Биыл Балқаш көлінің басты су артериясы Іле трансшекаралық өзенінің су деңгейінің төмендігіне байланысты Қапшағай қаласында Шеңгелді суару алқабының ауыз суы және суармалы суы, сондай-ақ Балқаш ауданының суармалы жерлерін қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай орын алды. Осы мәселені шешу үшін «Қазсушар» РМК Алматы филиалы шаруа қожалықтарының жерлерін суару үшін ұзындығы 1,5 шақырым болатын қосымша жеткізуші канал-құбырын салды. Нәтижесінде Шеңгелді алқабын қазір суармалы сумен үздіксіз қамтамасыз ету жүргізілуде. Сонымен қатар Талдықорғанда суару желілерінің құрылысы жүріп жатыр, жыл соңына дейін жобаны аяқтау жоспарлануда. Мердігер – «Монолит» ЖШС.
– Облыста суару жағдайын жақсарту бойынша басқа да жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, облыстың Ақсу ауданында Ислам даму банкінің қолдауымен
суару желілерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде, оны аяқтау келесі жылға жоспарланып отыр. Мердігер – «Тамас» ЖШС. Жобалық арналардың жалпы ұзындығы 633 шақырымды құрайды. Ақсу ауданының 8 ауылдық округінде, оның ішінде Жансүгіров, Қапал ауылдарындағы Дол каналында жұмыс жүргізілуде. Ақсу ауданында сондай-ақ Қызылағаш өзеніндегі су қоймасы, су жинау торабы және магистральдық каналдың жұмысы қайта құрылып, толық қалпына келтірілген. Бөгеттен Қызылағаш ауылының егістігіне су беріледі, бұл 700 гектар суармалы жердің суару мәселесін шешті. Су қоймасына 20 млн текше метр су жиналды, – дейді «Қазсушар» РМК-ның Алматы филиалының директоры Смайыл Куметов.
Сондай-ақ Қызылағаш алқабында тағы да 7 мың гектар жерді суармалы сумен қамтамасыз ететін суару желілерін салудың жаңа жобасы әзірленді. Осы арқылы Қызылағаш ауылдық округіндегі шаруа қожалығында тағы 200 адам жұмыс істей алады.
Бұдан басқа Көксу бөгетінде Көксу өзенінде аспалы суармалы жерлердің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, себебі 1963 жылы пайдалануға берілген уақыттан бері мұнда бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мердігер – «Темірбетон» ЖШС. Жоба Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылуда, бұл жұмыс жобасын биыл аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ Панфилов ауданындағы Үсек өзеніндегі су торабын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылуда және ағымдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жақында су пайдалану бөлімінің мамандары Ұйғыр ауданына барып, Шарын өзенінде де су аздығын байқады. Бұл жерде суды тиімді пайдалану бойынша шешім қабылдау үшін су бекеттерін және су каналдарының жай-күйін тексеру жүргізілді.
Жалпы, биыл облыс тұрғындарын суармалы сумен уақтылы қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» РМК филиалы бас құрылыстарды, гидрометриялық бекеттерді салды және арналарды механикалық тазартудан өткізіп, кейбір жерлерді бетондап, түбін бекіту жұмыстарын, сондай-ақ Ескелді, Алакөл, Қаратал, Ақсу, Ұйғыр және Панфилов аудандарындағы каналдарды жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл өңірде бірнеше мың гектар алқапты суландыруды жақсартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Қазсушар» РМК суды цифрлы есепке алуды түпкілікті тұтынушыға жеткізу мәселесін пысықтауда. Бастапқыда қанатқақты режімде іске қосу және технологияларды сынақтан өткізу жоспарлануда, бұл ретте осындай есептегіштер үшін басты талап олардың дербестігі және деректерді қашықтан беру.