отыр.

– Қазақтың біртуар тарихи тұлғалары мен ұлт мақтанышына айналған атақты қаламгерлері мен зерделі ғалымдары шыққан Баянауыл өлкесінің рухани-мәдени тынысында игі бастамалар табысты жүзеге асуда. Отандық тарих пен ұлттық құндылықтарымызды терең тану, ғылыми зерделеу және келер ұрпақ игілігі үшін сақтау жолында «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға демеуші болған мұндай азаматқа айтар алғысымыз шексіз, деп Майқайың кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Әбенов ағынан жарылды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», дейді дана хал­қымыз. Елгезектігімен ерекшеленген Тимур Құлыбаевтың қолға алған істі тындырмайынша дамыл таппайтынына жергілікті халықтың көзі жетті. Тіпті, өз ісінің хас шеберлерін де тауып беріп, нағыз азаматтық танытты дейді баянауылдықтар.

«Өлі разы болмай, тірі байы­майтынын» ескерсек, алдағы уа­қытта да атқарылуға тиіс шаралар аз емес. Мәселен, әулие қонған Мәшһүр Жүсіп бабамыз жатқан қорымда «Ескелді» кешенін ашу ойда бар. Бұл дегеніміз – өңірде, тұтастай алғанда елімізде туризмді дамытуға жасалатын қадам, таптырмас мүмкіндік екені даусыз.

Сондай-ақ, Мұса мырза кесе­несін қайта қалыпқа келтіру, көне дәуірлерден сыр шертетін тарихи балбал тастар жайлы мол мағлұмат беретін кешен тұрғызу сынды бағдарлама қабылдап, аймаққа отандық және шетелдіктер демалушыларды көптеп тартудың жүйелі жұмыстары жүргізілмек.

Әрине, тізбектелген шараларды өміршең етуде де дәл осындай азаматтардың қолдауы жалғасын табады деп сенім артамыз.

Тілін, ділін, әдебиетін, мәде­ниетін, тарихын сүйіп, ұлт руха­ниятының жанашыры болған, отаншылдық көзқарасы биік, елін, жерін қадір тұтқан осындай абзал да, ардақты азаматтары бар қазақ елінің келешегі кемел, болашағы баянды болады. Өйткені, қазақтың қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқаруды бақыт санайтын, ауызбіршіліктен айнымайтын, ақ жүрек жұртты қуатты ұлт болуға жетелейтін Тимур Құлыбаевтай арда ұлдары бар.

Жұмабек СМАНОВ.

ПАВЛОДАР.

Соңғы жаңалықтар