Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Шикізат ұзақ мерзімді дамуға кедергі
Мәселен, бұл елдердің теңізге шығатын жолы жоқ. Алайда БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясы (UNCTAD) жүргізген зерттеуінде, оларға географиялық алшақтықты еңсерудің жолдары мен көршілес елдерге бағытталған шикізат экспортына негізделген экономиканың құрылымын өзгертудің тетіктері ұсынылған. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, Түрікменстан экспортының 90%-ын табиғи газ құраса, Қазақстанның сыртқа саудасының үштен екісі мұнай өнімдерімен байланысты екені әмбеге аян. Бутан экспортының 94%-ы көршілес Үндістанға бағытталған. Сондай-ақ Моңғолияда шығарылатын өнімдердің басым бөлігі алпауыт Қытайға тасымалданады.
UNCTAD-тың Африка және дамушы елдер бойынша бөлім директоры Пол Акивумидің айтуынша, бірнеше шикізат тауарына немесе салалық нарықтарға деген жоғары тәуелділік – ұзақ мерзімді дамуға кедергі келтіретін негізгі фактор.
«COVID-19 көрсеткендей, мұндай тәуелділік бұл елдерді және онда тұрып жатқан халықты пандемия, табиғи апаттар, сондай-ақ климаттың өзгеруі сынды сыртқы өзгерістерге әлсіз болып келетінін айқындап берді», деді П.Акивуми.
Әсіресе коронавирустық дағдарыс шикізат тауарларына тәуелді елдерге айтарлықтай әсер еткені күмәнсіз. Өйткені экономикалық шектеулер жаһандық сұраныстың төмендеуіне алып келді.
ІЖӨ 3%-ға төмендейді
Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, Қазақстан бұрын-соңды болмаған ең ірі экономикалық тоқырауға ұшырайды. Айталық, 2020 жылы коронавирустық пандемияның салдарынан құлдыраған мұнайдың бағасы ІЖӨ-нің былтырғы 4,1%-дан осы жылы – 2,7%-ға дейін төмендеуіне әсер етеді деп болжаған еді халықаралық сарапшылар. Бұдан бөлек, пандемияның салқыны Моңғолияға да тиіп, көмір, мыс және мырыш концентратына әлемдік сұраныстың азаюына байланысты бұл тау-кен елінің ІЖӨ-сі биыл шамамен 11%-ға қысқаруы мүмкін.
Шикізат экспортынан түсетін кірістің едәуір бөлігін жоғалтқан үкіметтерге оңай болмай тұр. Себебі осы табыс арқылы аймақ establishment-і қоғамдық денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын нығайтып, әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған халыққа жан-жақты көмек көрсетудің мүмкіндіктерін қарастыратын. Мысалы, биыл бірінші тоқсанда пайдалы қазбалардың экспорты 40%-ға құлдырап, Моңғолияның мемлекеттік бюджеті 10%-ға қысқарды. Осы ретте денсаулық сақтау және басқа да қызметтерге қатысты шығындардың өсімін қамтамасыз ету үшін жергілікті билікке халықаралық көздерден мүмкіндігінше қарыз алуға тура келеді. Бұл онсыз да алаңдатарлық күйге жеткен сыртқы қарыздың көлемін ІЖӨ-ге қарағанда 222%-ға арттыруы мүмкін деген қауіп бар.
Кем дегенде үш секторда бәсі мықты
Бірақ UNCTAD жүргізген зерттеуге сәйкес, аталған мемлекеттердің сыртқы сауданы әртараптандыруда әлеуеті жоғары. Нақты айтқанда, туризм, агроөнеркәсіптік кешен, ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен қызмет көрсету, сол секілді тоқыма өнеркәсібі мен киім өндірісі сынды жеңіл өнеркәсіптің салалары экономиканың қозғаушы күшіне айналуға әбден лайық. Кем дегенде осы үш сектор бойынша қосылған құнды қалыптастырудың мүмкіндігі зор.
Мәселен, Қазақстан қайта өңделген дәнді дақылдар мен қара металдарды Қытай, Германия, Иран, Жапония, Түркия және Өзбекстанның жаңа нарықтарына сату арқылы экспортын кеңейте алар еді деп есептейді халықаралық ұйым.
«Қазақстан өңірдің (Орталық Азияның) астық белдеуі ретінде қарастырылады, сондай-ақ мұнда темір рудасының ірі кен орындары бар. Бұл мемлекет бидайды, болат темірін және басқа да шикізат минералдарын түрлендіріп, табиғи ресурстарының құнын айтарлықтай арттыра алады», деді UNCTAD-тың теңізге шыға алмайтын дамушы елдер жөніндегі бөлім жетекшісі Мусси Делелен.
М.Делеленнің айтуынша, табиғи байлықтардың құнын арттыру елдің өндірістік әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам. Осыған байланысты UNCTAD үкіметтерге әртараптандыруды күшейту үшін өндірістік әлеуетті бағамдайтын тың сараптамалық құралды ұсынбақ ниетте.
Бутан елі гидроэнергетикадан бөлек, туризм, агробизнес және АКТ-ды пайдалану арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін дамытуға басымдық бере алады.
Бутанды туризм мен ауыл шаруашылығы құтқарады
Гималай аймағының танымалдылығы күннен-күнге еселеніп келе жатқанын ескерсек, жергілікті халық оны халықаралық туристер арасында тиімді қолдана алар еді.
«Қонақ үйлер жергілікті тасымалдаушылармен ынтымақтастық орнатудың қам-қарекетін ойластырған жөн. Камбоджа, Кения, Вьетнам және басқа да дамушы елдердің тәжірибесіне қарасақ, туризм индустриясы ауыл шаруашылығы, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ дәнді-дақылдар негізіндегі өндірісті өркендетудің үлкен мүмкіндіктерін туғызатынын көрсетті», деді М.Делелен.
Қазір гималайлықтардың өнімі тек Үндістанға ғана саудаланып келеді. Сондықтан Бутанда өңделген жемістер мен көкөністердің, сонымен қоса дәмдеуіштердің ықтимал экспорттық жаңа нарығы ретінде Бангладеш, Германия, Италия және Сингапур айқындалды.
Десек те экспортты әртараптандыру үшін әр мемлекет шикізаттық емес секторларды атаулы түрде қолдау мақсатында негізгі макроэкономикалық кедергілерден өтуі тиіс.
Жалпы экономикалық шаралар ескерілу қажет
«Экономиканы әртараптандыру жоспарларында, көбінесе нақты секторларға басымдық беріліп, қажетті жалпы экономикалық шаралар ескерілмей жатады. Егер де мемлекеттер өнеркәсіптік өндірісті көлік және энергетикалық инфрақұрылыммен қамтымай, сонымен бірге қолайлы іскерлік ортаны қалыптастыруға және кәсіби қызметкерлерді даярлауға жағдай қарастырмаса, қолға алынған іс жүзеге аспайды», деп нақтылады БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының мамандары.
Нақты мысал ретінде сарапшылар Моңғолияны келтірді. Аталған елде сапалы электр энергиясы жоқтың қасы. Бұл өз кезегінде мыс экспортының динамикасына кері әсерін тигізбей қоймайды.
Ұйымның зерттеуінде Қазақстанға бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік индустрияны құру үшін лицензиялаудың неғұрлым тиімді жолдарын және сауда рәсімдерінің жеңіл тетіктерін әзірлеуге кеңес беріліп, еліміздегі жол құрылысына айрықша ден қойылу керек деген қорытындыға келген.