Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин біздің елімізге ресми сапармен келген Венгрия Мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Кёвермен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин біздің елімізге ресми сапармен келген Венгрия Мемлекеттік жиналысының төрағасы Ласло Кёвермен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Жүздесу барысында тараптар ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады. Нұрлан Нығматулиннің атап өткеніндей, Венгрия – Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі.
Қос мемлекет арасындағы сыртқы сауда айналымы 2012 жылы 258 млн. АҚШ долларын құраған. Қазіргі уақытта елімізде 49 қазақстандық-венгриялық бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді.
Халықаралық саясаттағы өзекті мәселелерге келетін болсақ, кездесу иелері Қазақстан мен Венгрияны аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы ұқсас ұстанымдар біріктіретіндігі туралы ортақ пікірлерін жеткізді.
Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ауқымды бастамаларының арқасында біздің мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы көкейкесті тақырыптар талқыланатын, беделді халықаралық сұхбат алаңы ретінде танылғандығын баса атап өтті.
Өз кезегінде Ласло Кёвер Қазақстан-Венгрия қарым-қатынас деңгейіне, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында біздің еліміздің жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді.
Парламентаралық әріптестікке де баса мән беріліп, тараптар Қазақстан мен Венгрия парламенттері арасында үздіксіз даму жолына түскен сындарлы сұхбат орнағанын тілге тиек етті. Мәжілісте Венгриямен ынтымақтастық жөнінде 9 депутаттан тұратын топ жұмыс істейді, ал Венгрия Парламентінде Қазақстанмен достық тобында 17 депутат бар.
Мәжіліс Төрағасы парламентаралық байланыстар мен екіжақты қатынастарды, әсіресе, біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғырту және саяси дамуының жаңа бағытының негізі болып табылатын «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру аясында одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Нұрлан Нығматулин мен Ласло Кёвердің атап өткеніндей, салалық комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасында заң шығармашылық жұмыстар бойынша тәжірибе алмасудың, сондай-ақ, халықаралық парламенттік ұйымдар аясында өзара қолдау көрсетудің мәні зор.
Мәжіліс Төрағасы мен Венгрия Мемлекеттік жиналысының спикері Қазақстан мен Венгрияның келешекте де өзара іс-қимылды, соның ішінде парламентаралық деңгейде табысты дамыту болашағының зор екенін атап өтті.