– Дархан Айтқалиұлы, Шекара қызметінде тарихи маңызды оқиға – қайта құру орын алды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері алғаш рет жасалып отырған елеулі құрылымдық өзгерістер бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталып өтсеңіз.
– Ведомствоны реформалау уақыт талабының және ең алдымен мемлекетіміздің ұлттық мүдделерін қорғаудың жаңа жүйесін қалыптастыру қажеттілігіне байланысты жасалып отыр. Осы жылдың наурыз айында басталған реформаның аясында Шекара қызметінің Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесіне толық интеграцияланған, қазіргі заманға лайықты құрылымы жасалып, аумақтық басқаруға негізделген жүйесі құрылды, жан-жақты қамтамасыз ету тетіктері шешілді. Бұл шекараны тікелей қорғауды барынша күшейтуге мүмкіндік берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» тақырыбындағы Жолдауында тиісті стратегиялық бастамалар, атап айтқанда, Шекара қызметін кең ауқымды реформалау, оның қызметінің тиімділігін барынша арттыру, материалдық-техникалық базаны жаңарту қажеттілігін атап өтті. Осы бастамаларды іске асыру үшін біз Мемлекеттік шекараны күзету және қорғауды дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Бұл Мемлекеттік шекарада ұлттық мүдделердің қорғалуын арттыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік деңгейдегі жүйелі және келісілген шараларды іске асыруға бағытталған.
– Сіздің ойыңызша, Шекара қызметінің одан әрі дамуы қалай жүзеге асырылмақ және енгізілген өзгерістер қандай артықшылықтар береді?
– Шекарадағы қауіп пен қатердің ұйымдасқан сипаты шекара күзетін одан әрі дамытып, жаңа, заманауи техникалық құралдарды қолдану арқылы жедел-әскери әдіспен жүзеге асыруды талап етеді. Шекараны бақылауды ұйымдастыруда шет мемлекеттердің жедел әдіспен және заманауи техникаларды қолдануға негізделген алдыңғы қатарлы тәжірибесін зерделедік. Нәтижесінде, шетелдік шекара күзету органдары заманауи техникалық құралдарды тиімді пайдалану арқылы адами және қаражат шығындарын едәуір төмендете отырып, қажетті ақпаратты оңай алуға және шекараның сенімді күзетілуін арттыруға мүмкіндік алғандығына көзіміз жетті. Тиісінше жоғарыда мен айтып өткен мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында шекара күзетін техникалық қайта жарақтандыру – шекараны күзету мен қорғаудың заманауи жүйесін құрудағы маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылмақ.
Жақын арада шекара күзетін қарқынды жетілдіру процесін, оның ішінде, кадрлық құрамды нығайту, техникамен жабдықталуын жаңа деңгейге көтеру, жедел күзету әдісін енгізу бойынша жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз. Осылайша шекараны қорғаудың ескірген техникалық құралдары жоспарлы түрде заманауи үлгілерімен алмастырылатын болады. Сәйкесінше техникалық саясаттың стратегиялық мақсаты адамның тікелей қатысуын шектеу арқылы шекараның жауапты аймағын қашықтықтан басқаруға ауыстыру болмақ. Шекаралық бақылау бөлімшелерінде және жеңілдетілген өткізу пункттерінде азаматтар мен жүк тасымалдаушылар үшін мемлекеттік шекара арқылы өтудегі туындайтын кедергілерді азайтуға мүмкіндік беретін заманауи техникалық құралдарды енгізу жұмыстары жалғасады.
Мемлекеттік шекарада ұлттық мүдделердің қорғалуына немқұрайлы қарамайтын және шекарадағы тұрақтылықты көздеген шекаралық аймақтың жергілікті тұрғындары мен еріктілерін шекара қорғауға тарту жұмысын жетілдіру маңызды деп санаймын. Аталған шараларды кешенді түрде жүзеге асыру шекара кеңістігіндегі ұлттық мүдделерді қорғау жүйесін қазіргі қауіп-қатерлерге төтеп бере алатындай жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Осы және басқа да шаралар туризмді, халықаралық сауданы дамыту, транзиттік әлеуетті және жалпы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруда қолайлы жағдайлар туғызады.
– Қызметті ұйымдастырудың жаңа бағыты бойынша шекарашыларға қойылатын талаптар қандай?
– Шекара қызметі жұмысты ұйымдастырудың жаңа форматына өткенімен, шекарашыларға қойылатын талаптар айтарлықтай өзгерген жоқ. Шекара қызметінің қатарына бұрынғыдай, талаптарға сай қасиеттерге ие азаматтар ғана қабылданады... Қазіргі заманғы шекарашы – ұқыпты, сабырлы, парасатты, сонымен қатар психолог, дипломат және әскери адам. Ол әртүрлі қару-жарақтан атуды кәсіби деңгейде меңгерген, әскери техниканы басқаруды және арнайы құралдарды шебер қолдана білуі тиіс. Қарапайым сарбаздан генералға дейінгі бұл кәсіп иесінің ең басты ерекшелігі – Отанға деген сүйіспеншілік, өйткені шекарашы – ең алдымен, өз елінің патриоты.
– Әлеуметтік мәселелерге байланысты саптағы әскери қызметшілерге, зейнетке шыққан немесе басқа себептермен қызметтен кеткен азаматтарға қандай жағдай жасалған?
– Ведомство құрамдас бөлігі ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жүйесіне толықтай интеграцияланғанына қарамастан, біз – әскери қызметшілер болып қала береміз және бізге тиесілі әлеуметтік пакет те өз күшінде. Әлеуметтік кепілдіктердің ауқымы кең. Әскери қызметшілер ақшалай, киіммен қамтамасыз етіліп, өздеріне және олардың отбасы мүшелеріне медициналық қызметтер тегін көрсетіледі. Жауынгерлік кезекшілік кезінде ақшалай үстемақы, тегін тамақтану қарастырылған. Жыл сайын ақылы еңбек демалысы беріледі. Тұрғын үй мәселесін шешу басты назарға алынып, ерекше қадағаланады. Осы жылы Шекара қызметінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға және Үкіметтің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 49, 50 қаулыларына сәйкес, әскери қызметшілерге және қызметтен босатылған азаматтарға ағымдағы және біржолғы тұрғын үй төлемдерін төлеу мақсатында шамамен 679 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Биылдың өзінде әскери қызметшілердің 155-і тұрғын үйді жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақысын алды. Бүгінде 13 мыңнан астам әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады. Әскери қызметшілердің жеке арнайы шоттарына аударылатын қаражатты тек өзінің жеке тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдаланады. Баспаналы болу түрлі тұрғын үй бағдарламалары аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үйді республиканың барлық аймақтарында 8% жылдық үстемемен сатып алуға болады. Бұл шамамен 13,5 жылдан кейін әскери қызметшіге баспаналы болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар егер банктегі жинақ мерзімі 3 жылдан асса, несие 5%-бен беріледі, ал шотта тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде қаражат болса, пайыздық мөлшерлеме 3,5 пайызға дейін төмендетіледі.
Соңғы жылдары әскери кадрларды Қазақстанның және шетелдің әскери оқу орындарында оқыту мәселелері оң шешімін табуда. Сонымен қатар күнтізбелік мерзімде кемінде 8 жыл қызмет еткен сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамындағы әскери қызметшілер Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу шығындарының 50% мөлшерін бюджет қаражаты есебінен өтеу құқығын пайдалана алады. Шекті жасына жеткенде, ауруға байланысты, штат санының аздығынан және 25 және одан да көп жыл жұмыс өтілі бар (оның ішінде кемінде 12,5 жыл үздіксіз әскери қызметті құрайтын) әскери қызметшілер запасқа шығарылған уақытта зейнетақымен толық қамтамасыз етіледі. Әскери қызметшілердің зейнетақымен қамтамасыз етілуінің бір артықшылығы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын аударудың қажет еместігі. Жұмыстан шығарылған және жабық әскери қалашықтарда тұратын құрметті зейнеткерлеріміз де шетте қалмайды. Бүгінде олардың саны шамамен 45 адамды құрайды. Осы санаттағы тұлғалар үшін келесі жылдарға мемлекеттік бюджеттен қаражат қарастырылған. Шекарашы ардагерлердің ҰҚК емханаларында және госпитальдарында медициналық көмек алу, сонымен қатар санаторий-курорттық мекемелерде емделу құқығы толық сақталған. Ведомствоны реформалау аясында әлеуметтік мәселелерді шешуде, шекарашылардың құқықтық қорғалуы мен әл-ауқатын жақсартуда оң нәтижелерге қол жеткізетінімізді атап өткім келеді. Болашақта әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілулеріне бағытталған жұмыстар атқарылады.
– Пандемияға байланысты қазіргі қиын кезеңде шекарашылар қандай қиындықтарға тап болды және қызметте қандай нәтижелерге қол жеткізді?
– Иә, расында, пандемия Шекара қызметінің іс-әрекетіне белгілі бір өзгерістер енгізуге ықпал етті. Оны бәрінен бұрын шекаралық бақылауды қамтамасыз ететін бақылау-өткізу пункттері сезінді. Төтенше жағдай енгізілген кезден бастап, қазіргі уақытқа дейін тұлғалардың Мемлекеттік шекарадан өтуіне қойылған шектеулер сақталуда. Қазақстандықтардың кез келген қолжетімді көлік құралдарымен елге оралуына, ал шетелдіктерге керісінше, мемлекеттен шығуға рұқсат етілген. Өзінің географиялық орналасуын ескере отырып, Қазақстан пандемияның ушыққан кезеңінде де, жүк тасымалы үшін оның ішінде транзиттік коммуникациялар үшін де өзінің шекарасын бір күнге де жапқан жоқ. Көршілес мемлекеттер азаматтарының өз елдеріне оралуына жан-жақты жағдай жасалды. Сонымен қатар көптеген осыған ұқсас мәселелерді шешуде мемлекеттік органдарға барынша көмек көрсетілді. Мәселен, республикамыздағы шетелдік елшіліктердің ресми сұраныстары бойынша Өзбекстанның 5 мыңнан астам және Қырғызстанның 3 мыңнан астам азаматы Қазақстан аумағы арқылы елдеріне қайтты. Карантин кезеңінде шекара бөлімшелері 127 ұшақ, жүздеген автобустармен Отанға оралған 17 мыңнан астам қазақстандықтың шекара арқылы өтуін қамтамасыз етті. Ауыр жағдайдағы туыстарына қамқорлық жасау, отбасыларына қосылу үшін және басқа да өмірлік маңызды сәттерде тұлғалардың Мемлекеттік шекара арқылы өту мәселелері жедел түрде шешімін тапты. Мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту мақсатында Шекара қызметінің бөлімшелері тиімді әрекет ету механизмін іске қосты. Бұл бір жағынан жолаушылар мен жүк тасымалы көлемін 90%-ға төмендетсе, екінші жағынан, ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, өмірлік маңызды халықтың тұтыну тауарларын транзиттеу бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік берді.
Шекарадан адамдар мен көлік құралдарын өткізудің бұрынғы тәртібін қалпына келтіру мәселесі елдің барлық уәкілетті мемлекеттік органдарының кешенді талдаулары негізінде кезең-кезеңімен шешілетін болады. Бұл үшін кем дегенде үш негізгі көрсеткішті ескеру қажет: біріншісі – елдегі эпидемиялық жағдай; екіншісі – халықаралық әуе, автомобильдік және темір жол көлігі қозғалысын қайта жандандыру мүмкіндіктері мен шарттары; үшінші – жеке тұлғалар үшін шекаралардың ашықтығы және олар баруды жоспарлаған елдердегі эпидемиялық жағдай. Бүгінгі таңда осы схемаға сәйкес, Түркиямен әуе қатынасы қалпына келтіріліп, Оңтүстік Кореяға рейстер жүзеге асырылуда. Бірқатар мемлекетпен әуе қатынасын қалпына келтіру жоспарда бар.
Бір өкініштісі, пандемияға байланысты карантиндік шаралар мен шекарада түрлі шектеулер болған кезде де, заңсыз, қылмыстық әрекеттер тыйылмады. Шекарашылар жыл басынан бері 7 миллион медициналық бетперде, 20 мыңнан астам респираторды, 3 мың қорғаныс костюмін, медициналық мақсаттағы 4 миллион жұп қорғаныс қолғабын ел шебінен асырмақ болған шекара бұзушылардың жолын кесті. Пандемия кезінде ел шекарашылары өмірі мен денсаулығын тәуекелге тігіп, еліміздің Мемлекеттік шекарасын күзету және қорғау бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді орындады.
– Сөз соңында сіздің Шекарашы күніне орай шекарашыларға арнаған тілегіңізді естісек.
– Шекара қызметінің басшылығы атынан және өз атымнан ардагерлерді, әскери қызметшілерді, қызметкерлерді, олардың отбасы мүшелерін, жасыл погон таққан барлық азаматтарды кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, бақыт және шыдамдылық тілеймін. Жеке құрамды әскери борышқа адал болуға, еліміздің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығы мен халқымыздың жоғары сенімін ақтауға шақырамын. Қызметтің беделін жаңа сапаға және кәсіби деңгейге көтеріп, өскелең ұрпақ құрмет көрсетіп, үлгі тұтарлықтай қазақстандық шекарашылардың келбетін қалыптастыратынымызға сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»