didar-gazeti.kz
Десе де, түйткілді мәселені бас басылымда жазғанбыз. Ал соңғы жылдары көл аумағына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жіті көңіл аударыла бастағаны қуантады. Қоршаған ортаның қас жауы браконьерлерге қарсы күрестен бастап, негізінен Қиыр Шығыста өсіп-өнетін, ал Қазақстанда Марқакөл бассейні мен Алтай өзендерінде ғана кездесетін майқан тұқымдас балықтарды қорғауға дейін іс-шаралар кешені қолға алынды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің айтуынша, осыдан 2-3 жыл бұрын қорық аумағында су құзғындарының саны 5-6 мыңға дейін жеткен көрінеді. Мамандардың зерттеуінше, бір су құзғыны күніне 700-800 грамм майқан балығының шабақтарын жеп қояды. Бұл Марқакөл өңірінің мақтанышына айналған ускуч, хариустардың өсіп, көбеюіне айтарлықтай залал келтіріп отыр. Қорық қызметкерлері балықтардың уылдырық шашу маусымында су құзғындарының санын азайту үшін профилактикалық жұмыстар жүргізген болатын.
Мәселен, су құзғындарының санын азайту үшін құстарды ұясына қондырмай, шулы дыбыс шығаратын заттармен үркіту жұмыстары жүргізілген екен. Мұндай әдістер ұядағы жұмыртқалардың тез суып, балапан шықпай қалуына себеп болады. Сондай-ақ орман инспекторлары су құзғынының жұмыртқаларын тесумен де айналысуда.
«Марқакөл» табиғи қорығының директоры Тимур Айкеновтың айтуынша, ең бірінші кезекте табиғатқа, оның ішінде ерекше қорғалатын майқан балығының көбеюіне залалы тимеуі үшін су құзғындарын саны реттелетін жан-жануарлар санатына жатқызу керек.
«Табиғи заңдылықтар бойынша су құзғынының ұядағы жұмыртқасынан балапан шықпаса, ол жерден ауып кетеді. Қазір атқарылған шаралардың нәтижесінде Марқакөл табиғи қорығындағы су құзғындарының саны айтарлықтай азайды. Шамамен 500-600 бас су құзғыны бар. Мамандардың сөзінше, су құзғындарының қаптап кетуіне бірінші кезекте аңшыларға су құзғындарын атуға рұқсаттың жоқтығы себеп болып отыр. Сондықтан бұл саны реттелетін құстардың санатына жатқызылуы керек. Тек сонда ғана аңшылар бұл құстардың артық санын атып, популяциясын реттеп отырады», деді Тимур Айкенов.
Қорық басшыларының сөзінше, биылғы балықтардың уылдырық шашу маусымы сәтті өтті. Уылдырық шашу маусымы кезінде заңсыз балық аулау дерегі көп тіркелмеген. Нақты айтқанда, биыл мамыр-шілде айларының аралығында негізгі уылдырық шашатын өзендерде тәулік бойы жұмыс істейтін 12 бекет қойылған екен. Сондай-ақ Марқакөл қорығының аумағында браконьерлікпен күрес жөніндегі бірлескен жоспар негізінде «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел ден қою жасағы» КММ, «Марқакөл орман шаруашылығы» КММ, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК, облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясының қатысуымен барлығы 600 жедел рейдтік іс-шаралар өткізілді. Күршім ауданының прокуратурасымен бірлесіп, 2 рейд, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен 3 рейд, «Охотзоопром» РМҚК бірлесіп 1 рейд, «Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел жасақ» КММ қызметкерлерімен 3 рейд, Күршім ауданының табиғат қорғау полициясымен 2 рейд өтті.
Марқакөл көлінің айналасында негізгі уылдырық шашатын өзендерде және атпен жүруге арналған соқпақ жолдарда 19 фотобақылау орнатылған. Бұл шаралар құқық бұзушылықтың алдын алу және жабайы жануарларды есепке алу бойынша көп көмегін тигізді. Уылдырық шашу кезеңінде табиғат қорғау заңнамасы бойынша 2 заңбұзушылық анықталып, ҚР ҚК 383-бабы 3-бөлігімен 7083,9 теңге жалпы залалмен 2 әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді. Биыл 19 мамырда Күршім ауданының № 2 аудандық сотының қаулысымен аталған тұлғалар 20 АЕК (55560 теңге) айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдар мен залал толығымен өндірілді. Уылдырық шашу кезеңінде барлығы 31 қызметтік жылқы, 2 моторлы қайық, 14 автомобиль, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК МИ-2 тікұшағымен 3 бірлескен ұшу, 3 стационарлық және 25 алып жүретін радиостанса, 5 мотоэлектр стансасы жұмылдырылды. Ал рейдтік іс-шаралар негізінен қызметтік аттармен ат үстінде және моторлы қайықтармен жүргізілді. Сонымен қатар инспекторлық құрамның күшімен балық уылдырық шашатын өзендер қоқыстан тазартылды.
Айта кетелік, Марқакөл көлінің ұзындығы 38 шақырым, ені 19 шақырым және тереңдігі 27 метрді құрайды. Көлге 100-ге жуық шағын өзендер мен бұлақтар келіп құяды, бірақ көлден бір ғана Қалжыр өзені бастау алады. Көлге құятын өзендердің ірілері – Қарабұлақ, Матабай, Жиренбайтал, т.б. Жағасының оңтүстік жағы тік құлама жартасты, ал шағын өзен-жылғалар құятын тұстары батпақты келеді. Қазаннан бастап мамыр айына дейінгі аралықта көл қатып, мұз құрсанады. Суы тұщы, мөлдір, құрамында йод, фтор, бром, т.б. бар, минералдылығы литріне 0,07 грамм болып келеді.