15 тамыз күні сағат 21:30 шамасында "102" нөміріне Әл-Фараби ауданының тұрғыны баласының жоғалып қалғанын хабарлаған. Осы хабарлама бойынша Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Патрульдік полиция полкінің №966 автоэкипаж қызметкерлері Б.Ахметов және С.Абилов шұғыл іздестіру шараларына кіріскен. Жақын аумақтардың барлығын қарап, тұрғындардан сұрастырған.
Жедел іс-әрекеттің нәтижесінде үш жасар бүлдіршін Әл-Фараби ауданы Д.Қонаев көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің ауласынан табылып, аман-есен анасына жеткізілді. Балақайдың анасы оқыс оқиғаның алдын алып, ұлын дін аман тауып берген полиция қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді. Осы орайда, полиция қызметкерлері барлық ата-аналарға өз балаларына тиісті деңгейде көңіл бөліп, оларды қараусыз қалдырмауын сұрайды.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.