24 Қазан, 2013

Әкімдер қолда бар алтынның қадірін қашан біледі?

294 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

IMG 6327Шыныңызды айтыңызшы, сіз жас балаңызды спортқа не үшін бересіз? Меніңше, кез келген ата-ана, ең алдымен: «Балам өзін өзі қорғап өссін, біреумен төбелесіп қалса, таяқ жеп қалмасын», деп ойлайды. Әрине, жаман ой емес. Бірақ, жас бала спортты тек төбелес үшін ғана керек екен деп түсініп қалуы әбден мүмкін ғой. Жалпы, біздің түсінігімізде спорт деген жарыс, бәсеке, сайыс екені жасырын емес. Содан ба, біз спортзалға барып жүрген жастарды қандай жарыстарға барғанына, қандай жүлде алға­нына қарай бағалаймыз. Түк жа­рысқа бармаған, ешқандай жүлде алмағандары бекерге уақыт өткізіп жүрген сияқты көрінеді. Ал, шын мәнінде, спорттан келер пайда ең алдымен, денсаулықтың мықты болуы емес пе?

 

IMG 6327

Шыныңызды айтыңызшы, сіз жас балаңызды спортқа не үшін бересіз? Меніңше, кез келген ата-ана, ең алдымен: «Балам өзін өзі қорғап өссін, біреумен төбелесіп қалса, таяқ жеп қалмасын», деп ойлайды. Әрине, жаман ой емес. Бірақ, жас бала спортты тек төбелес үшін ғана керек екен деп түсініп қалуы әбден мүмкін ғой. Жалпы, біздің түсінігімізде спорт деген жарыс, бәсеке, сайыс екені жасырын емес. Содан ба, біз спортзалға барып жүрген жастарды қандай жарыстарға барғанына, қандай жүлде алға­нына қарай бағалаймыз. Түк жа­рысқа бармаған, ешқандай жүлде алмағандары бекерге уақыт өткізіп жүрген сияқты көрінеді. Ал, шын мәнінде, спорттан келер пайда ең алдымен, денсаулықтың мықты болуы емес пе?

Бүгінде елімізде 3,6 миллион адам, яғни ел тұрғындарының 21,6 пайызы спорт, денешынықтыру жұмыстарымен айналысады екен. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаевтың айтуына қарағанда, өңірдегі 2,5 миллион адамның 480 мыңнан астамы спортпен айналысатын көрінеді. Облыста 76 спорт мектебі, спортты дамыту орталықтары бар. Спорт мек­тептерінде 56 мыңнан астам жас тәрбиеленуде. Спорттық ғима­раттар салуда да мақтан етер­лік жаңалықтар бар. Барлық талаптарға жауап беретін жү­зу бассейні, жеңіл атлетика ке­шен­дері ашылды. Футбол командасына арнап база салынып, бұдан бөлек, ату спортын дамытуға қажетті шаралар жасалуда.

Таяуда Шымкентте рес­пуб­ликалық «Ақ бидай» ауыл спорт ойын­дары өтті. Еліміздің спортшы жас­тарын байланыстыратын достықтың белгісіндей болған бұл жарыс әр төрт жыл сайын ұйымдастырылып, биыл бесінші мәрте өтіп отыр. Барлық облыстан келген қатысушылар бұл бәсекеде спорттың 12 тү­рі­нен бақ сынасты. Жарыс соңы­нан Шымкентте еліміздің Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің көшпелі алқа мәжі­лісі өтті. Қазақстанның бар­лық облысындағы спорт басшы­ларының басын қосқан жиында бұқаралық спортты дамыту және ұлттық құрама командаларды қалыптастырудағы өңірлердің рөлі жөнінде көптеген маңызды мәселелер ортаға салынды. Агенттік төрағасының орынбасары Е.Қанағатовтың мәлімдеуінше, респуб­ликада соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін ашу көңіл көншітерлік емес. Биыл Алматы, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында спорт­тық мектептер ашылған. Ал қал­ған өңірлерде бірде-бір спорт мектебін ашу жоспарланбаған.

– Осы орайда өткен жылы 6 спорт мектебін ашқан Оңтүстік Қа­зақстан облысын басқаларға үлгі ретінде көрсету керек. Көп мәсе­ле спортты басқарып отырған бас­шыларға байланысты. Спорт мектептерінің ашылмауы спортқа жетекшілік ететін басшылар беделінің төмен екенін немесе бұл мәселеге атүсті қарайтынын білдіреді, – деді бұл жөнінде Е. Қанағатов.

Агенттік басшылары, әсіресе, Атырау облысында спорттың дамуы өте төмен екеніне тоқталды. Небәрі 12 ғана спорт мектебі бар Атырауда спортшыларды тәрбиелеуге баса мән берілмеген соң, жетістік те аз. Тәуелсіздік алғалы бері мұнда бар-жоғы 8 ғана Олимпиада жолдамасы алынған. Халықты бұқаралық спортпен ең көп қамтыған Қара­ғанды, Қостанай, Павлодар облыстары болса, ең аз қамтылған өңірлер – Жамбыл, Маңғыстау жә­не Оңтүстік Қазақстан.

– Әйтсе де, ауылда спортпен айналысушылар артудың орны­на азайып барады, – дейді Агент­тік төрағасының орынбасары Т.Есентаев. – Оның басты себебі, өңірлерде бұқаралық спортты дамыту ең соңғы кезекте тұрады. Бар мәселе қаржыға барып тіреледі. Осының салдарынан өткен жылы балалар мен жасөспірімдер клубы 651-ден 608-ге дейін қысқарыпты. Сонымен бірге, спорт басшылары да барды ұқсата алмай, тірлікті қожыратып жіберген. Қазақтың жаны ауылда. Қазақ спортының даңқын асқақтатқан саңлақ спорт­шылардың көпшілігі осы ауылдан шыққан. Енді осы ауыл спорты­на деген немқұрайдылыққа балта шабатын кез келді.

Бұқаралық спортты дамыту облыс әкімдерінің рейтингісіне кіретінін ескертіп өткен Т.Есен­таев, әсіресе, балалар спортына ерекше көңіл бөлу қажет дейді. 2013 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерде денешынықтыру сабақтары бұрынғыдай аптасына 3 рет өткізілетін болды. Әйелдер спорты да кенжелеп тұр. Ресми мәліметтер бойынша, спортпен айналысатын әйелдердің саны жалпы көрсеткіштің 27 пайызын құрайды. Ал ауылда ол 11 пайыз ғана. Бірқатар аудандарда спорт бөлімдері өз алдына дербес құрылмаған. Кейбір спорт бөлім­дерінде денешынықтыру сала­сының мамандары мүлдем жоқ.

Жиында Агенттік төрағасы Ерлан Қожағапанов көрсеткіші төмен тартып тұрған облыстардың спорт басқармаларының басшыларын орнынан тұрғызып, біраз қара терге түсірді. Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт басқармасының бастығы Әлібек Нұртаев екі мәселе бойынша жауап берді. Біріншісі – облыста 2,5 миллион халыққа бар-жоғы 84 спорт нұсқаушы жұмыс істейді. Ал жарты миллионға жуық халық тұратын Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Шардара аудандарында бірде-бір нұсқаушы жоқ. Бұл қалай? Екінші мәселе Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында және Кентау, Түркістан қалаларында денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық шаралармен ай­на­лысқаны үшін қосымша ақы төленбеген. «Бір тиын да берілмеген. Бұл – өте күрделі мәселе. Кезінде Үкіметтің алдына қой­ған­быз. Әкімдерге тапсырма бергенбіз. Неге төленбейді?» деп мәселені төтесінен қойған Агенттік төрағасының сауалына Әлібек Нұртаев: «Кемшілік жоқ емес, бар, алдағы уақытта бұл мәселені шешеміз. Талдау жасалды, облыстық бюджетке ұсыныс беріп жатырмыз», деген жауап қайтарды.

Жиынды қорытындылаған Е.Қо­жа­­ға­панов алдағы уақыт­та респуб­ликаның әр өңірін­де спорттық сауық­тыру кешен­дері салынатынын, оның құры­лысының 70 пайызы респуб­лика­лық бюджеттен, қалған 30 пайы­зы жергілікті бюджеттен қар­жы­ландырылатынын мәлім етті. Бір жылда 20-30-ға жуық кешен салу көзделген. Мұндай кешендер бірінші кезекте спорт жақсы дамып келе жатқан өңірлерде салынбақ. Денешынықтыру пәні мұғалімдерінің жалақысын көтеру де күн тәртібіне қойылып отыр. Оқушыларды спортқа көп тартқан сайын олардың жалақысы да көбейе беретін болады.

Елбасының: «Әр облыс бір Олимпиада чемпионын шығаруы тиіс», деген тапсырмасын тілге тиек еткен төраға: «Бір ғана мысал, О.Рыпакова әлем чемпионы болған кезде федерация оған 50 мың теңге сыйақы берді. Ал М.Раков әлем чемпионы болған кезде Қарағанды облысы оған қымбат көлік, пәтер және 100 мың доллар берді. Міне, чемпиондарға деген көзқарастың әртүрлі екенін осыдан-ақ байқауға болады», – деді. Төраға «чемпиондардың ішкі миграция­сы да бізге қажет» де­генді алға тартты. Нақты­рақ айтсақ, елеусіз қалған спорт­шы­лар өз қадірін білетін өзге облыс­тарға кетіп, сол өңірдің атынан жа­рыстарға қатысуға құқылы. Бұл бәсекелестікті арттырып, әкімдерді қолда бар алтынның қадірін білуді еске салады.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.