25 Қазан, 2013

Әйел әкімдер әлеуетті болуы үшін

536 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ қоғамында әйел айрықша маңызға ие. Олардың отбасы берекесінің ұйытқысы, ұрпақ жалғастырушы және тәрбиелеуші ретіндегі табиғи рөліне қазір жаңа міндеттер жүктелді. Дұрысын айтқанда, қыз-келіншектерге көшбасшылық, белсенділік, жетекшілік және табыскерлік пен іскерлік секілді қырларын таныту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.

 

Қазақ қоғамында әйел айрықша маңызға ие. Олардың отбасы берекесінің ұйытқысы, ұрпақ жалғастырушы және тәрбиелеуші ретіндегі табиғи рөліне қазір жаңа міндеттер жүктелді. Дұрысын айтқанда, қыз-келіншектерге көшбасшылық, белсенділік, жетекшілік және табыскерлік пен іскерлік секілді қырларын таныту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.

Елімізде әлеуметтік-экономикалық даму үрдісінің маңызды бағыты және тиімді механизмі ретінде гендерлік саясат мәселесіне зор көңіл бөлінуде. Елбасы Н.Назарбаевтың 2016 жылға дейін мемлекеттік басқару органдарындағы әйелдер үлесін 30 пайызға дейін көтеруді міндеттеуі, ел Үкіметі тарапынан «Қазақстан Республикасының гендерлік саясат тұжырымдамасының» қабылдануы осының айғағы. Гендерлік сая­сатты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жүрген Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Әйелдер iстерi және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Ақтау қаласында Маңғыстау облысы әкімдігімен бірге «Ауылдық аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту: гендерлік аспект» тақырыбында өңірлік семинар-кеңес өткізді. Ауылдық округтердің жақында сайланған әйел әкімдеріне қолдау көрсету және олардың әлеуетін арттыру мақсатындағы семинарға Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, комиссия төрайымы Г.Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаты А.Соловьева, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында ауылдық жерлердің әкімдік тізгінін ұстаған қыз-келіншектер қатысты.

Гендерлік саясаттың елімізде табысты жүзеге асырылу үрдісіне тоқталған аймақ басшысы А.Айдарбаев мұнайлы өлкедегі қыз-келіншектердің белсенділігі мен мемлекеттік қызметтегі үлес салмағын саралады.

– Маңғыстауда 286 мың әйел тұрады, бұл – тұрғындардың 51 пайызы. Облыс экономикасында олардың үлесі 47 пайызды құрайды. Әйелдер өндірістің барлық салаларында еңбек етуде, бірақ денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызмет секілді дәстүрлі «әйелдік» салаларда олардың саны басым болып келеді. Статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда барлық педагогтардың – 70, медицина қызметкерлерінің 80 пайызы әйелдер болып табылады. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы әйелдердің үлесінде. 303 әйел облыстың әртүрлі   мемлекеттік мекемелерін басқаруда. 7 мың шағын және орта кәсіпорынның 2 мыңға жуығын әйелдер басқарып отыр. Өңірдің әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге – отбасы, әйелдер мен балалар мүдделерін қорғау салаларында әйел әріптестер жетекшілік ететін 15 үкіметтік емес ұйым белсенді қатысуда, – деді әкім.

Г.Әбдіқалықова гендерлік сая­сатты өрістету бағытындағы жұмыстар туралы, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Сүлеймен әкімдер сайлауы кезіндегі әйелдердің қатысуы бағытында ой өрбітті. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Х.Нұрғалиева аймақтағы әйелдердің белсенділігі, олардың мемлекеттік қызметке, партиялық іске, қоғамдық істерге араласуы мен жетекші болуы, облыста гендерлік саясатты дамыту бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталды.

Ел басқару нәзік жандылар үшін оңай жұмыс емес. Сол себепті оларға қолдау көрсету, жұмыс жүргізудің тиімді құралдарымен, тетіктерімен таныс­тыруды күн тәртібіне қойған семинарда «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламаларын жүзеге асыру үшін не жасалуы қажет, баламалы энергия көздерін пайдалану мен шағын кәсіпкерліктің жаңа бағыттарын дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін азаматтық қоғамды қатыстыру мәселелері түсіндіріліп, қажетті бағыт-бағдарлар назарға берілді. Әр тақырыпта сөз алған баяндамашылар жаңа әкімдерге қажетті деген тұстарды айрықша түсіндіруге тырысты.

«Жергілікті өзін өзі басқару – өңірді дамыту факторы ретінде» тақырыбында сөз сөйлеген БҰҰ бірлескен жобасының жетекшісі Ж.Жибраева Шығыс Қазақстан облысындағы жергілікті өзін өзі басқару тәжірибесімен бөлісті. Қазақтың ұлттық тағамдарының құндылығы мен құпияларын зерттеу арқылы ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жобасын бастап, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын қалай жақсартуға болатындығын талқыға салған, гендерлік саясатты арттыру бағытындағы шеберлік-сыныптар мен семинар-тренингтер өткізген басқосуда Маңғыстау облысының саясаткер әйелдер клубы құрылды. Жергілікті кәсіпкер Ұ.Ахметованың «Қолжетімді баспана» бағдарламасын іске асыру жұмысымен танысқан Г.Әбдіқалықова бастаған қонақтар аталған клубтың алғашқы отырысын өткізді. Батыстан бастау алған мұндай жиындар оңтүстік, шығыс өңірлерде жалғасын таппақ.

Маңғыстауда өткен басқосу ел тізгінін қолына алып, жауапкершілік жүгін арқалаған әйел әкімдер үшін пайдалы кеңестер беріп, қызметті сапалы жүргізудің тетіктерін үйренуге себеп болса, ең бастысы – осы. Халықтың әкімнен күтері әділдік пен іскерлік, әкім ханшайымдардың бұл талап тезіне қалай төтеп берерін уақыт көрсетеді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер қалашығында 500 түп ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 16:19