Елорда • 17 Тамыз, 2020

Елордада жеке тұрғын үй секторында жылыту пештері тексеріліп жатыр

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Пешпен жылытылатын үйлерге улы газ датчиктері орнатылуда, - деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада жеке тұрғын үй секторында жылыту пештері тексеріліп жатыр

Жаңа жылыту маусымы қарсаңында Нұр-Сұлтанда жеке тұрғын үй секторын аралау басталды. Үйлердегі пештердің, мұржалар мен электр жылытқыштардың сапасын тексереді, ал тұрғындарға пеш жабдықтарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріледі.

"Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын суық түскенде және жылыту маусымы жақындаған сайын өрттің, қаза болу мен жарақаттанудың алдын алу мақсатында жеке тұрғын үй секторын аралау бойынша алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Олар екі кезеңге бөлінеді. Біріншісі – 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін; екіншісі -15 қыркүйектен жылыту кезеңінің соңына дейін. Департамент қызметкерлері аула аралап, рейдтер жүргізеді. Үгіт-насихат жұмыстары күшейтілетін болады", – деп хабарлады елордалық ТЖД.

Пештер мен мұржаларды орнату кезінде заң бұзушылықтар болған жағдайда, үй иесіне оларды жою бойынша ұсыныстар беріледі. ТЖД жылыту маусымы басталар алдында жылыту пештерін пайдалануға дайындау қажет екенін еске салады.

"Бірінші кезекте түтін мұржасын күйеден, сондай-ақ пештердің қатты қызатын беттерін жанғыш заттардан тазалау қажет", - деп атап өтті департамент өкілдері.

Пешпен жылытылатын үйлерде уланудың алдын алу үшін, улы газ датчиктері орнатылады. Өткен жылыту маусымында осындай құрылғылармен 1264 үй жабдықталды, оның 980-і халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне орнатылды.

Қыс мезгіліндегі өрттердің дені пеш жабдықтарын дұрыс пайдаланбау себебінен туындайды. Статистика бойынша, өткен жылыту маусымында елордада барлық өрттердің үштен бірі немесе 106-сы жеке тұрғын үй секторында орын алған.