Кездесу барысында Қордың басқарма төрағасы еліміздің мұнай саласы тағы бір дағдарысты бастан өткергенін атап өтті. Сонымен бірге Қор компаниялары тобында қабылданған оңтайландыру шараларының нәтижесінде 422 млрд теңгеге резервтер құрылғанын хабарлады. А.Есімов мұнай саласының операциялық тиімділігін арттыру бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру керегін, атап айтқанда, тиімсіз ұңғымалар қорына қатысты шаралар қабылдау қажеттігін ескертіп өтті.
Маңғыстау және Атырау облыстарының әкімдері Серікбай Трұмов пен Махамбет Досмұхамбетов өз кезегінде дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар үшін қор басшылығына алғыс білдірді. Қабылданған шаралардың тиімділігі дағдарыс кезеңі басталғаннан бері бірде-бір қызметкер жұмыстан босатылмағанынан, қызметі уақытша тоқтатылған сервистік компаниялар да жалақысыз қалмағанынан байқалды.
«Өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты жүргізілген оңтайландыру шараларына қарамастан, өндірістегі жұмыс орындарын сақтау және ағымдағы жылға арналған өндірістік бағдарламаларды орындау басымдық болып қала береді. Жоспардан артта қалу бар. Компания басшылығы жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған шараларды қабылдауы қажет», деді Ахметжан Есімов.
Тәуелсіздік жылдарында ең ірі өнеркәсіптік кәсіпорын – KPI мұнай-химия кешенінің құрылысы 74%-ға дайын. Құрылыс 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жоба жылына 500 мың тоннаға дейін полипропилен өндіруге мүмкіндік береді деп күтілуде. А.Есімов жоспарланған кестені одан әрі сақтауға назар аударды.
Сапар барысында Қор басшысы кейбір еншілес ұйымдардың басшыларын сынға алды. Нақты айтқанда, «Қарабатан» ПГТЭС-те өндірілетін электр энергиясының төмен бағасына қарамастан, түсініксіз себептермен оны басқа көздерден сатып алуды жалғастыруда.
Ақтау қаласында қор басшысы Құрық және Ақтау порттарындағы қазіргі жағдаймен танысты. Бұл инфрақұрылымдық нысандардың еліміздің транзиттік әлеуеті үшін маңызы зор. Олардың қызметіне Оңтүстік-Шығыс Азиядағы пандемия жағдайы, сондай-ақ кейбір сыртқы факторлар әсерін тигізді. Кездесу соңында Ахметжан Есімов ҚТЖ мен Құрық портының басшылығына порттың жүктеме деңгейін арттыру үшін бірлесіп күш жұмсауды тапсырды.