Облыс әкімдігінің қолдауымен 2014 жылдан басталған кешенді қазба жұмыстары нәтижесінде қалашықтың қорғаныс қабырғалары мен мұнаралары, 30-ға жуық тұрғын үй орны аршылып, ежелгі шаһардың бет-бейнесі айқындала түсті.
Жуырда осы қалашықта «Жанкент қалашығындағы аспанасты музейі және далалық зерттеу жұмыстарының нәтижелері» тақырыбында далалық семинар ұйымдастырылды.
Қалашық Қазақстанның ортағасырлық кезеңін, соның ішінде түркі-оғыз тайпаларының тарихын зерттеудегі тірек ескерткіштің бірі саналады. Халықаралық Жанкент археологиялық экспедициясы қаладан тарих үшін біраз құнды мұра тапты. Қазіргі заман талаптарына сай жүргізілген жұмыстар барысында археолог, тарихшы, остеолог, топырақтанушы, архитектор, геофизик ғалымдардан құралған экспедиция кешенді археологиялық және пәнаралық зерттеу әдістерін пайдаланып келеді. Көне дәуір куәгерін зерттеуде Қорқыт ата атындағы университеттің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы мамандарының ұшан-теңіз еңбегін бөле-жара айта кеткен жөн.
Далалық семинар барысында Жанкент қалашығындағы 2016-2020 жылдары бірлесіп жүргізілген ғылыми-зерттеулер нәтижелері, қалашық аумағында аспанасты музейін ұйымдастыру, ескерткішті сақтап қалу және қайта қалпына келтіру жұмыстары таныстырылып, алдағы уақытта облыс аумағындағы археологиялық мұраларды, қала типтес ескерткіштерде қазба және барлау жұмыстарын жүргізу, мониторинг, сараптама жасау, оларды туризм картасына қосу, археологиялық парк қалыптастыру мәселелері талқыланды.
– Биылғы қазба маусымында археологиялық зерттеулермен қатар, архитектуралық құрылыстарды тұмшалау, қайта қалпына келтіру жұмыстары да қатар жүрді. Мысалы, ескерткіш цитаделінің солтүстік қорған қабырғасында 5 мұнара аршылып, оларды жауын-шашыннан қорғау шараларын жасадық. Бір бөлменің композициясы жасалып, оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін тарихи мүсіндер қойылған. Осылайша қалашықтағы үй ежелгі қалпын қайта тапты, – дейді «Археология және этнография» ҒЗО жетекшісі, PhD докторы Әзілхан Тәжекеев.
Бүгінге дейін қалашықтан 200-ге жуық экспонат бүтіндей табылып, облыс музейлері қорларына өткізілген. Ал қазір қалашықтың аумағы толық қоршалып, «JANKENT» стеласы бой көтерді.
Ғалымдар ескерткіш аумағындағы үй-жайлардың, бөлмелердің жақсы сақталғандығын айтып отыр. Бұл көне қалашықта археологиялық парк қалыптастыруға мүмкіндік береді.
ҚЫЗЫЛОРДА