Қоғам • 18 Тамыз, 2020

Сананы тұқыртқан зорлықтардың зияны

160 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2019 жылы «Егеменнің» 100 жылды­ғына арналып, әр кезеңде осы газетте жарияланған таңдамалы мақала­лар­дың «Жүз жылдық жылнама» атты бес томдығы жарық көрген еді. Бұл мақа­лалардың бәрі де сол кездегі өмірі­мізден сыр шерткен, сол заманның тыны­сын сездіретін кілең маңызды дүниелер. Соның ішінде 1957 жылғы 5 ақпанда жарияланған бір мақала аттап кетуге болмайтын әсер қалдырды. Бұл әлі сталиндік тоңның толық жібімеген, хрущевтік жылымықтың әлі толық күшіне енбеген кезі еді.

Сананы тұқыртқан зорлықтардың зияны

Көзімізді сүріндірген мақаланың «Бір зиянды мақала туралы» (әріп ерекшелігін өзгертпедік Ж.С.) деген атауының өзі адамның тұла бойын түршіктіреді (5 том, 105-108 бб). Мәселе, қазақтың үлкен патриот ұлы, тіл жанашыры, көрнекті ғалым, фольклортанушы профессор Рахманқұл Бердібаевтың отыз жасында «Көкшетау правдасы» газетіне жариялаған мақаласына байланысты екен.

Осының алдында, «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің меңгерушісі болып жүрген Рахаң 1955 жылы «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақаласын жариялап, онда қазақ тілінің қолданыс аясының күннен-күнге қусырылып бара жатқанын үлкен проблема етіп жазған еді. Оған қарсы империяның сойылын соғушы ұрдажықтар өре түрегеліп, қазақ тілінің мәселесін көтергені үшін жас ғалымды қатты айыптап, жерден алып, жерге салған. Егер Сталин тірі болса бәлки айдалып кеткендей-ақ екен, әйтеуір бұл кезде репрессияның қайқы қылышы мұқала бастаған еді.

Содан кейін жас ғалым орталық басылымдарда бұл мәселені көтере алмайтын болғандықтан аймақтық басылымдардың бірі – «Көкшетау правдасы» газетіне өзінің бұрынғы бастаған ойын өрбітіп жаңа мақала жазған екен. Салпаңқұлақ жандайшап­тар­дың көзіне түсіп, «Социалистік Қазақстан» газетіне айыптау мақаласын жаздырып отырған сол.

Мұндай айыптау мақалада автордың аты-жөні де көрсетілмей, тек редакцияның атауы жазылатын тәртіп болғаны көрініп тұр. Бәлки мұндай дүниелер жоғары билік – Орталық партия комитетінің өзінен келуі де мүмкін. Өйткені, газет сол ұйымның органы деп аталады ғой. Сондықтан мұндай «сойыпсалдың» нақ кімнің қаламынан туғанын біле алмадық. Ал енді мақала авторы не дейтініне тоқталайық. «Амал не, сөз болғалы отырған мақаласында да Р.Бердібаев өзінің алдыңғы мақаласында жіберген қателерін қайталады. Онда автор қазақ тілі жөнінде Қазақстанда «озбырлық» болып отыр десе, бұл мақаласында мәдени мұраларды бағалауда «озбырлық» бар дейді. Бірақ мақала авторы пікірлерінің ешқайсы да дәлелді емес, ол соңғы мақаласын да бұрынғыша даурықпа, айғай-шуға құрған».

Міне осылай, ол кездегі билік тіл мәселесін, мәдени мұралар жайын айтқан дүниенің бәрін тек «саяси қателік», «идеологияға жат пікір» деп қабылдаған. Сондықтан әрине, мұндай мәселелерді көтеруге де болмайтын. Қатені түзетейік деудің өзі «Кеңес өкіметін құлатайық» деген мағынада қабылданған сияқты. Сондай тұншықтырудың, ұлттық дүниенің бәрін бұқтырудың салқыны күні бүгінге келіп, қазақтың көбі өзін «қазақпын» деп ашық айтудан әлі күнге жасқанады.

Қазақ тіліне қарсы сол кеңестік қанқұйлы заманнан басталған озбырлық оны қатардан шы­ғаруға барынша тырысты. Ұлттық мұра­лардың бәрін «зиянды», «пайдасыз» деген баға­лармен тұқыртты. Рахаң өзінің мақа­ласын­да жұқалап қана қазақ әдебиеті тари­хын қайта қарауды ұсынса, оны бетіне бетпер­де жамылған белгісіз автор: «қайта қарау» арқылы бір кезде партия қатты айыптаған, ғылымға жат «бірыңғай ағым» теориясына қайта итермелеп отыр», деп кінәлайды. Әде­биет тарихына бұрын сызылып қалған ұлт­тық мұраларды кіргізудің өзін билік өкілі жарадай көріп: «тарихқа мынаны кір­гізу керек, мынаны кіргізбеу керек деген ешбір тізімнің болмағаны, ондай тізімнің еш уақыт­та ешкімнің ұсынбағаны, ендеше қайта қарала­тын еш тізімнің жоқтығы кімге мәлім емес» деп доқ көрсетеді. Тек партия берген тарихты ғана мүжгілеп, соның шеңберінен шықпау керектігін ол: «әңгіме тарихты «қайта қарау» емес, әдебиет тарихын зерттеу ісін жақсарту жөнінде болуға тиісті» деп өзінің солақай бағдарын шегелей түседі.

Басқасын былай қойғанда бұл кезде қазақтың «Батырлар жырынан» тек Қамбар батыр ғана оқытылатын. Өйткені ол «тоқсан ауыл тобырдың», яғни кедейлердің өкілі. Ал қалған «Байбөрі деген бай бопты, Төрт түлігі сай бопты» деген «байлардан шыққан» батырлар «тап жауы» болғандықтан, әдебиет тарихына енгізілмеген. Әдебиет тек таптық тұрғыдан таныстырылатын. Оның әдеби көркемдігі, тарихи шындығы, халық санасын оятатын ақыл-ойы, әсем тілі, терең парасаты, беретін білімі – бәр-бәрі қазақ жастарына керексіз деп бағаланған. «Р.Бердібаев өткен заманнан қал­ған мұраны әділ зерттеп, бағалаудың орны­на оның бәрін әдебиеттің «алтын қорына» қосу­ды ұсынады», деп шошынады белгісіз ав­тор. «Ол заманда үстем тап тудырған, со­лар­дың мүддесін жырлаған әдебиет те бол­ға­нын Р.Бердібаев білмей ме? Ендеше әр шығармаға маркстік-лениндік ғылым тұрғысынан баға беруге ол неге қарсы?» деп жазғырады ол ғалымды. Сонымен бірге бетперделі автор «Көкшетау правдасының» редакторы Ө.Оспанов пен оның алдында Р.Бердібаевтың тағы бір мақаласын басқызған «Әдебиет және искусство» журналының авторы З.Қабдоловты да жазғырып, «ғылыми негізсіз, әдебиет тарихын зерттеу мәселесінде партияның саясатынан ауытқушылыққа жол берген» материалдарды жариялаған деп жазғырыпты. Мұның ар жағы екі редакторға да соққы болып тигені белгілі.

Міне осылай, ұлттық дүние туралы жылт еткен жақсы дүние шықса қазақтың өз қолымен өзін тоқпақтап, ес жинатпастай бұқ­ты­рып отырған. Содан соң қазақы дүниені ғалымдар қалай мақтасын, ұлттық дүниені қалай ұлықтасын, тек қана жамандауға мәжбүр болған. Тарихқа ешқашан терең бойламаған, Тайыр Жароков айтқандай: «Өзім де қумын, Октябрьден ары аттап баспаймын» деп ақын-жазушыларымыздың, ғалымдарымыздың бәрі тобанаяқ болып қалды. Оның кесірі халыққа тиіп, өз асылдарына өздерінің қолы жетпеді.

Бүгінгі жастарға осындай тарихтың да бол­ға­нын біле жүрген жөн. Бәлки кейбіреу­лер­дің жүрегінде сондай зорлықтарға қарсы сананың оты тұтанып, өзін танып, біле түсуге деген қызы­ғу­шылық туар. Біз осы күнге дейін қанды им­пе­рия­ның қазақты аштан қырғанын ғана жақ­сы білеміз, ал рухани жағымыздан ойсыратып, қа­наты қайырылған аққудай болғанымызды көп біле бермейміз. Қаншама ұлттық мұралар ал­тын қорларға енгізілмей, бірнеше ұрпақтың сана­сына сіңірілмеді. Соның кесірінен өзін өзі біл­мейтін ұрпақ өсті. Тез арада орыстанып кете­тін балаларымыз сондай зорлықтардың нәти­жесі болғанын де біле жүруіміз керек. Рухани жаңғыру бізге ең бастысы осы үшін керек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы