Мыңнан аса тұрғыны бар, етек-жеңі кең пішілген ауылдың негізгі күнкөрісі төрт түлік мал. Ауылдық округте тіркелген 45-ке жуық шаруа қожалығы өрісті малға толтырып отыр. Оның 10-ы – кәдімгідей техникасы сайлы, қорасы құтты, мал басы көп шаруа қожалықтары.
Қызылағаштың көркейетін жөні бар, Бурабайдың баурайындағы курортты аймаққа жақын орналасқан. Соның шарапаты тиіп, жол да жиі жөнделеді. Биыл ауыл ішіндегі көптен жөндеу көрмеген жол да жөнделе басталыпты.
– Кей жерде ауыл тұрғындары жұмыс таба алмай отыр деп естиміз, – дейді ауылдық округ тұрғыны Қасен Құсайынов, – ал бізде керісінше, жұмысқа адам жетпейді. Ілкіде «ауылдың ажары – азаматынан» дейтұғын қанатты сөз болатын, осы сөз дөп айтылған. Міне көрдіңіз бе, биылдың өзінде қаншама шаруа тындырылды. Қызылағаштың құтты мекенге айналуы, көнекөздердің айтуына қарағанда, ел ардағы – Еркін Әуелбековтің келуінен басталса керек. Ол кезде бұл елді мекенде не мектеп, не ауызсу болмаған. Ел жағдайын көрген Еркін Нұржанұлы жалма-жан облыстық сала басшыларын шақырып, осы жерде кеңес өткізіп, тапсырма берген екен. Сол тапсырманың нәтижесінде мектеп те, жол да салынып, су тартылған.
Қуаты күн санап артып келе жатқан елді мекен ендігі арада жоқ-жітігін жамап-жасқап, қапысыз қамдану үстінде. Сонау 1975 жылы салынған орта мектептің төбесі толық жаңартылып жатыр.
– Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде мектептің шатыры жөнделіп жатыр. Оған 50 млн теңге қаражат бөлінді. Маусымның 25-інде келісімшарт негізінде жұмыс басталған болатын. Екі айда жауып берді, енді ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Жалғыз мектеп қана емес, шағын орталық та жөндеуден кейін жұтынып тұр. Қабырғалары түзетіліп, әктеліп, сырланып құрылысшының қалағынан жаңа шыққан ғимарат тәрізді болып тұр. Жиһаздары да жаңартылды, – дейді орта мектептің директоры Дидар Қалиев.
Әуел баста мектеп 600 орынға лайықталып салынған екен. Уақыт өте келе өтпелі кезеңнің өкпек желі мұнда да салқынын тигізген. Әйтсе де, тәубе дерлік. Биылғы оқу жылында 184 оқушы білім ошағының табалдырығын аттамақ. Негізгі мектеп жаман тұмауға байланысты қашықтан оқытылатын болғандықтан бастауыш сынып оқушылары кезекші топқа өтініш беруде. Қалған сыныптар қашықтан оқытылады. Жалпы бірқатар елді мекендердегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасымен салыстырғанда берекелі ауылдың білім ошағы жап-жақсы жарақтандырылған. Өткен оқу жылында да интернеттің игілігін көрген сыңайлы. Қазір мұғалімдер қауымы негізгі сабақтарына қамдануда.
Мектепте екпін түсіріп айтатын жақсы дәстүр қалыптасыпты. Айталық, білім ошағын бұрын бітіріп кеткен мектеп түлектері соңғы қоңырауда өздерінің ыстық ұяларына көмек қолын созады. Тозған жабдықтарын ауыстырып, жаңа жиһаздар әпереді. Оқушыларға қажетті техникалық құралдарды да сыйға тартады. Үстіміздегі жылы музыкалық орталық пен жылжымалы проектор әперіпті. Бұл да бір былайғы жұртқа құлаққағыс ретінде айтатұғын дүние.
Мектеп жанындағы «Балдырған» шағын орталығы жинақы, жарық. Үш топта 54 бала тәлім-тәрбие алуда. Екі топ толық, бір топ жарты күн жұмыс істейді екен. Осының өзі-ақ ауылдың 11 адамын жұмыспен қамтып отыр. Орталық балдырғандары бес мезгіл тамақтандырылады.
Ауыл іргесі берік. Тұс-тұста жаңа үйлер салынып жатыр. Осының барлығы әуелі бірліктің, содан соң алға ұмтылған еңбектің арқасы. Сол еңбек арқылы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай да тәп-тәуір. Елді мекендегі отбасылардың 80 пайызына ауыз су желілері тартылған. Тұрмыстары құдды қалалық жердегідей.
Туған жердің төсін түлеткен, адал еңбегіне сүйенген Қызылағаш ауылының тұрғындары қазір қысқа қамдануда. Мал қораларының маңындағы қаз-қатар тізілген тау жоталары тәрізді маялар ел ішіндегі берекені анық аңғартып тұрғандай.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы