Руханият • 15 Тамыз, 2020

Бибігүл Төлегенова Шәмші Қалдаяқовтың мерейтойына арналған челлендж бастады

956 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен "Менің Қазақстаным" халықаралық музыкалық челленджі басталды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Бибігүл Төлегенова Шәмші Қалдаяқовтың мерейтойына арналған челлендж бастады

Челлендж атақты композитор, қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Әнұраны әуенінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналады. Аталған шараны үйлестіру "Қазақконцерт" ұйымы жанындағы "Концерттік-гастрольдік қызмет орталығына" жүктелген.

Жобаны "қазақ музыкасының алтын дауысы", ән әлемінің ардагері Бибігүл Төлегенова бастады. Шәмші Қалдаяқовтың үзеңгілес-замандасы Бибігүл Ахметқызы сазгердің "Қайықта" әнін ең алғаш орындаған еді. Талант иесі жастық шағын еске алып, аталған әнді тыңдармандарына тағы бір мәрте ұсынды.

Бибігүл Төлегенова "Менің Қазақстаным" халықаралық музыкалық челленджін жалғастыру эстафетасын белгілі әнші Әлібек Дінішевке, Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаеваға, КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыхановқа, сондай-ақ, алыс-жақын шет елдердегі қандастарымызға жолдады.

Аталған эстафетаны қабыл алушылар жобаны қолдап, жалғастыруға белсенділік танытуда. Мәселен, Роза Рымбаева кезекті ән марафонын қазақ операсының қос жұлдызы Нұржамал Үсенбаева мен Майра Мұхамедқызына және жас әнші Әміреге жолдамақшы.