Тағы бір кемшілігі – шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі аз, жыл сайын шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары арасында жайылым үшін дау туындап жатады. Ауданның шаруалары бидай, мал азығы дақылдарын егуді келістіре алмай жүр.
– Иә, жайылымдық, шабындық жерлер иелігі күрделі мәселелердің бірі. Айталық, бірнеше жыл бойы игерілмеген, бос жатқан жер телімдерінің иелерін табу қиын. Ауыл тұрғындары сондай жердің шөбін шаба бастаса, аяқастынан қожайыны жетіп келеді. Аудан аумағындағы бірнеше жыл бойы пайдаланылмай жатқан көптеген жер телімдерін мемлекетке қайтару үшін сотқа бердік. Алайда көп жағдайда аудандық сот жерді пайдалану құқығын бір жылға созып, жеке адамның пайдасына шешіп беріп жүр,– дейді аудан әкімінің орынбасары Әнуарбек Қонжар.
Суармалы шаруашылықтарды дамытуға байланысты ауданда қолға алынған 13 жобаның ең ірісі – Тамды су тоғанын қалпына келтіру. Алғада жерасты бұлақтары көп болса да, сол бұлақтармен жалғасқан өзен арналары кеуіп жатыр. Себебі су көздері, шлюздер тазаланбайды, суы тайызданып, жіңішкерген өзен арналары қамыс, қоқыстан аршылмайды. Бұл күнде егіс алқаптарына көң төгу, ерте көктемде қар тоқтату жұмыстары ұмытылды.
Нубия ешкісі, африкалық жайын
Биылғы жарты жылда «Жұмыспен қамту бағдарламасымен» ауданда 600 жұмыс орны ашылды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау бизнес» кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша жергілікті филиалынан оқып шыққан 350 азаматтың ішінен 10 адам бизнес жобаларын мақұлдатып, әрқайсысы 550 мың теңгеден қайтарымсыз грант алды. Сөйтіп, ешкі, сиыр, қоян өсіріп, жылыжай салуға кіріскен.
Ешкі өсірумен шұғылданғысы келген бір азамат Шекшек ата түлігінің заанен тұқымын сатып алуды жоспарлаған. Бір сауғанда 4 литр сүт беретін бұл ешкінің біреуі 100 мың теңге тұрады екен. Күніне екі сағат далада жайылады, көп жемді қажет етпейді. Алғада ешкінің 1 литр сүті – 800 теңге, ал сиыр сүті – 200 теңге тұрады.
– Заанен ешкілерін ең әуелі Маржанбұлақта тұратын Андрей деген жігіт Орынбордан сатып әкеліп, тұқымын көбейтті. Кейін басқалар Андрейден сатып алды. Қазір Андрейдің сүтті ешкілерін африкалық ешкілермен будандастырылған Нубия ешкілері ығыстыра бастады, – дейді Ә.Қонжар.
Кәсіпкерлер палатасынан 550 мың теңгеге қайтарымсыз грант алған тағы бір азамат Алғаның суларына африкалық жайын өсіріп жатыр. Бүгінде еліміздің оңтүстік облыстарында балықтың осы түрін үш ай өсіріп, сатылымға шығарады.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұркен Бердібаевтың айтуынша, биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша жастардың, аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар және мүгедектігі бар азаматтар арасынан 80 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. «Атамекеннің» Алға аудандық филиалындағы оқу орталығынан шілде мен маусым айларында 40 тұрғын онлайн оқыды. 30 азамат 130 млн теңгеге шағын несие ресімдеді.
– Бір күрделі мәселе – несие алған кезде кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлік талапқа сай келмей жатады. Банктер ауыл үйлерін кепілге алуға құлықсыз. Мұндай кезде банктер сұралған соманың тек 50 пайызын береді. Мәселен, тұрғын үй 5 млн теңге деп бағаланса, банк несиені 2,5 млн теңгеге ресімдейді, – дейді Н.Бердібаев.
Ақтөбедегі «Табыс» коммуналдық базарында жыл бойы өткізілетін ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесіне алғалық шаруалар үнемі қатысатын. Карантин кезінде коммуналдық базар жабық болғанымен, қайтарымсыз грантқа сиыр, ешкі, тауық сатып алған шаруалардың өнімдерін қала тұрғындарына жеткізу қызметін қазіргі кезде Алғаның таксистері атқарып жүр.
Әрекетке – берекет
2019 жылы Алға ауданында 1500 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, биыл көмек 259 отбасына ғана мақұлданған. Көмек алушылар қатарының сиреген себебін Ә.Қонжар:
– Атаулы әлеуметтік көмек төлеу тәртібі өзгергендіктен, азаматтардың еңбекке құлшынысы артты. Бұл көмек бүгінде отбасы табысының жетпейтін бөлігіне ғана төленеді, әр азаматқа әртүрлі шығады. Соған қарамастан 1000 теңге шықса да, көмек алуға құжат тапсыратын осал топтар бар. Бұған қоса атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас арасында қанша баласы болса, әр балаға бөлек азық-түлік пакеті беріледі. Мұндағы әр пакеттің құны – 4700 теңге. Бекітілген нұсқаулыққа сәйкес осы сомаға керек-жарақ саламыз. Мәселен, көмек алатын отбасының 2 баласы болса – екі пакет, үш баласы болса – үш пакет беріледі. Қазір әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсыру керек. Жұмыссыз азаматтарға жұмыс ұсынамыз, бас тартса – мемлекеттен берілетін жәрдемақы тоқтайды. Nur Otan партиясы филиалы төтенше жағдай кезінде Алғада тұратын көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайлары нашар отбасыларға 50 мың теңгеден таратты. Бірақ сұрамсақтанып келе беретін азаматтар да бар. Кей жағдайда әлеуметтік көмек нағыз мұқтаж адамдарға берілмеген жағдайлар да кездеседі. Өйткені бұл адамдар жоқ болса да сұрауға арланады, – деп түсіндірді.
Алға ауданы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге өте қолайлы. Аз ғана халқы бар Талдысай ауылының табиғаты тамаша, мұнда тоғыз жылдық мектеп пен медициналық амбулатория бар. Жері қара топырақты, ауыл ортасынан бұлақ ағып жатыр, жан-жағы қайың, үйеңкі, терек, жабайы қарақат, таңқурай. Лай кесектен құйылған, қамыспен мұқият жабылған тоқал тамдар, талдан тоқылған шарбақтар бұрын осы өлкеде украин ұлтының адамдары бірлесе тіршілік еткенін айғақтағандай, бір қарағанда хуторларды еске түсіреді. Осы ауылдың тұрғыны, атаулы әлеуметтік көмекке екі сиыр сатып алған көпбалалы ана Гүлнұр Қошқарбаева мал басын бір жарым жылдың ішінде жеті басқа жеткізіпті.
– Мен 2018 жылдың көктемінде 7 балама 300 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алдым. Оның 250 мың теңгесіне баспағымен қоса бір сиыр, қалғанына жемшөп алдым. Екінші жарты жылға осындай сома тағы түскенде, еш ойланбастан тағы бір сиыр алдым. Балаларымның алды азамат болып қалды. Биыл атаулы әлеуметтік көмек қысқарғанымен, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін грант бөлінетінін естіп, аудандық жұмыспен қамту орталығына бардым. Оның алдында Бестамақ ауылының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Болатбек Қанғожин грант алудың тәртібін түсіндірді. Мен «Келіспейтін шаруа ғой» дегенімде, Болатбек ағай: «Әрине әрекет етпей отыра берсеңіздер, ешқашан да шаруа келіспейді. Алға ұмтылыс жасап көрмейсіздер ме!» деді. Осы кісінің сөзі қамшы болып, «Атамекеннің» Алғадағы филиалында кәсіпкерлік негіздеріне бір ай оқып, 555 мың теңге грант алдым. Оқып жүрген уақытымда 14 мың теңге стипендия да берді. Өзім қойшының қызымын, малдың жайын жақсы білемін. Енді осы грантқа меринос тұқымды қойлар алуды жоспарлап отырмыз. Күйеуім екеуміз Хромтау ауданындағы меринос өсіретін бір шаруашылықтан сатып аламыз. Меринос қойдың жүнінен көрпе тігіп, шұлық, кеудеше тоқып сатқым келеді, – дейді жеті баланың анасы.
Ауыз судың сұрауы бар
Жаз басталса Алғада жыл сайын ауыз су тапшылығы туады. Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов бәріне ауыз сумен бақша суарғандар кінәлі деп санайды. Жаздың үш айында су үшін тұрғындармен шайқасатын басшының басты ұстанымы – бақша еккен тұрғын өз шарбағынан ұңғы қазып алуға тиіс.
– Ауыз сумен бақша суару – заңсыз. Оның сметалық құжатпен бекітілген шектік мөлшері бар. Мәселен, күніне құбырмен 3 мың текше метр су жіберілуі керек болса, тұрғындар 6 мың текше метр қолданады. Жоба артық жасалып, 3 мыңға тағы 1500 текше метр қосылды. Адамдар осы артығымен бөлінетін қорды да жеп жатыр. Неге? Өйткені таңертең тұрған бойы бақшаға құбырды ашып тастайды да, кетіп қалады. Сөйтіп бар су құбырға жақын үйлерден ауыспайды. Көшенің кейінгі басындағыларға жетпегесін «су жоқ» деген айқай-шу да басталады. Су тапшылығының негізгі себебі осы. Бізде маусым, шілде, тамыздың соңына дейін судың дауы қызады. Ал жылдың басқа мезгілдерінде мұндай мәселе жоқ. Біздің міндетіміз – тұрғындарымызды ауыз сумен қамтамасыз ету. Ауыз суды бақшаға пайдалану міндетімізге кірмейді. Бау-бақша егуге ұңғы қазып алсын деген нұсқауды орындамағандарға айыппұл салу туралы тапсырма бердік. Соның нәтижесі болар, қазір Алға қаласында жеке адамдар 45 ұңғы, Маржанбұлақта 34 ұңғы қазып, үйіне су өткізіп алды. Аудан орталығы Алғада ауыз су 8-34 метрден, Маржанбұлақ ауылында 110 метрден, Тамдыда 78 метр тереңнен шықты. Ал бау-бақша суаруға 12-15 метрден шыға береді, одан тереңдесе ауыз суға ілінеді, – дейді М.Аққағазов.
Шағын және орта кәсіпкерлік нысаны аз, жұмыс орындарын құру бойынша әлі де алға оза алмай жатқан Алға ауданы карантин кезінде осылай тіршілік етіп жатыр. Тұрғындар көкөніс пен мал азығы дақылдарын көптеп өсіруге белсенді емес. Бір жағынан, өнім жауын-шашынның түсуіне байланысты, екінші жағынан оны сату мен тасымалдау жұмысы да жүйеге келтірілмеген. Бұл жерде техникасы аз шағын шаруашылықтар ұтылады.
Баян СӘРСЕМБИНА
Ақтөбе облысы,
Алға ауданы