24 Қазан, 2013

Ұлттық үлгі

410 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

01-Рахымжан Елешев-2Оны бағалаған қазақ азбайды да тозбайды, жаһандану заманында жойылудан аман қалады

Қазақтың өмірлігі де, мәңгілігі де – елдігі. Біз осы туралы ой өлшемі биік, жан дүниесі сара, кісілік пен кішілікті, аға мен ініні, шәкірт пен ұстазды тең ұстаған зиялы қазақпен пікірлессек деп жүретін едік. Сондай тағылымды таратып айтатын, оқырманға, әсіресе, жастарға ой салатын, сөз қадірін түсінетін азаматпен сәті түсіп дидарластық. Ол – ең бастысы, адамдықтың, адалдықтың, туралықтың туын көтеріп жүрген Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, респуб­лика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер Рақымжан Елешев еді.

01-Рахымжан Елешев-2Оны бағалаған қазақ азбайды да тозбайды, жаһандану заманында жойылудан аман қалады

Қазақтың өмірлігі де, мәңгілігі де – елдігі. Біз осы туралы ой өлшемі биік, жан дүниесі сара, кісілік пен кішілікті, аға мен ініні, шәкірт пен ұстазды тең ұстаған зиялы қазақпен пікірлессек деп жүретін едік. Сондай тағылымды таратып айтатын, оқырманға, әсіресе, жастарға ой салатын, сөз қадірін түсінетін азаматпен сәті түсіп дидарластық. Ол – ең бастысы, адамдықтың, адалдықтың, туралықтың туын көтеріп жүрген Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, респуб­лика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер Рақымжан Елешев еді.

– Қазақ жұртына Қадыр деген атпен танылып, қадірлі болып өткен Қадыр Мырза Әлі «Адам өз өмірін еңбектеуден бастап, еңбектенумен аяқтайды» деген еді. Менің де өмірім осы сөйлем ішіне сыйып кетеді, – деп әңгіме тиегін ағытқан Рақымжан Елешұлы. – Мен текті ұлттың, қазақ деген жұрттың ұрпағымын. Атам қазақтан қалған тағылымды сөз аз ба?

– Сонда ұлт ұлыларынан қалған: «Құл тумадым, ұл тудым, түн тумадым, күн тудым», деген аталы қағидаға сүйе­ніп, қазаққа қызмет ету керек дейсіз ғой?

– Ойымның үстінен түстің. Өзің айтқан­­­дай, шындығында, кім өзін құл санайды? Әрқайсымыз бір-бір әлембіз. Басымыздан сөз асырмауға бейім жүреміз. Дегенмен, оның бәрі ұлт дегенде ысырылып қалуы керек-ау. «Құл тумадым, ұл тудым», дейді бабалар. Бұл түндей түнермей, күндей күлім­­­деп ұл сыйлаған ой түбегіндегі әр қазақ­­тың сөзі деп білем. Елбасы тәуелсіздік алғалы бері тіл туралы еттен өткізіп, сүйекке жеткізіп айтып келеді. Соны іліп әкетіп, орындауға келгенде басқа былай тұрсын, қазақтар неге енжармыз? Сыныққа сылтау іздеуге неге бейім тұрамыз? Биліктегілер тіп­ті шабан қимылдайды. Неге мемлекеттің иесі ретінде тілдің туын бір кісідей төбемізге көте­ріп жүрмейміз? Тіл оңалсын десек, алды­мен отбасын оңалту, ата-ананың намысын ояту керек. «Отанның иесі, тілдің тірегі сен­­сің, қазақ» дегенді санаға шегелеуіміз қажет.

– Ұлттың ұлылығы, тілдің тағдыры туралы ой тербеп: «Өзгемен теңесу үшін бізге тегеурінді қасиет қажет», деген академик те сәби болып дүние есігін ашып, бала болып өсті емес пе?

– Е, бауырым, қамшылай түсу ниетіңді ұқтым. Көктен екі аяғы салбырап түскен кім бар дейсің? Мен де бала болғанмын. Үлкендердің иманды бол, ибалы бол деген сөзін құлаққа құйғанмын. «Иманы бар адам ең әуелі парызын ойлайды, имансыз пенде өз пайдасын ғана ойлайды», деген Конфуций сөзіне ден қойдым. Кеңес заманында көп адамдар кедей отбасынан шықтық дейтін. Қазір керісінше, ататегін асырып көрсетіп, сол арқылы өзіне ұпай жинағысы келетіндер, биіктен қарауға бейім тұратындар бар. Рас, тегіңді біл, тегін шын білген тексіз, суаяқ болмайды. Салиқалы, салмақты, халықтың қадірлісі дәрежесінде жүреді. Тегін малданып, мардымсу –арлының ісі емес. Ондайлар табылып жатса, тектілерін құрметтеудің орнына, құлдыратады. «Мынау ма тегіне тартқаны», деп өзі әжуаға айналады.

– Айбынды сөзіңіз аузыңызда, байдың баласы, кедейдің баласы деген секілді қазақтың бірлігіне сызат түсіретін жастардың бірін жасытып, бірін тасытатын бәлекет басқаны қойып, балабақша мен мектептен орын ала бастады...

– Түсіндім. Оларды мен де байқап жүр­мін. Бұл қазақты біріктірмейді, ірітпесе. Аз қазаққа байлықты салыстыру да, жерге қарай бөліну де қатер. Әсіресе, мұндай жат қылықпен бейкүнә жас ұрпақтың санасын уламауымыз керек. Байлықты, бай мен кедей­ді емес, тәуелсіздікті, осы тәуелсіздікке қалай жеттік дегенді жастардың ойына ор­нықтыру қажет. Уақыт солай болып тұр деу ағаттық. Мемлекетшілдікті, көпшіл болу­­­­­ды, ұлт дегенде ұйи кететіндей әдетті қай-қайсымыз да естен шығармауымыз керек.

– Сіз бір сөзіңізде: «Жақсылық сатылмайды, солай болатынын ағаларымнан көріп өстім», деп едіңіз. Нарық заманында ұлы жыраулар «сауып ішер сүті жоқ» деген, ақшаңыз сүт болып «шашылып», көп нәрсе сонымен өлшенетін болды. Осы кесел қалталыны алға оздырып, менмен дегендердің біразы соларға бағынып, басын иіп, қалтасы кем кейін шегініп, көзге күйік болған тұста бұл айтқаныңыз ерсілеу естілмей ме?

– Ол адамына байланысты. Ақылы бар артыққа бармайды. Құлқын үшін күн кешкендерге әрине, дауа жоқ. Мен тұлдыр жетім едім. Шешем бір жарым жасымда өмірден озса, әкем соғыстан оралмай қалды. Мектепті «Алтын медальмен» бітірдім. «Сен бір отаншыл бала едің, Отанымыздың жүрегі Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институты біздің ауданға бір орын беріп отыр екен. Өте жақсы институт. Оны бітірген соң, шетелде қызмет етесің, елші боласың. Біз сені соған ұйғардық», деді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Ғайсин аға. Бірақ «Алтын медаль» қолға кеш тиіп, Мәскеуге бара алмай қалдым. Алматыға жол тарттым. Тау-кен институтына, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университетінде оқымақ ниеттемін. Құжатымды институтқа өткіздім. «Алтын медаль» иесі ретінде емтихан тапсырмайсың, оқуға түстің», деді. Артынан әлі күнге өзгермеген №286 дәрігерлік анықтама бойынша көзімде ақау бар көрінеді. Көзімнің көретінін, миымның істейтінін, денсаулығымның мықты екенін айтып шыр-пыр болдым. Тыңдар пенде табылмады. Әрі жүгіріп, бері жүгіріп түк шықпаған соң құжатымды алып, елге қайтайын деп вокзалға бет түзедім. Күн ұясына батып бара жатқан кез еді. Көшенің сол жағындағы ғимаратқа көзім түсіп кетті. Бұл қай мекеме екен деп, қадала қарасам «Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институты» деп жазып қойыпты. «Неге осында келмедім екен?» деген іштегі өкінішті сыртқа шығара алмай, қайта-қайта қарай бердім. Ғимарат алдында китель киген екі кісі әңгімелесіп тұр. Мен де сол екі адамнан көз алмаймын. Сәлден кейін шашы теңіз толқынындай толқып тұрған, сұңғақ бойлысы: «Әй, неғып жүрген баласың, сен?» деді. «Абитуриентпін, аға». «Қайдағы абитуриент? Қайда тапсырып едің?». «Тапсыра алмадым. Елге кетіп бара жатырмын». «Ә, құлап қалдың ба?». «Жоқ, аға. Құлаған жоқпын. Мен – медалиспін». «Медалиспін дейсің бе? Ме­далист сынақсыз қабылданбаушы ма еді?». «Мені де сынақсыз қабылдаған, бірақ...», деп күмілжідім. «Жөніңді айтшы, өзің қайдан келген баласың?». «Қаратөбеден». «Ә, Қаратөбеден? Ғарекеңнің, Құрманғалиевтің ауылынан ба?». «Иә, ағай». «Сенің мұнда кімің бар?». «Ешкімім де жоқ, аға». Көзіме жас іркіліп кетті. «Медалист деген қағазың қайда? Әкелші көрейін». Сандықшамды ашып, куәлікті ұсындым. «Сонда не дейді?». «Медициналық анықтамаң дұрыс емес», деді. Көзімді көріп тұрсыз ғой. Бәрін көреді, аға!». «Әй, оңбағандар-ай, ә? Обалыңа қалғанын қарашы! Біздің институтқа түскің келе ме? Енді мені кім қабылдайды, аға?». «Оқығың келе ме, соны айтшы?». «Келгенде қандай?». «Онда... – деп қасындағы кісіге жүзін бұрып, – сен ертең мына жігітпен жөндеп сөйлесші», деді. Келесі күні оқуға түстім. Осындай жақсылық жасаған адам Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин екенін естігенде, бар екен-ау, мейірімді жандар, деп толқыдым. Оқуға қабылдап тұрып Мәлік аға: «Ал, Рақымжан, студент болуыңмен құттықтаймын! Қалтаңда тиын-тебенің бар ма?» деді. «Бітіп қалып еді», деп жерге қарадым. «Алыстан келдің ғой, айналайын, абайлап жүр», деп отыз сом ақша ұстатты. Ол кездегі отыз сом деген керемет көп еді. «Аға, рахмет, аға рахмет», дей бергенім есте. «Тұлғалардан ешқашан өшпейтін із қалады, тыраштардан ештеңе өспейтін сыз қалады», деп батыр аға осылайша менің адаспай, адам болуыма жол ашты. Мен жер басып жүргенде оны ұмытуға тиісті емеспін. Үшінші курс­та Мәлік аға басқа жұмысқа ауысты да, орнына Серғали Толыбеков келді. Ардақты ұстазым ол азаматқа мені ерекше тапсырыпты. «Бұл бала екі туып, бір қалғаным емес, Серғали. Мен – Арқаданмын. Бұл – батыс­тан. Қазақпыз! Бітірген соң жақсы жұмысқа жібер, алып қалсаң да жөн болар еді», депті. Жақсының сөзін жақсы тастамайды екен. Серғали аға бір күні көріп қалып, өзіне шақырды. Шаңырақ көтергенімді естіген-ау, шамасы. «Қайда тұрып жатырсыңдар?» деді. Бір орыстың төрт керегесін жалдағанымды айттым. «Пәтерақысы біраз шығар, ә?» деді. «Бізбен бірге тұруға қалай қарайсыңдар?» дегенде, үндей алмадым. Ректормен бірге тұру ыңғайсыз шығар деген ой мазалады. «Қысылмаңдар, келіңдер», деді. Тұрғанай екеуміз төрт бөлмелі жер үйде екі жылдай бірге тұрдық. Әкелі-балалы, келінді-енелі күн кештік. Осы күні ойлаймын, бұл неткен ұлылық, қандай мейірімділік деп. Қазір ректор емес, ағайыныңның үйіне сыясың ба? Серғали ағаның жан дүниесі бай, ұлттың рухани құндылықтарын жетік білетін. Ғылымдағы ізденістері де соған негізделген болатын. Докторлық диссертациясының тақырыбы «Кочевой образ жизни казахов ХVІІ-ХVІІІ веках» деп аталатын. Соны бір емес, үш рет қорғауына тура келді. Бір жолы мені арнайы шақырды. «Менің қалай қорғайтынымды көр, күні ертең өзің де сондай сыннан өтесің», деді. Қорғау академияның үлкен залында өтті. Бес сағатқа созылды. Әлі есімде, бір ғалым ағамыз қыңырайып тұрып «А, что мы кочевой образ жизни казахов будем пропагандировать для будущего поколения? Какая в нем необходимость? В чем диссертальность этой работы?» деді. Серағаң мінезді еді. «Прежде чем открывать новый занавес, надо изучить что за занавесом находится. А казахи прошли такой тернистый путь и минуя целую эпоху стали наравне с другими нациями. Разве это не пример?» деді. Осы жолы ол кісіні тағы құлатты. Осыны еске түсіргенде заман өзгермей тұрмайтынын, қоғам алмасатынын, уақыт өтетінін: «Өмірді тоқтатарлық шамаң бар ма? Бәрі өтеді ғасыр мен замандар да! Менің жаным ашиды мына өмірді, Өтпейтіндей көретін адамдарға», деп тап басып айтқан ақиық ақын Мұқағали Мақатаев даралығына тәнті боламын. Кейін қорғап шықты. Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.

– Болымсыз ісін бұлдайтындар, бір ауыз сөзін құндайтындар кішкентай пенделер демексіз ғой?

– Солай. Ол кездің адамдары бұл күнде аңызға айналып барады. Тоқта десе қара­май­тын, ақша десе қалт тұра қалатындар осы асыл ағаларым туралы сөз қозғасам нем­құрайды тыңдайды. Бұл жақсылық емес. Олардың бойындағы мейірімнің арғы жағын­да ұлтымыздың ұлылығы жатыр. Одан қол үзуі түптің түбінде мәңгүрттікке апарады. Жасыратын несі бар, бас-басымызға тұлға болып кеткенде кешегілерді шаңға көміп, шалқаямыз. Ғылым, әдебиет, өнер, тағы басқа салаларда айтулы азаматтар болған. Солардың кейбіреулері іздеушісі жоқтықтан аттары ұмытылып, еңбектері елеусіз қалып барады. Мен сол себептен де ағаларымды бірінші ауызға алып отырамын. Мынандай іс бітірдім, жаңалық аштым, жарылқадым дегеннен гөрі солардың рухын тірілту, еңбегін жаңғырту, үлгісін айту – басты парызым. Мен туралы кейінгілер айтар. Біз осындай асыл қасиеттерімізді жалғастыруымыз керек. Анау батырлар жырының, билер сөзінің ауыздан-ауызға жетіп, бүгін ұлтқа қызмет етуі жақсы жалғастықтың нәтижесінен. Абай ақын айтқандай, өзіміз бас-басымызға би болсақ, алды-артымыз ұмытылады, кейін өзіміз де жоқ боламыз.

Иә, жақсының жанында, тектінің төңірегінде жүрсең, күбір-сыбырдан аулақ, турашыл болады екенсің. Бұрынғы КазПИ-ді бітіріп, Ауыл шаруашылығы институтына жұмысқа бардым. Химия кафедрасының меңгерушісі Бопан Өмірханқызы деген апай екен. Шыққан тегі, өскен ортасы жақсы емес пе, алаламады. Туған ұлындай көрді. Апамыз атақты Ермековтер әулетінен еді. Ол кезде туған ағасы Мүсілім Ермеков зооветеринарлық институттың ректоры болатын. Сол кісілермен жанаса жүріп, қазағы үшін шыбын жанын шүберекке түйген ардақтылармен таныстым. Олар Ленинмен сөз жарыстырған аңыз адам Әлімхан Ермеков, көнекөз Хамит Чурин, Ілияс Омаров, Қанабек Байсейітов, кішіпейіл Сәбит Мұқанов. «Дегдар адам алыстан көрсең – тәкаппар, айбынды, жақыннан көрсең, ізетті, мейірбан» (Конфуций) Ғабит Мүсірепов... көп қой, көп. Алатау қандай биік болса олар да сондай биік еді. Әңгімелері де керемет еді. Өткен тарихты, елдің болашағын, ұрпақтың тәрбиесін айтатын. Бәрі бірауыз орыс сөзін қоспай, таза қазақша сөйлейтін. Әлімхан аға Ермеков келісті кісі еді. Қазақ қандай болу керек дегенде, қырандай түлеп, тұлпардай озып, ой тербейтін айбатты да айбарлы еді. Әр сөзі мірдің оғындай өткір еді.

– Естелік кітабыңызда тағы бір аңыз ағаңыз Тайбеков туралы тебірене жазған екенсіз. Сол жайлы аз-кем айта кетсеңіз артық болмас еді.

– Кісіліктің, кішіліктің үлгісі еді – Елу­бай Бәзімұлы. Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ үкіметі төр­ағасы болған. Одан босаған соң Қазақ ауыл ­шаруашылығы институтына ректорлыққа келген. Мені қызметке қабылдап отырып: «Бізге қазақ керек. Химия кафедрасын Бопан Әмірханқызы басқарғанмен, қазақ жоқ. Ол кісінің қазақшасы нашар. Басқа ұлттар көп. Осыны ескеріп, биология кафедрасына барам деген өтінішіңді қабылдамай, химия кафедрасына жіберіп отырмын. Ылғи қазақ баласын оқытамыз. Неге қазақ тілді оқытушы кемшін? Өңкей тілі мүкістер. Жас екенсің, қазақылығың да аңғарылады. Осыны дұрыс жолға қоюымыз керек», деді де мұны проректор Қыпшақбаевқа да ескертті. Енді қарап отырсам, Мәскеудің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғанда, бұл неткен батырлық, неткен батыл­­дық деуге тура келеді. Кейбір азаматтар Одақ бізге билік бермеді деп жатады. Мынаған қарағанда олай емес сияқты. Ұлт­тық намыс, ұлттық қан, ұлт үшін шығар жан болса бәрін қапысыз атқарады екенсің. Сол жылы химия кафедрасына бірден үш адам алдық. Соның бірі кезінде министр болған, қазір шығыста ректорлық қызметте жүрген белгілі ғалым Ережеп Мәмбетқазиев еді.

– Сіз тілге жетіксіз. Арғы жырауларға, батырлар жырына, Абай ұлағатына, одан кейінгі арыстарымыздың сөзіне көп жүгінесіз. Соған қарағанда ауыл шаруашылығы ғылымымен қатар, рухани дүниені де көзден таса, көңілден тыс қалдырмайсыз-ау, сірә?

– Мен хат танығаннан бері халық өмірін көрсеткен жыр-дастандарды, әдебиетті, өнер туындыларын оқумен келемін. Абай өлеңдері мен қара сөздеріне жетікпін. Көпке мәлім, бір шетелдік таяу жылдары ғалым болам деп Абайға «ауыз салғаны» бар еді. Сонда мен қарсы шықтым, «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады», ұлы ақын ұлтына достықты айтқан. Ол қате болса, бас ақын аталар ма еді? Бәріміз Абай данышпан деп ардақтар ма едік? Абай мен қазақты бөлуге болмайды. Біріне бірін қарсы қою қате. Абай ондай жалған сөзге бағынбайтын алып. Бір замандары ниеті бұзықтар осылайша тиіскен. Бірақ жеңе алмаған, қолдары жетпеген. Мынау сұмдық іс. Абайдың орнын басар қайсың бар», деп сілкіндім. «Раха, әдебиетші болуыңыз керек екен», дегендерге мәселе әдебиетші болуда емес, мәселе Абайды қазаққа қарсы қоймауда. Оны түсінуге бәлендей дария ақылдың керегі жоқ шығар. Абай, қазақ дегенде мамандық емес, адамдық, пайдакүнемдік емес, елдік іс, ұлттық рух мойны озық тұрса болғаны», деп едім. Ақыры ол шетелдік ізін суытты. Абай өз тұғырында қасқайып қала берді.

Біз бала кезімізде жата жастанып батырлар жырын оқыдық. Ол керемет тәрбие құралы еді. Солардай ел мен жерді қорғасақ деп талпындық. Отаншылдық сезімінің оянуы, тілді сыйлау, сөз жауһарларын түсіну бойымызға содан қонған. Қазақ батырлары жүзге бөлінбеген. Бір шетіне жау тисе, екінші шеті көмекке келген. Оны қазақ даласында болған шапқыншылықтардан көруге болады. Қазақтың билері шешпеген дау, батырлары жеңбеген жау бар ма еді? Қазір ардақтылар тойын кіндік қаны тамған өңірде ғана атап өтетінді шығарды. Бұл қате тұжырым, ойланатын іс. Қазаққа дәл осы күні – жаманын жасырып, жақсысын асыратын кез. Күбір, сыбыр, анау мықты, мынау әлсіз деген жараспайды. Ондай жат қылық жастарды бүлдіреді. Жас ұрпақтың санасын улайды. Біздің жақ мықты екен, аналар нашар екен дегізеді. Ұлы ортақ, жақсы ортақ. Оны әркім өзіне тартуға қақысы жоқ.

– Бүкіл өміріңізді білім ісіне, ғылым әлеміне арнаған адамсыз. Бұл сала туралы да айтарыңыз аз емес шығар?

– Баршылық. Біз ұлттық университеттен бастап шағын жеке оқу орнына дейін Болон үрдісі бойынша оқытамыз деп жатырмыз. Жаңалық жақсы. Бірақ соған әзірміз бе? Осы сұрақ қатты ойландырады. Мен Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В.Садовничиймен ой бөліскенім бар еді. «Сіздер де Болон жүйесіне өттіңіздер. Оның талабын түгел орындап жатырсыздар ма?» дегенімде: «Бәрін орындау міндетті емес, керегін аламыз, керексізі қалады. Бізге ешкім 100 пайыз орында деп айта алмайды. Өйткені, өз алдымызға бағыт-бағдарымызды белгілеген ел емеспіз бе? Экономикалық индустрия, студенттер алмасу, ғылыми ізденістердегі тиімді жолдарды қолданысқа енгізу секілді қажеттерді аламыз», деді. Ал біз болсақ, талап осылай деп қабылдап жатырмыз. Содан білім жақсарды ма? Қайдам? Барды бағалай алмай, жүйесіздікке ұрынып қалған жоқпыз ба? Студенттердің білімге мән бере бермеуінен түңілемін. Кітаптың бетін ашпайды. Интернеттен көшіріп әкеледі, не болмаса біз жазған кітаптардан қиып-қиып алып, алдыңа тартады. Бұл қалай деп күйінеміз. Амал жоқ, көтерем үш қоюға мәжбүрміз. Күйіп кеткенде: «Қарғам-ау, білім маған емес, саған керек қой», дейсің. Бүкпесіз айтайын, сауатсыздық жайлап барады. Аты-жөндерін дұрыс жаза алмайтындар төбе көрсете бастады. Интернет, ұялы телефон керек шығар. Бірақ оның адамды, әсіресе, жастарды ізденуден, ойланудан, талпынудан аулақтатып бара жатқанын неге ескермейміз? Ойсыздар көп. Бірдеңе сұрасаң: «Интернетте солай», деп қасқайып тұрады. Бакалавриат, магистратура дегеніңіздің өзі бір түрлі болып барады. Магистр дәрежесі бұрын бакалаврды бітірген маманның жоғары білім алу сатысы деп есептелетін. Қазір­гі кезде магистратура жоғары білімнің жал­ғасы емес, бұрынғы аспирантура секілді док­тор Ph бірінші баспалдағы болып кетті. Оған түсетіндер саны көп емес. Сонда уни­вер­ситет бітіргендер жоғары білім алмауы керек пе? Себебі, бакалавр дегеніңіз толық аяқталмаған жоғары білім болып қалды. Біз жаңалықтарды еш есепсіз енгізу құмар­лығынан жоғары білімді маман деген дәре­жеден айырылып қалып отырмыз.

Ғылым да төмендеп барады. Грант бөлеміз дейді. Ол 2-3 млн. теңге көлемінде. Іргелі ғылымдарға мұндай іс жараспайды. Мен кезінде шетелден мал сатып алу дегенге қарсы шықтым. Артық шығын дедім. Оны «Егемен Қазақстан» газеті де қолдады. «Қате қадам» деген Қарақов есімді қарт зоотехниктің мақаласын бас­ты. Себебі, әкелген малдың жерсінуі қиын болады, өзіміздегі барды бағалайық, соны жетілдірейік, деп дәлел-дәйегімді алға тарттым. Тыңдар құлақ табылмады. Ақыры мемлекет қазынасын шашып, ұшақпен әспеттеп әкелген сиырлар қырылды. Оны бірінен бірі көріп, ақыр аяғы құрдымға кетірді. Ең өкініштісі, мемлекеттің қазынасы желге ұшты. Қазақ мал бағудан алдына жан салған ба? Қойды да, сиырды да, жылқыны да өсірген. Бірақ «жаңалықтың жаршылары»: «Шетелден жеткізген сиырды біздің адамдар баға алмайды, оқытамыз» деп әлекке түсті. Оқытты да. Бірақ олар бағатын мал таппай қалды. Осы секілді кейбір берекесіз ісімізден шикілік аз шығып жатқан жоқ.

Әңгімелескен

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар