Қазақстан • 21 Тамыз, 2020

Қазақстандық танкішілер жарысқа дайын

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында өтетін танк биатлонына қатысатын қазақстандық команда танкішілер өнер көрсететін техниканы қабылдауды бастады.  

Қазақстандық танкішілер жарысқа дайын

 

Жеребе нәтижесінде Қазақ­стан командасы сары түске боял­ған төрт танкіге ие болды. Кон­курс ұйымдастырушылары – ресейлік тараптан ұсынылған техниканы техникалық қамтамасыз ету тобы офицерлерінің басшылығымен экипаждар  қабылдады.

Қабылдау барысында танкі­лердің тех­никалық жағдайы, жауын­герлік маши­наның бөлік­тері және механизмдерінің жарам­дылығы мен қабілеттілігі тек­серілді. Сонымен қатар танк­тердің техникалық қамтамасыз етілуі және пайдалану алдындағы дайындыққа назар аударылды.

1

Қазақстандық әскери қызметшілер жауынгерлік маши­налардың жағдайы қана­ғаттанарлық екендігін және «Танк биатлоны» сайысы аясын­дағы барлық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жарыс басталмас бұрын қазақ­стандық танкішілерге қару-жарақтың дайын­дығы мен дәлдігін дұрыстап, танк биатлоны трассасының бағытын мұқият зерделеу қажет.

Қазақстан Қарулы Күштері­нің командасына халықаралық байқауға іріктеу кезеңдерінің көшбасшылары – танкіші мамандар таңдалды. Алдын ала кезең­дер барысында «Оң­түс­тік», «Шығыс», «Батыс» өңір­лік қолбасшылықтары­ның және Десанттық-шабуылдау әс­кер­лерінің атынан төрт танк маман­дарының экипажы іріктелді. Еліміз атынан сынға түсетін команданы ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Алдабергенов басқарады.

Еске сала кетейік, Армия халықара­лық ойындары-2020 аясында өткізілетін «Танк биатлоны» халықаралық жарысы 23 тамыз – 5 қыркүйек аралы­ғын­да «Алабино» полигонында өтеді. Қазақстандық команда алғашқы жеке жарысын 25 тамыз күні  бастап, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан танкішілерімен бірге бір топта өнер көрсетеді.

Аталған ойын 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Қатысушы елдердің саны да жыл сайын артуда. Биыл «Танк биатлонына» 16 елдің командалары қатысады. Сарапшылар атап өткендей, байқаудың ең мықтылары – Беларусь, Қазақстан, Қытай және Ресей қатысушылары.

«Танк биатлоны» – биыл қазақ­стандық команда қа­тыса­тын жалғыз байқау. Бұл жал­пы командалық жүлделі орын­­дарды жеңіп алу мүмкін­дігін ай­тар­лықтай төмендетеді. Өйт­кені көптеген байқауларда жоғар­ғы ұпай жинаған команда жеңіс­ке жетеді. Соған қарамас­тан, қазақ­­стан­дық жауын­гер­лер жеңіс тұғырынан көрінуге үмітті.

«Танк биатлоны» танкті басқару, кедергілерден өту және зеңбірек пен пулеметтен нысана көздеу сияқты жоғары ше­­бер­­лікті ғана емес, сонымен қатар үйлесімділікті, экипаж мүшелерінің іс-қимылын үйлестіруді, жақсы дене дайын­дығын талап етеді.

1