Руханият • 20 Тамыз, 2020

Атап ас бергіңіз келсе...

2946 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жұмыр жердің бетін жаман тұмау жайлағалы жаназаның жамағатсыз өткізілуі жалпақ жұрттың қабырғасына батып тұрғандығы әмбеге аян. Осы бір қалыптасқан дәстүрді иманды ишара қылып өткізудің де жолы бар екен. 

Атап ас бергіңіз келсе...

Таяуда облыс орталығындағы Науан хазірет атындағы мешіт ұйымының ұйытқы болуымен Мереке Оразұлы есімді ел ағасының өмірден өткеніне қырық күн толуына орай сол кісінің атынан марқұмның отбасы 100 мұқтаж отбасына азық-түлік пакеттері таратты. Бұл игілікті істі мешіт қызметкерлері ұйымдастырып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың үйлеріне жеткізіп беріп, сауапты іс жасады.

Қазіргі уақытта мешіттерде рәсімдердің уақытша тоқтатылғандығы көпшілікке белгілі. Әйтсе де, қайырымдылық қағидаттары жүзеге аса бермек.

– Мұндай игілікті шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады, – дейді мешіттің бас имамы Қуаныш Сәбит, – әзірше өмірден өткен адамдардың жетісі, қырқы, жылы дейтұғын ежелден қалыптасқан рәсімдерді осылай атқарсақ, сауабы зор болмақ.

Басқа амалдың жоқтығынан әрине. Есесіне мұндай шаралар ел ішінде жұқпалы аурудың жолын кесуге септігін тигізетіндігі анық. Бұрын қысылып-қымтырылып, кісі санын шектеп ас бергеннің өзінде жағасынан жаман тұмау үңіліп қарап тұратындай әсерде болатын жамағат үшін жап-жақсы мысал болатын-ақ  шара.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.