Қоғам • 20 Тамыз, 2020

Отандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеуден өтті

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Алматы қаласындағы аймақтық филиалының фармакологиялық сынақ зертханасы базасында COVID-19-ға (QazCovid-in ®️ ) қарсы қазақстандық белсенді емес вакцинаны клиникаға дейінгі зерттеу аяқталды.

Отандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеуден өтті

Жануарларға вакцинаның кү­шей­тілген дозасын салып, оның қауіпсіздігі мен уытты әсері мұ­қият тексерілді. Сонымен қатар осы зерттеу аясында отан­дық вак­цинаның ағзаға аллер­гиялық реакциясы мен денені тітіркендіргіш әсерінің жоқ екені анықталды.

Жалпы, зерттеу әдістерінен бас­қа, вакцинаның қауіпсіздік дең­гейі қанның гематологиялық және биохимиялық көрсеткіш­терімен расталды. Вакцинаның жануарлардың ішкі мүшелеріне әсері де бағаланды. Жіті зерттеу нәти­желері клиникаға дейінгі зерт­теу COVID-19-ға қарсы отан­­дық вакцина уытты емес еке­нін анықтады және оны кейін кли­никалық сынақ барысында ерікті адамдарға қолдануға бола­тындығын көрсетті.

«Жаңа вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігін толық бағалау үшін қазақстандықтарды вак­цинациялауға одан әрі кең ауқым­­­ды клиникалық зерттеулер қа­жет. Зерттеудің барлық ке­зеңі өткі­зіл­геннен кейін ға­на вак­­цина­ның қауіп­сіздігі ту­ралы айтуға болады», деді Алма­ты фар­ма­коло­гия­лық сынақ зертхана­сының мең­герушісі Валентина Шнаук­шта.

Айта кетейік, барлық экспери­мент Дәрілік заттар мен меди­цина­лық бұйымдарды сарап­тау ұлттық орталығының жануарханасындағы эксперимент­тік жануарларға жасалды. Фар­­ма­ко­логиялық зерттеулер зерт­­ха­насы GLP OECD сәйкес Сло­­вак ұлттық аккредиттеу қыз­метінің (SNAS) халықаралық аккре­диттеу мәртебесіне ие және Қа­зақ­­стандағы биоэквивалентті зерттеу жүргізетін жалғыз зертхана.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық ғалым­дардың жұмысын өзінің ресми сайтында тіркеп, оны клиникаға дейінгі зерттеуге рұқсат етілген Covid-19-ға қарсы вакцинаға кан­дидаттардың тізіміне қосқан болатын.

Отандық белсенді емес вакцинаны Ғылым комитетінің Биоло­гиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері әзірледі. Ведом­с­твоның мәліметінше, бұл Қа­зақстандағы науқастардан бө­лінген вирус штаммы негізінде жасалған.