Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Көлеңкелі экономикамен күрес және алкогольді ішімдіктің айналымына бақылауды күшейту мәселелері жөнінде баспасөз мәслихаты өтті.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Көлеңкелі экономикамен күрес және алкогольді ішімдіктің айналымына бақылауды күшейту мәселелері жөнінде баспасөз мәслихаты өтті.
Оған Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев, Кедендік бақылау комитетінің жаңа тағайындалған төрағасы Ғұсман Әмрин және Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов қатысты. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы айдың 11 жұлдызында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі бірқатар өзекті мәселелерді айта келіп, көлеңкелі экономикамен күрестің салғырттығына, оның ішінде алкоголь айналымын бақылауды күшейтуге байланысты тапсырмалар берген болатын. Баспасөз мәслихатында Елбасы тапсырмаларының орындалу барысымен БАҚ өкілдерін аталған комитеттердің басшылары таныстырды.
Нақты деректерге қарағанда, көлеңкелі экономиканың көлемі ішкі жалпы өнімнің 20 пайызына дейін жетеді екен. Өкінішке қарай, көлеңкелі экономиканың өрістеуіне мүмкіндік беретін айқын деректер қоғамдық тұрмыстың барлық дерлік салаларында кездесетін көрінеді. Ал алкогольді ішімдіктердің айналымына бақылауды күшейту шарасы мемлекетіміз үшін қаржылық тұрғыдан ғана емес, бірінші кезекте ұлт саулығы мен өскелең ұрпақтың денсаулығын жақсартуға да ықпалы болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы таяуда өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезінде сөйлеген сөзінде алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдеріне жанама салық салу мәселесін айтқан еді. Баспасөз мәслихатында аталған орган басшылары сөз болған мәселелерге қатысты Қазақстан Үкіметінің ұстанымдары туралы баяндады.
Осы таяуда ғана Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Парламент қарауына алкогольдің акциздік ставкаларын арттыруды көздейтін заң жобасын енгізгені белгілі. Ол бойынша 2014 жылы 1 литрге 1000 теңге, 2015 жылы – 1200 теңге, 2016 жылы 1600 теңге болмақ. Осылайша үш жылда алкоголь өніміне акциз ставкасы 3,1 есеге өсірілмек. Салық комитетінің төрағасы алкоголь өніміне акциздік ставканы бірден көтермеу себебін, бұл өнімнің көлеңкелі нарығының бірден көбейіп кетуі мүмкін екендігімен түсіндірді.
Түрлі бағалаулар бойынша елдегі алкогольді өнімдердің көлеңкелі айналымы 25-тен 30 пайызға дейін жетеді екен. Осыған қатысты Қаржы министрлігі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлегені мәлім. Аталған заң жобасында спиртті ішімдіктерді сату орындары мен уақытын шектеуге, осы орайдағы заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылықты қатайтуға бағытталған бірқатар шаралар қарастырылған. Заң жобасы қазіргі күнде мемлекеттік органдарға келісілуге жіберілді. Бұйыртса, Парламент қарауына жыл соңына дейін енгіземіз, деді Ә.Жұмаділдаев.
Кеден органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың жетістігін саралаған жаңа төраға саладағы келеңсіздіктерді де жасырып қалмады. Жұмысқа түскеніме 100 күн толғанда журналистердің кеденге қатысты сұрақтарының бәріне толыққанды жауап беруге тырысамын. Әйткенмен, бүгінде бірталай қылмыстық істердің бетін ашуға болады, деп бастады сөзін ол. Осы уақытта кеден ісі саласында жағдайды және қылмыстарды анықтау фактілерін талдағанда, жасалған қылмыстардың 70 пайызы экономикалық, 7 пайызы айналымнан алынған заттар контрабандасы, ал 4 пайызы салық төлеуден жалтару екені мәлім болды. Қылмыстық істер бойынша тауарлардың сомасы бақандай 9,5 млрд. теңгені құрап, оның ел экономикасына келтірген залалы 4,9 млрд. теңгеге жеткен, деді Ғ.Әмрин.
Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары салада атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыра отырып, қазақстандықтардың адам басына шаққанда бір жыл ішінде қанша литр алкогольді ішімдік ішетінін айтып қалды. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққанда қай елдiң қанша iшетiнiн анықтады. Сол мәліметке қарағанда, өкінішке қарай, Қазақстанда әрбiр адам орта есеппен жылына 11 литр арақ iшедi екен. Негізі халықаралық норма бойынша мемлекеттің әр тұрғыны 8 литрден көп арақ ішсе, ол адамға да, қоғамға да аса зиян, деді Н.Сәдуақасов.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».