Парламент • 20 Тамыз, 2020

Жаңа оқу жылына дайындық мәселесі депутаттар назарында

244 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда аймақтарда жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаттары жаңа оқу жылына дайындық жағдайын да назарға алуда.

Жаңа оқу жылына дайындық мәселесі депутаттар назарында

Мәселен, Мәжіліс депутаты Ж.Нұрманбетова елорданың бірқатар білім ошақтарында болып, пандемия кезінде оқушылар мен студенттерді қашықтан оқыту мүмкіндігіне бақылау жасады. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де аталған оқу орны ұстаздарымен және орта мектеп мұғалімдерімен кездесуде депутат оқушыларды қажетті оқулықтармен, цифрлық техникалармен, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету, ұстаздардың IT мүмкіндігін қалыптастыру, кезекші топтар ұйымдастыру және басқа да өзекті мәселелерді талқылады. Депутат мектептерді аралау барысында компьютермен қамту, жоғары жылдамдықты интернет, айрықша білім қажеттілігін талап ететін балалар оқуын ұйымдастыру, бастауыш сыныптарды орыс тілі, басқа да пәндер бойынша ұстаздардың, дефектологтар мен логопедтер жетіспеушілігі сынды мәселелерді анықтаған болатын. Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, жалпы білім беретін мектептер бойынша қалада 13 616 компьютер бар, ал қашықтан оқыту жүйесін қоса есептегенде аталған техникаға толық қажеттілік 35 737 бірлікті құрайды. Ж.Нұрманбетова, сондай-ақ А.Құнанбаев атындағы № 87 білім ордасында болды. Бұл жерде «Хабар» агенттігінің 8 студиясы орналастырылған. Күн са­йын 80-ге жуық телевизиялық сабақтар түсіріледі. Түсірілімге Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарының ұстаздары қамтылған. Құзырлы министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, 1 қарашаға дейін 1 және 2 тоқсан үшін барлығы 6 636 бейне сабақ әзірлеу жоспарланған.

 * * *

Сенат депутаты Н.Төреғалиев Батыс Қазақстан облысына барған сапарында өңірде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысына баса назар аударды.

Сенатор Сырым ауданына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының жай-күйімен танысты. Сондай-ақ мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы және көшелерді абаттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Сонымен қатар ол аудандық ауруханада болып, медициналық қызметкерлермен кездесті. Жергілікті мамандардың айтуынша, қазір аудан бойынша коронавирус індетін жұқтырған науқастардың бәрі дерлік емделіп шыққан. Депутат аудандық ауруханада және жергілікті дәріханаларда пандемиямен күрес үшін қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті екенін де өз көзімен көріп шықты.

Одан басқа сенатор Жымпиты-Кенашы су құбырының құрылысымен танысты. Бұл нысанның ұзындығы 77 шақырымды құрайды. Жалпы құны – 2,2 миллиард теңге. Нариман Төреғалиев аймақта ауыз су мәселесі өте өзекті екеніне назар аударып, бұл жобаның аудан үшін маңызы зор екенін жеткізді. Аталған су құбыры «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында республика бюджетінің есебінен салынып жатыр. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып қалған. Айта кетейік, Кенашы елді мекенінде үш скважина бар. Аталған су көздері Шағырлыой, Бұлан, Жамбыл, Қособа ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып шыққан сенатор жергілікті билік өкілдеріне бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын ұдайы бақылауда ұстау керектігін айтты. Депутат, әсіресе, өңір тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу барысында бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігін де сөз етті.

 * * *

Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі А.Перуашев және Мәжіліс депутаты Е.Барлыбаев Алматыдағы «Сұңқар» жекеменшік клиникасының базасындағы провизорлық орталықтың жұмысымен танысты.

Сондай-ақ депутаттар дәрігерлердің жұмыс жағдайы жөнінде, коронавирус жұқтырған онкологиялық ауруы бар науқастар туралы мәліметтерге қанықты. Клиника коронавирус жұқтырғандарға көмек көрсету мақсатында қайта жасақталған. Әр палатаға, операция және жансақтау бөлімдеріне автономдық арналар тартылған. Сондай-ақ амбулаторлық көмектер көрсетіледі. Алайда жекеменшік клиника өз базасын ұсынғанымен мемлекеттен немесе МӘМС-тен қосымша қаржыландырылмаған. Тек ғана қайырымдылық қорларының әріптестік көмегіне жүгінеді. Қазір ауруханада жиырмаға жуық адам ем қабылдауда. Мекеме қызметкерлерінің қаржыландыру жөніндегі өтінішін тыңдаған депутаттар бұл мәселенің шешімін табуына араласуға дайын екендерін жеткізді.

 * * *

Сенат депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығында болды. Сенаторлар карантинге байланысты қаржылық қиындыққа тап болған отбасыларға қолдау көрсету шараларын талқылады.

Орталық мамандары атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша келіп түскен өтініштерді жедел өңдейтіндерін айтты. Төтенше жағдай режимі басталғаннан бері жарты миллионнан астам шымкенттік ақша табу мүмкіндігін жоғалтқан. Құжаттарын тапсырған жұмыссыздардың барлығы дерлік мемлекеттен ақшалай өтемақы алды. Тұрғындарды қолдау мақсатында жалпы сомасы 19,9 миллиард теңге бөлінген. Сенаторлар жұмысқа орналастыру және туындаған әлеуметтік проблемаларды жедел шешу арқылы халыққа одан әрі де көмек көрсету керек екенін, әсіресе, адамдардың өтініштеріне сергек қарау қажет екенін жеткізді.

Сонымен қатар Орталық жалпы сомасы 6 миллиард теңгеге тағы 141,5 мың тұрғынға материалдық көмек көрсетті. Сенаторлар, сондай-ақ әкімдік пен қайырымдылық ұйымдарының өкілдеріне аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетуді тоқтатпау туралы өтініш білдірді.

 * * *

Мәжіліс депутаты И.Аронова Қостанай облысы бойынша жаңа оқу жылына дайындық жағдайымен танысты.

Жазғы демалыс кезінде аталған өңір бойынша барлық мектепте ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық база нығайтылды. Жергілікті білім саласы мамандарының айтуынша, осы жылы 9,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 130 нысанға күрделі жөндеу жүргізілген. Депутат облыстық ұстаздар қауымымен өткен онлайн конференцияда қазіргі карантин жағдайында білім беру жұмысын ұйымдастыру тақырыбын талқылады. Мәлім болғандай, барлық мектептерде сабақ қашықтан оқытудан басталады. Онлайн кездесу барысында ұстаздар мен олардың отбасын әлеуметтік қолдау жайы да назардан тыс қалмады. Нақты айтқанда, коронавирус індетін жұқтырған мұғалімдерді сауықтыру мәселесі әңгіме өзегіне айналды. Ұстаздар қауымы биыл тұңғыш рет бастауыш сыныптар үшін ұйымдастырлатын «кезекші сыныптар» мәселесіне назар аударды.