Қоғам • 19 Тамыз, 2020

Жаны сұлу жазушы

672 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қажығали ағамен кеш таныстым. Ол жетпіске толған жылы. Сегіз жыл араластым. Аз ба? Көп пе? Білмеймін. Әрине уақыт тұрғысынан өкініштің бары рас. Дегенмен мазмұндық биіктіктен келетін болсақ, ағадан олжалағанымды айтып жеткізе алмаспын. Бодан ойға бағынбай кеткен бекзат суреткердің бойындағы барлық қасиеттер, дәлірек кестелесем, жазушылық шеберлігі мен адами болмысы маған бір-бірімен біте қайнасып, ұлы гармонияға ұмтылған тұтастықтың саф ауасымен тыныс­тауға мүмкіндік берді. Іні үшін осыдан асқан байлық бар ма?! Сондықтан да сегіз жылдың аздығына өкпе айту – Құдайға қылыш алып жүгіргенмен бірдей. Алланың ісіне амал жоқ.

Жаны сұлу жазушы

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

І

Осы естелікті жазып отыр­ған­да келген бірінші ой: Қажы­ғали Мұханбетқалиұлынан ұлт­ты ұйыстыруға ұмтылған қа­быр­­ғалы жазушы шықпас еді. Егер ол мінезсіз адам болғанда, қасиетке кедей кісі болғанда. Сон­дықтан да ең алдымен оның адамгершілігі туралы айтқым келеді. Олай дейтінім, кім-кімге де рухани байлығымен бөлісуге дайын тұратын кеңпейілділігі... аузын ашса, ақ жүрегі көрінетін адалдығы... барған жеріне жайлы аурасымен қонақтай кететін ажарлы да базарлы Қажекеңнің адам біткеннің бәрінде бола бер­мейтін асыл қасиеттері оның жан диалектикасының ғажап эле­мент­тері еді.

[Жан диалектикасы] Жанның мәңгілік екеніне Қажығали аға қайтқан қырық күннің ішінде кө­­зім жете түскендей. Кешірім сұ­раймын, өзің алабөтен құрмет тұтатын, сенің қиялыңдағы идеал­дың эталонындай көрінген кісіден қапияда айырылып қалудың қа­бырғаны қайыстырып кететін қасіретін Қажығали аға қайтыс болғанда жүрегіммен сезінгеннен болар, басқа не келіп, не кетпеді?! Тұла бойыңды жан дүниесімен барынша баурап алған адам о дүниеге аттанып бара жатып та сені ойлауға үйретуінен бір тынбайтынына осы жолы, тіпті таң қалдым. Сол ойлармен бөлісу ғана іштегі аласапыран шердің тас талқанын шығаратыны даусыз.

Талқаны таусылып жатқан адам туралы қапелімде айтатын қазақтың сөзі бар: «жаны шы­ғып кетті». Бұл сөздің түбінде талай нәрсе жатыр. Адамның де­несі мәңгілік материалдан жа­ра­тылмағанын пенде біткен біледі. Ал жаны мәңгілік мате­риал деп сенгің келеді. Осы дү­бәра сенім әп­-сәтте Құдайыңды есіңе түсіреді. Айтары жоқ, бір Жа­ратушының бары рас. Ол сені жарық дүниеге әкелетіні де – ас­қан шеберлік.

Десек те, Құдайдың сені қалай жаратқанынан қаннен қаперсіз болатыныңды да мойындамасқа шара жоқ. Қай күні сынаққа аларын да саған айтпайды. Құдайдың құпиясын тірі пенде тауып көрген бе? Адамның өзін-өзі тануы осындай жұмбақтардан басталатынына басыбайлы қарсы тұра алмайсың. Құдайдың хақтығына шек келтір­мейтін адам ғана ритори­калық сұ­рақтың табиғатын түсіне алады: «Бәрін Жасағанның өзі айтып беріп отырса, мына өмірдің не мәні қалар еді?».

Осындайда бұл жөнінде көп ойлана бермейтініңе де опық жеп үлгересің. Қажығали ағаның да қапелімде қайтатынын кім біл­ген?! Білсек, сол қазына тұлғаның тұла бойындағы тұнып тұрған асылдың қадір-қасиетіне тірі ке­зінде тереңірек бойлап үлгермес пе едік?! Осы ойдың астарында көп құпия бұғып жатыр. Бір анық: тылсым сұрақтардың жауабы өзің­ді және айналаңдағы адамдарды танып-білуде екенін ешқашан ес­тен шығармаған абзал, тегінде.

Адамның жаны – адам тәні­нің тұтқыны. Осыған барған са­йын сене түсесің. Әлгі бір тір­кес­тегі «жан­ның шығып кетуі» де сө­зімізді беки түседі. Жан адам де­несінен бостандыққа шық­­қан күні ғана алабөтен рахат­қа бөленеді. Әрине сол сәтте емес. Апокалипсисті бастан өткер­ген­нен кейін. Осындай ой келеді. Әйтпесе Альберт Эйн­штейн мы­на өмірмен қош айтысып бара жа­тып «Наконец-то!» деп қуанбас та еді.

Біз байғұстар өмірде жақсы нәр­се жасасақ, жанымыз бірге қуа­нады. Жаман нәрсе жасап қой­сақ, жанымыз өзін қоярға жер таппай, сен үшін қатты қиналатыны да шындық. Тәнге бауыр басып қалатын жанның бұл инстингін түсінуге болады. Сондықтан да әлгі сөзді ұлы физиктің өзі емес, қуаныштан жаны айқайлап айтқан сияқты.

Бес күн жалғанда көп адамның екіжүзділігі мен мақсатсыздығы үшін күйіп-пісіп отыратын Қажы­ғали аға да мына өмірден ұлы физик сияқты қиналмай қоштасуға асықты ма?! Кім білген?! Оның жанының диалектикасын түсіну үшін Қажығали аға сияқты өмір сүру керек. Ол біздің қолымыздан қайдан келсін?!

Жаны сұлу адамға ғашық болып көрдіңіз бе? Оның қиындығы сонда, жаны сұлуды табу, табудан бұрын көре білу, сезе білу бәріміздің бірдей маңдайымызға жазыла бермейді. Дегенмен жаны сұлу адамды сенің де кездестіруің ғажап емес. Ойламаған жерден. Ең бақытты сәт осы! Кеңір­де­гің­де мәңгілік кесек болып кеп­те­ліп қалады. Сөздің жақсы мағы­насында. Сиқыр сәттен ешқашан жерін­бейсіз. Міне, ақық жанның құдіреті осында! Жалпы, жанның мәңгілігі де адам тазалығымен қа­тар көркем өріледі. Өйткені ақық жан ғана сұлу бола алады.

Қажығали ағамен араласа бас­таған алғашқы күндерден осындай термелі тебіреністі бастан ке­шіргенімді жасыра алмаймын. Жасырғым да келмейді. Жаны сұлу адамға деген сүйіспеншілік пен құрмет оның мәңгілікке барар жолдағы бедерлі белгісі де болып қалатынын бүгін, тіпті мойындап отырмын. Айтары жоқ, Қажығали ағаның мәңгілік жанының табынушысы болу да бір бақыт екеніне күмән келтірген емеспін. Өйткені оның сұлу жанын тірісінде сезіне білу де қу тіршілікте көзге көріне қоюы екіталай көп қуаныштың бірі екенін сеземін.

Марқұм әкем айтып отыратын: «Жетектеген төбет қора көр­мейді. Өмірде өзіңе сен, не бол­са да өзіңнің бақталайыңнан көр. Кісі жағалап, жағдайыңды жақ­сар­тамын деме!». Әке өсиетіне адал­дыққа не жетсін?! Аманатқа қиянат жасағың келмейтін кей тұстарда кісікиік болып кеткен кездер де аз емес.

Әлгінде айтып кеттім, Қажы­ғали ағамен де осындай себептермен өте кеш таныстым. Әрине ол кісіні сонау социализм кезінде жазған ғажап әңгімелері арқылы танып білдім. Сырттай тілектес болып жүретінмін. Өмірдің кез келген эпизодынан адамның ойына келмейтін терең философиялық әңгіме жазып шығатын қаламгер­дің есте жүрмеуі ақылға сыймайтыны – ақиқат.

Шамамен осыдан 13 жыл бұ­рын болар, ағам Алматыдан Астанаға көшіп келді. Сөз ора­йында айта кеткен де дұрыс шы­­ғар, жаңа елорда Қажекеңе жақ­ты. Жиырма жылдан бері оқыр­манын зарықтырып қойған «Тар кезеңі» жарық көр­ді. Лайық­ты бағасын алды. Мем­ле­кеттік сыйлықты иеленді. Ара­кідік той-томалақтарда көріп, сә­лемдесіп жүрдім. Елдің бәрі жапа­тармағай амандасатын адам ғой, көп сәлем­нің астында біздің ишаратымыз да көміліп қалып жүргені өтірік емес. Реніш жоқ, әрине!

Бұл өмірде не болса да, бәрі Құдайдың қалауымен болатыны тағы жалған емес. 2012 жылдың аяғында «Тоғыз тарау туынды» деп аталатын публицистикалық жинағым жарық көрді. «Сабақты ине сәтімен» деген, сол кітабымды жазушы Жолтай Әлмашұлы досым ағама оқуға берсе керек. Күні кеше Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған ағам қоңырау ша­лып тұр: «Әй, Шархан, ана кіта­быңды оқып шықтым. Бастан-аяқ деп айта алмаймын. Ішінде мені қызықтырмайтын дүниелер де бар екен, оларыңды оқыған жоқпын. Өтірікке өш адаммын. Бірақ Әбді­жамил мен Әбіш ағаларың туралы эсселеріңді оқып, айызым қанды. Сен жақынырақ танысатын бала екенсің! Ана «Мың доллар» деген әңгімең де ұнады. Кемшін тұстары да жетеді. Кәсіби жазушы емес екенің көрініп тұр. Бір ұнағаны, «литературный про­бель­ге» жол бермейді екенсің. Сондықтан жазушылықты да бір жамбасыңа салып, байқап көру керек! Ешкім аспаннан салбырап түскен жоқ».

Балаша қуанып, балаша аң­қыл­дай жөнелген ағамның өмір­де қандай адам екенін салған жер­­ден байқадым. Тілдесудің бі­рінші минуттарынан-ақ аңысын аңдуға уақытын шығындамай, аттың басын әуелден жіберіп, емен-жарқын әңгіме тиегін ағыта жөнелген адам­ның ақық екенін аңғармау мүм­кін емес еді.

Қателеспеппін! Өмірден оз­ған­­ша бауырына тартып, мәр­те­бем­ді көтеріп жүрді. Аға болсаң, Қа­жығалидай бол! Жоғарыда айтып кеткен өзімнің қырсық қасиетіме ол қайтқан күні қатты өкіндім. Өзім барып, жағдайымды жеткізіп, жөн-жосығымды айтып, ертерек таныспағаныма қапаландым.

Дей тұра, өзіме өнеге болған біраз әңгімесі жадыда жатталып қалды. Ағаның 75 жасқа толған мерейтойына орай Атырау сапары болсын, аракідік дастарқан басында сырласатынымыз болсын, елорданың бильярд жарыс­тарында бас қосып, арқа-жар­қа қауқылдасатынымыз болсын, бар­­лық жерде кездескен сайын айтқан ақылы естен кетер ме?!

Әсіресе, былтырғы маусым айы­ның басында ойламаған жерден кездейсоқ кездесуіміздің жө­ні бөлек болды. «Оқжетпес» сана­торийіне барсам, Қажығали ағам мен Сұлухан жеңешем де демалып жатыр екен. Бағым бар, ағаммен бір апта бойы бірге жүрдім. Ұсақ әңгіменің де ұшын шығара кеткенде тұрған ештеңе жоқ, бильярдтың да армансыз жағын айырған кезі­міз осы еді.

Кешкі астан кейін серуендеп жүріп, түннің бір уағына дейін әңгіме соғамыз. Көбінесе әңгі­­менің көрігін қыздыратын – Қа­жы­ғали аға. Әдебиет пен тарихты терең білетініне сол жолы көзім жете түсті. Әлемдік жазушылар туралы айтқан парасатты пікірлері де ерекше баурап алды. Оның бәрін тізіп жатуға шағын мақаланың көлемі көтермейді.

Бір ғана Жалаңтөс Баһадүрдің айналасындағы ойлары неге тұ­рады?! Өзбекстанның 12 қала­сын аралап, кітапханадан кітапха­на қоймай жүріп, мол материал жинағанының өзі – бір ерлік. Самар­қанды билеген әмір жөнін­де тарихи романға жүк болатын әңгімені екі кеш қатарынан тарқа­тып айтып берді. Сол сәтте менің алдымда Жалаңтөс Баһадүр туралы тарихи романның авторы тұрғандай күй кештім.

Майын тамызып айтқан әңгіме­леріне риза болдым: «Жалаңтөс туралы роман жазуды бастап кете­тін-ақ жөніңіз бар». Маған жауап беріп отырған Қажығали ағамның нұрлы жүзі әлі есімде: «Құдай қуат берсе, ойда не жоқ дейсің, Шарханжан!». Асыл ағаның осы сөзі еске түскенде ой келеді: мақ­сат етіп қойған ісіңнің бәрін тия­нақтап, артыңа қарамай өлу, тіпті бар-ау, мүмкін емес екен. Дегенмен «Жазмыштан оз­мыш жоқ» екені сол сәтте ра­йыңнан қайтарып үлгереді.

Жалпы, Қажығали ағаның тір­­шілік туралы әңгімелері де тың­­даған жанды бейжай қалдыр­май­тын. Аузыңның суы құрып, тамсана тыңдайсың. Неге екенін қайдам, сол жолы өзінің өмірі туралы да көп әңгімеледі. Шет тілдерін қалай жақсы көргені, соның ар­қа­сында ҚазМУ-ды курсында жалғыз өзі қызыл дип­ломмен бітір­гені, бірге оқыған жігіттерден әскер қатарында да бір өзі болып қайтқаны, атына заты сай, айдай аппақ Сұлухан жеңгемізбен қалай танысқа­ны, Ақтөбеден бірінші пәтерін қалай алғаны, оны Алматыға қалай ауыстырғаны сияқ­ты қа­рапайым әңгімелерінің өзін ерекше сағынышпен еске алып еді. Жанашыр ағасы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен өмірлік ұс­та­нымы ұқсас досы Төлен Әб­дік туралы тебірене отырып айт­қан жүрекжарды пікірлері де құ­ла­ғым­да сайрап тұр. Өзінен бір жыл, 26 күн жас тете інісі, талантты жазушы Жақсылық Түменбаев туралы да әсерлі естелігін айтып еді-ау!

ІІ

Қазақтың философ халық еке­нін дәлелдеп жатудың өзі ар­тық. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деп айтып кет­кен бабаларымыз жан диалек­тикасын адаммен сөйлесу арқы­лы білетініңе көзімізді ашып кет­­ке­ніне қайран қаласың. Ал рух диалектикасын ше? Дәл Қа­жы­­ғали ағаға қатысты айтсақ, шұ­­рай­лы шығармашылығынан бі­лесіз. Бойына біржолата біте кет­кен азаматтықтан бастап ұлт­тық­қа дейінгі барлық рух атаулы оның туындыларынан атойлап тұра­тынын қапысыз аңғару қиын емес.

[Рух диалектикасы] Қажығали Мұханбетқалиұлының әлеміндегі қызыл жіптей әдіптелген рухты тақырыптардың бірі – тәуелсіздік жолында күресіп, басқа түскен қиямет қайымның жолын кешкен елдің бодандық құрсауынан жанталаса құтылуға ұмтылған әрекеті, ноқтаға басын кигізбеуге тырысқан, еркіндікті аңсаған жұрт­тың күресі.

Жазушының 20 жылға жуық уақыт бойы жазылған «Тар кезең» романы – оның ұлт алдындағы ар безбені. Еркіндік пен кеңдіктің суреткері осындай болса керек. Көктегі күн күймесіндей еркін сілтейтін қаламгердің бұл еңбегі – ерліктің етегінен ұстап жүріп көтерілген тәуелсіздігіміздің бү­гінгі тұрлаулылығын сақтау үшін үнемі қаперімізде жүретін толағай туынды. Әр қаламгер жазушылық және азаматтық борышын ар алдында Қажығали аға сияқты осылай адал атқарса, қанекей!

Алайда тарихи уақыттың бү­кіл драматизмі арқылы қазір­гі оқырманды үш ғасырдан ас­там уақыт күткен тәуелсіздік құ­сын қолдан ұшырып алмауға тәр­биелейтін Қажығали Мұхан­бет­қалиұлының бұл романының ба­ғасын біздің әдеби сыншылар әлі толыққанды беріп үлгерді дей алмаймын. Сондықтан да Қа­жы­ғали ағаның қарапайым оқыр­маны ретінде роман туралы аз­ғантай ойларымды айта кеткеннің артықтығы болмас.

«Әлемде екі құдіретті күш бар: қылыш пен рух. Соңында рух қылышты жеңуі тиіс». Напо­леон Бонапарттың осы сөзі Қажы­ғали Мұханбетқалиұлының кесек дүниесінің бүкіл құпиясы мен лейтмотивін ашып тұрғанын жү­рекпен сезінгендей боласыз. Рухы мықты адам өзгелерге сәулесін шашып тұрады. Жамандыққа қас, жақсылықпен бауырлас жү­реді. Сондықтан болар, туған хал­қына шексіз махаббат пен мейі­рімін төге білген Қажығали ағаның тәуелсіздік эпосын жазуы – кез­дейсоқтық емес, заңдылық.

Қажығали ағаның бойында өмір бойы қалтқысыз қалыптасқан таза сана мен ақыл-парасаттың апо­гейі осы шығармасының 62 та­мырын бүлкілдетіп тұр. Қажы­ғали Мұханбетқалиұлы өзінің интеллектік, эмоционалдық, рухани, керек десеңіз, физикалық күштерін үйлесімділік пен жара­сымдылық биігіне көтере білуінің нәтижесінде эксклюзивті рух диа­­лектикасын қалыптастыру ар­қылы осы іргелі туындыны табан­дылықпен жазып шыққанына бек сенімдімін.

Әлемдік әдебиетте тарихи ро­манның жанр ретінде негізін қа­лаған Вальтер Скотт тәсілімен баяндауға Қажығали аға аса ерекше мән бергенін «Тар кезеңнің» өн бойынан қапысыз байқайсыз. Вальтерскоттық «описание-рассказ-диалог» әдеби формуласын терең меңгерген автор аталмыш романын бірыңғай көркемдік тұтастыққа құра білгені – шедевр шығармадағы шеберліктің шыңы.

Жалпы, «Тар кезеңді» тарихи-ұлттық роман жанрына жатқызған дұрыс. Тәуелсіздік құнын білу үшін осы романды әрбір қазақ жас­танып жатып оқуы керек дер едім. Әсіресе, жас ұрпақ. Осы орайда бұл тарихи дүниені орта мектеп бағдарламасына кіргізу керек деген ой да қылаң береді. Олай дейтінім, табанды жазушы өзі бақайшағына дейін зерттеген тарихи процесті боямасыз оқырманның көз алдына әкелгені өз алдына, оған қоса, бабаларымыздың осы жанкештілік күресін жетесіне жеткізіп көркем баяндай білген қаламгер айналып келгенде бізге қазіргі тәуелсіздігіміздің құнын сезінуге мәжбүрлей алған­дығымен аса құнды екенін астын сызып айту керек.

Қажығали Мұханбетқалиұлы қазақ әдебиетінде тарихи ойлау жүйесінің характерін қалып­тастырған қаламгер дер едім. Оның тарихи романындағы образ­дардың әрбір іс-қимылы ойға құрылғаны жалпы әдебиетте бұ­рын­нан қалыптасқан шеберлік екені түсінікті. Қажығали аға мұ­нымен ғана шектеліп қал­маған. Мәселе сонда, ол роман желісіндегі оқиғалар мен құбы­лыстардың өзін шым-шытырық интригамен матап, қиыннан қиыс­тыратынымен оқырманын терең ойдың тұңғиына тарта жөнеледі. Осылайша қара­па­йым қарекеттердің өзі арқылы оқыр­манын кең масштабта ойла­нуға үйретеді. Бұл – әрине, жазу­шы­ның ең үлкен жеңісі және қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрына қосылған соны тапқырлық.

Сақа жазушы ұлтарақтай жер үшін күресіп жатқан халықтың тәуелсіздікке жету үшін арпалыс­қан барлық амалдарының стратегиясы мен тактикасын көркемдік тұрғыда түсіндірумен қатар оған эстетикалық тұрғыдан керемет реңк бере білген. Тарихи романды жазу барысында Қажығали аға иллюзияға жол бермегені ең алдымен ерекше әсер еткені бар. Тарихи мәліметтер мен дереккөздер­ді сауат­тылықпен қолданатын қасиеті де сүйсіндіреді. Тек дәлел­денуі мүмкін емес фактілерге қа­тысты жерлерде ғана қиялға жүгі­нетінінің өзі оның тарихқа қиянат жасауға аса құштар еместігінен хабар берсе керек. Логикасы мен қиялы қатар дамыған Қажы­ғали аға кез келген эпизодты көр­кем­діктің шыңына жеткізгені жүректі алабөтен жаулайды.

Автор оқиғалар мен персонаж­дарға сол кездің адамдарының көзімен қарауға оқырман үшін мүмкіндік жасайды. Аталмыш ойымыз жазушының ешқандай кейіпкерін идеал қылып көрсет­пейтіндігінен анық көрінеді. Бұл, әсіресе, Сырым образын сомдау процесінде ерекше байқалады. Ол сонымен қатар ешқандай кейіп­керіне өшпенділік танытпайды. Жазушының бұл қасиеті Игельстромның бейнесін ашуда да алаңсыз көзге ұрып тұрғаны рас. Өзегін өртеп бара жатқан тақырыпты да өркениеттілікпен жазуға дағдыланған қаламгердің осы қыры да оның жазушылық портретінің әдемі штрихына сұ­ранып-ақ тұр.

Романның әдістемелік құнды­лығы сонда, ол оқырманға тарихты таразылауға ғана емес, со­нымен қатар сол заманның ке­йіп­керлерімен тар кезеңді бірге сезінуге жағдай жасайды. Бұл шығарманың тағы бір өзектілігі автордың төл ұстанымының мық­тылығы арқылы тарихи по­зи­ция­ның табиғатын аша білген­дігінде жатыр. Сұңғыла суреткер дәл осы кесек шығармасында тәуелсіздік пен тоталитаризмнің басы бір қазанға сыймайтынын философиялық тұрғыдан ғажап дәлелдеп шыққанын көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман байқамауы мүмкін емес.

Романның аяқталар тұсын­дағы Сырым батырдың шешімі Тәуелсіздік – биліктің тәуелсіздігі емес, халықтың егемендігі; Тә­уел­сіздік – халықтың өзін-өзі бас­қаруы екендігіне құрылуы – ав­тор­дың жалпы тарихи процесті ба­тылдықпен дәл айқындауы. Та­рих тереңіндегі оймақтай ойды бүгінгі күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігімен позициялық тұрғы­дан шебер байланыстыра біл­ген автор бұл парасатты пайымы арқылы өзінің қазақ елі алдын­дағы қадір-қасиетін одан әрі арттыра түсетіні – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Дәл осы жерде жан мен рух диа­лектикасы тоқайласады. Қан­дай ғажап кездесу! Өлімнен қо­рық­пайтын рухы мықты тірі адам­ның мәңгілік жанының құді­реттілігін танытатын бұл байланыс түптің түбінде Адамзатты гу­манизм максимализміне алып ке­летіні айқын. Жұмыр жердегі осын­дай түпкілікті бақытқа елеулі үлес қосқан жаны сұлу Жазушы үшін бұдан асқан Мәңгілік бола ма?!

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ