10 Сәуір, 2010

ЕУРОПАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ЕУРАЗИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК НЕГІЗІ

767 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық делегация өкілдерінің Санкт-Петербург қаласына сапары аяқталды. Ресейдің солтүстік астанасында ТМД мемлекеттері, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеялары мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясы ұйымдастырған шаралар аясында Достастық елдері кеңістігіне ортақ, өзекті мәселелер жан-жақты сараланды. Бірнеше күнге созылған сапар барысында ТМД елдері мен ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеялары, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы өкілдерінің көкейінде жүрген мәселелер өзінің айтарлықтай сал­мақ-жүгімен ерекшеленетініне тағы бір көзіміз жетті. Олай дейтініміз, аталған Ассамблеялар шеңберінде талқы таразысына түскен саяси, халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық, білім және ғылым, экология және табиғатты пайдалану, сауда және шекаралық саясат, кедендік реттеу сынды мәселелердің қай-қайсысы болса да, өзара тиімді үнқатысу жолымен жедел түрде шешуді қажет ететіні анық. Мәселен, бүгінде көптің назарында жүрген Кедендік одаққа қатысты жәйттер Ассамблеялар өкілдерінің қызу талқысынан сырт қалмады. Мәселен, Еуразия экономикалық қоғамдастығының Бас хатшысы Тайыр Мансұров бүгінде өз күшіне еніп үлгерген Кедендік одақ жұмысын посткеңестік ке­ңістіктегі маңызды интеграциялық үдеріс ретінде бағалайтынын жеткізді. Ол өз сөзінде бұл үде­ріс­тердің қиындықсыз болмайтынын, сол себепті де бірлескен ауқымды жиындар өткізіп тұру қажеттігін атап өтті. Санкт-Петербургтегі жи­ын­дар­ға арқау болған ауқымды мәсе­ле­лер еуропалық қауіпсіздікті ны­ғай­ту төңірегінде де өрбіп отырды. Ассамблеялар ұйымдастырған ша­ра­лардың соңғы күні “Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 65 жыл және еуропалық қауіпсіздік бо­ла­шағы” атты халықаралық парла­мент­тік конференцияның пленар­лық отырысында қауіпсіздік теті­гін нығайтудың жолдары жан-жақ­ты қарастырылды. Бұл отырыс барысында сөз сөйлеген еліміз Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұха­мед­жанов адамзат тарихына ай­тарлықтай ізін қалдырған екінші дүниежүзілік соғыс, еуропалық қауіп­сіздік қал­қанын күшейту тө­ңі­регінде өз ой-пайымымен бөліс­ті. “Екінші дү­ние­жүзілік соғыстың суық лебі Еу­ропа ғана емес, Азия мен Африка елдерін шарпып, Жаңа Зеландия мен Аляска, Еги­пет пен Австралия жерлеріне жет­ті. Бірақ ең адам төзгісіз әрекеттер мен ай­рықша дра­ма­тизммен ай­қын­­дал­ған оқи­ға­лар Кеңес Одағы ай­ма­ғында шо­ғыр­ланды. Бірақ, Кеңес Одағының қайсар-жігері арқа­сын­да неміс фашистерінің араны жабылды. Алайда бұл жеңіс оңай­лық­пен кел­ген жоқ. Мил­лион­даған адамның өмірі қиылып, он­да­ған миллион жан жақындары мен туыстарынан айрылды. Бұл сөзсіз әлемдік қасірет, жалпы­адам­зат­тық күйзеліс еді”, – деді О.Мұ­хамеджанов. Осылай дей келе ол, ақпан айында өткен Мюнхен халық­ара­лық конференциясы Еуропадағы қауіпсіздіктің жаңа шеңберін іздеу қажеттігіне көптің көзін жеткіз­ге­нін атап өтті. “Еуропалық қауіп­сіз­дік – ол еуразиялық қауіп­сіз­діктің негізі. Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Еуропаның ТМД кеңістігіндегі, Орталық Азия мен мұсылман әлеміндегі сенімді серіктесі ре­тіндегі беделін айқындап үлгерді”, – деді еліміз Парламенті Мә­жі­лісінің Төрағасы. Бұл ретте ол парламенттік дипломатияның рөлі күн санап арта түскендігіне, Қа­зақ­станның парламентаралық ын­тымақтастықты саяси үнқаты­су­дағы басты құрал ретінде ұста­натындығына да тоқталды. Еуропалық қауіпсіздікті нығай­тудағы парламенттік дипломатия­ның рөлі ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Тұрақты комиссия­сының бірлескен отырысында де кеңінен айтылды. Мәселен, Қа­зақ­стан Парламенті Мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижан транс­шекаралық қауіпсіздік, оның ішін­де терроризм, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік арасын­дағы шектен тыс мигра­циялық ағын, есірткі заттарының саудасы секілді күрмеулі мәселе­лер әлемдік қоғамдастықты көп жәйтті қайта саралауға мәжбүр­лейтінін жеткізді. Бір атап өтерлігі, күрделі мә­се­лелер өзек болған ауқымды ша­ралар кезінде оған қатысушы делегат өкілдерін марапаттауға да уақыт табылды. Олардың арасында қазақстандық делегация өкілдері де бар. Мәселен, ТМД Парла­мент­аралық Ассамблеясы Кеңесі­нің “Достастық” орденімен сена­тор Ғ.Қасымов, Мәжіліс депу­тат­тары С.Ибрагимов, Г.Қарағұсова, В.Нехорошев, К.Сағадиев, У.Елеу­баев, ал аталған Парламентаралық Ассамблеяның Құрмет грамота­лары­мен сенатор Т.Мұхамед­жа­нов, Парламент Мәжілісінің де­путаттары Б.Әлімжанов, Б.Бекжа­нов, Қ.Бисенов, Р.Сәрпеков, сондай-ақ Мәжіліс Аппаратының мемлекеттік қызметкерлері А.Сей­тақ, А.Оразов және Б.Ботабаева марапатталды. Сондай-ақ, Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаттары В.Рогалев, Р.Шаекин, Г.Сейіт­ма­ғам­бетова, сенаторлар Ж.Сәрсен­құлов пен Ж.Нұрғалиев, Сенат және Мәжіліс Аппаратының қыз­меткерлері А.Сырғабаева, Ж.Бай­ті­лесов, И.Мамашеваларға ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ас­самблеясының Құрмет грамота­ла­ры тапсырылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.