Медицина • 20 Тамыз, 2020

Мейірім – дәрігердің басты құралы

716 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлем елдерін әбігерге салып, дүние жүзінің денсаулық сақтау жүйесін тығырыққа тіреген пандемияның беті қайтып, еліміздегі эпидемиялық жағдай тұрақтана бастады. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан берілген ақпараттан кейін жұртшылықтың көңіл-күйі орнына түсіп, қалыпты жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік ашылғандай.

Мейірім – дәрігердің  басты құралы

Дегенмен Алматы қаласын­дағы емханалар кеңесіне жү­гінген науқастар саны да сиреп, қалыпты режімде жұмыс іс­теуге көшкеніне қарамастан, меди­цина қызметкерлері сақтық шараларын бәсеңдетпеудің міндетті екенін айтады. Осы орайда үш-төрт ай отбасын көр­мей, өз өмірлерін қауіпке тіге жүріп адам жанының араша­шысы бола білген медицина қыз­меткерлерінің еңбегі зор.

Бүгінде Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты №18 емхана 30 мыңға тарта тұрғынға қызмет көрсетіп отырған меди­ци­налық мекемелердің бірі. Емхананың бас дәрігері Майя Большанова пандемия кезінде мамандар кеңесіне күніне 20-25 науқас жүгінген болса, қазір ахуалдың тұрақтануына байланысты бұл көрсеткіш 4-5-ке дейін төмендегенін айтады. «Әлем тұрғындарының дег­бірін қашырып, өміріне қа­уіп төндірген вируспен кү­рес, әрине оңай болған жоқ. Ме­ди­цина қызметкерлерінің жан­кешті еңбегінің, сонымен қа­тар дер кезінде жеткен көмек ар­қылы науқастар уақытылы ем қабылдады. Емханаға тіркелген тұрғындар қашықтан дәрігер кеңесін алу мүмкіндігіне ие болды. Алғашқы күндерде науқастар қашықтан ем қабылдауды дұрыс қабылдай алмады. Бірақ дәрігерлерге түскен салмақты түсініп, коронавирустың жеңіл түріне шалдыққандар үйден кеңес алып, ем қабылдай бастады», дейді Майя Өтегенқызы. Бас дәрігердің айтуынша, вирус­тан қорғануда сақтық шаралары керек. Әлі күнге оның нақты емі де жоқ. Елімізде коронавирусты емдеу клиникалық протокол аясында жүзеге асып келеді. Қазір созылмалы ауруы бар науқастар мен жасы алпыс­тан асқандардың денсаулығы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауына алынған. Мо­бильді топ үй жағдайындағы науқастарды шұғыл түрде емдік шаралармен қамтамасыз етуге тырысуда. Ал дене қызуының көтерілуі қалыпты жағдайдан асып кетсе, онда амбулаторлық кезеңде дереу провизорлық ор­та­­лықтарға жеткізу көзделген. Емхана қазіргі жағдайда да нау­қас­тарға жоспарлы және шұ­ғыл емдік шараларды жалғас­тырып келеді.

1

Коронавирусты жұқтырған науқастардың бірқатары рес­пираторлы вирусты инфекция түрінде ауырса, енді бірін тамақ, құлақ аурулары мазалады, ал көпшілігінің өкпелері қабынып, салдары ауыр жағдайларға да соқтырғаны белгілі. №18 емхана «Дубок» филиалының мең­герушісі Мадина Жанабаева «Біздің филиалда дәрігерлер 8 учаскені бақылауға алды. Екеуі педиатрлық бағытта жұ­мыс істеген болса, қалғаны жалпы тәжірибелі дәрігерлер ретін­де медициналық көмек көрсет­ті. Емхана тарапынан жүр­гі­зілген кешенді бақылау жұмыс­тарының нәтижесінде сақтық шаралары күшейтіліп, екі мо­бильді топ ұйымдастырылды. Вирустың кең таралып кетуінің алдын алу мақсатында емхана жанында ашылған фильтрде коронавирусқа күмәнді бол­ған науқастар тексеруден өтті. Емхана таза және вирус жұқтырған науқастар үшін қызыл аумақ болып бөлінді. Қашықтан эпидемиялық жағдайға байланысты кеңес берілді. Тіп­тен, қиын жағдайларда науқас­пен байланысқа емхана мең­геру­шісінің өзі шығып, емдеу ша­раларының барысын қа­­дағалап отырды. Міне, осын­дай жағдайда қауіппен бетпе-бет келген дәрігерлер тәуе­келдерге бара жүріп, вирус­пен күреске ұйымдасқан түр­де жұмылды. Әсіресе, пси­хо­лог Галина Долженко мен әлеу­меттік қызметкер Гүлсая Қаржаубаеваның дағдарысты кезеңде науқастарға психо­логиялық кеңес беріп, қолдау көрсетуінің нәтижесінің жоғары болғанын айтуға тиіспіз. Әрине вирустың салдары науқастың тәніне ғана емес, жанына да батқаны белгілі. Көпшілігінің жүйкесіне салмақ түсіп, күйзе­лісті жағдайларды өткерді. Осы орайда мамандардың кәсі­би кеңесі арқылы көптеген нау­қастар аяғынан тұрып, тағайын­далған ем-дом оң нәти­жесін берді», деп атап өтті.

Елімізде карантиндік шаралар енгізілген күннен бергі аралықта емхана жұмысында дамыл жоқ. Коронавирустық инфекция тұмау түрінде бас­талып, қант диабеті, гипертензия, жүрек қан тамырлары сияқты созылмалы аурулары бар науқастарда аурудың өршіп кету жағдайларының орын алуы дәрігерлерді қатты алаңдатты. Қаланың Денсау­лық сақтау басқармасы бас­шы­лығының тікелей қадаға­лауында әр науқастың жағ­дайы жіті қадағаланып, ауыр жағ­дайдағы алпысқа жуық нау­қас провизорлық стацио­нар­ларға жатқызылды. Қауіп-қа­тер тобына жататын науқас­тар дәрігерлердің қатаң бақы­лауына алынды. Мадина Ниет­бай­қызы атап өткендей, ауру белгілері науқастардың жас ерекшелігіне қарай әртүрлі си­патта өрбіді. Ал 30-45 жас ара­лығындағы науқастарда ауру белгілері неғұрлым жеңіл өткенін байқауға болады.

Бүгінде бұл емханада әр дәрігер өз тәжірибесімен бөлісе отырып жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналған. Өзіне бекі­тілген аумақтағы тұрғындар денсаулығын қадағалай отырып, учаскедегі әрбір науқастың жа­йы­н жете біліп отыруға тырысатын дәрігерлер ісі мақтан етуге тұрады. Осы орайда дәрігерлер Мөлдір Қожахметова, Алина Рах­матуллаева, Гүлжан Есімбекова, Гүлжан Шалдыбаева, сонымен қатар бас мейірбике Майра Жан­ғабаева, мейірбикелер Ай­дана Сарыбаева, Мағиза Ар­ғынбек, Гүлмия Бданова, Ғалия Байсақалова, Лайла Сеңгірбаева, ал жоғары оқу орнын енді ғана бітіріп келген интерн-дәрі­герлер Арай Мұхтарова, Фарида Пірманова және де мо­бильді топта қызмет еткен Инкар Хусайынованың есімін ерекше атап кетуге болады.

Емхана тіршілігіне қатысты азды-кем мәліметтермен бөліс­кен Мадина Ниетбайқызы медицинаны жоғары деңгейге алып шығатын дәрігерлер еке­нін айтады. Індет өршіп, кең та­раған тұста ауыр салмақ дәрі­гер­лердің иығына түсті. Осы кезеңдерде дәрігердің ауруды дұрыс анықтай білуінің ма­ңызды екенін уақыт көрсетіп берді. Жақсы дәрігер болу өз кә­сібіне деген жауапкершілігіне, білімі мен білігіне байланыс­ты. Теориялық білімді терең мең­герген маман ғана оны тәжі­рибемен ұштастыра алады. Бү­гінде дәрігерлер сапына қосылып жатқан жас маман­дардың білімі жоғары. Білме­генін үйренуге тырысады. Сон­дықтан да тәжірибелі маман­дар­дың жастарға білгенін үйретіп, баулудағы орны ерекше.

Әлемдік медицинадағы үрдіс­те жалпы тәжірибе дәрі­герле­рінің сұранысқа ие екенін айт­қан Мадина Ниет­байқызы өзі­нің бес мамандықты игеруі өз кәсібінде зор нәтиже бер­генін айтады. Жоғары дәрежелі аку­шер-гинеколог жалпы тәжіри­белі дәрігер ғана емес, өз сала­сының менеджері де. «Тәжі­рибелі дәрігер науқас жағ­дайын ішкі түйсігі арқы­лы сезініп, дертіне дауа іздеп сарсаңға түсуіне жол бермей­ді. Көптеген тәжіри­белі дәрі­герлер бірден дұрыс диагноз қоюда жан-жақты тек­серу­мен қатар ультрады­быстық зерт­теулерді де қолда­ну тәжі­рибесін меңгерген. Бүгінде меди­цинада бәсеке қалып­тас­қан. Жақсы дәрігерге қа­шан да сұраныс жоғары», дейді Ма­­дина Ниетбайқызы. Дәрі­гер ауру ағзаның ғана емес, адам жанының емшісі. Халқы­мыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген даналық сөзі осы­ған қарата айтылса керек. Кез келген ауру адамның ішкі күйзелісінен туындайды. Бұл үшін әр науқасқа кешенді кеңес бере отырып, оған өз жақының ретінде қараудың маңызы зор. Ал мейірім – кәсіби дәрігердің басты құралы.

 

АЛМАТЫ