Аймақтар • 17 Тамыз, 2020

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Шымкенттің туристік нысандарымен танысты

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков Шымкент қаласына арнайы іс-сапармен келді. Сапар барысында комитет төрағасы шаһардың бірнеше туристік нысандарын аралап, сала мамандарымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Шымкенттің туристік нысандарымен танысты

Құрметті қонақ ең алдымен қаланың қақ ортасындағы бұлақ суы – Қошқар ата өзеніне, оның жанындағы көптеген танымал, тарихи және мәдени серуендердің бастауы болатын Ордабасы алаңына, ежелгі Цитадель мен  Тәуелсіздік саябағына ат басын бұрды. Аталған орындарды туристік нысан ретінде дамыту бойынша бірнеше ұсыныстарын айтып, туризм басқармасының жаңа жобаларымен танысты. Сондай-ақ, ескі қалашық Цитаделге арнайы тоқталып, ондағы археолог-тарихшылармен, жоба үйлестірушілермен кездесті. 

– Цитадель – Шымкент қаласындағы ең тарихи, әрі туристік нысан болады. Жобаның аяқталғандағы келбеті мен шаһардың сол кездегі тарихын тамашалауға  бәріміз асықпыз. Мұнда жалпы Қазақстанды тануға құштар тарихшылар мен туристерді де тартатын боламыз. Сол себепті атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығы мен маңыздылығын абыроймен атқаратындарыңызға сенемін, – деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ, Д. Рыспеков Шымкенттегі отбасылық қолөнершілер Б.Бейсбековтер шаңырағында болып, қазақтың дәстүрлі бұйымдары мен туристерге ұсынылатын түрлі жабдықтармен танысты. Бұрыңғы замандағы ұлттық киімдер мен алашалар, ағаштан жасалған домбыра, ыдыс-аяқ, сан алуан картиналар мен қыштан жасалған бұйымдарды тамашалап, өз ісінің шеберлеріне ризашылығын білдірді.

Сапар соңында құрметті қонақ Қазақстанда ең алғаш ашылған А.Асқаров атындағы Дендросаябақ пен Бәйдібек би ескерткішінде болып, Этонауылдың тыныс-тіршілігіне куә болды.

Жақында туризм басқармасының бастамасымен қаламызда туристерге арналған ақпараттық дүңгіршектер ашылып, навигациялық стеллалар қойыла бастаған еді. Сондай-ақ, қаланың көрікті жерлерімен таныстыратын интерактивті кітап пен 3Д көзілдірігі ұсынылымға әзірленуде.