Суретті салған Айдарбек Ғазизов, EQ
Өткен жылмен салыстырғанда биыл мұндай арсыздыққа барғандардың саны 11 пайызға артқан. Бұл ретте жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолын кесудің бір тиімді жолы деректер қорын одан әрі интеграциялау мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру дер едік.
Елімізде деректер қорын жыл санап интеграциялау арқылы пайдаланушыларды мәліметпен бірыңғай жүйеден қамтуға жол ашылып келеді. Алайда бұл бағыттағы қадам тым баяу жасалып жатқан сияқты. Бір мекеменің қажетіне жарайтын анықтаманы келесі мекемеден сұрататын жағдайлар жиі кездеседі.
Тіпті, бір ведомстводағы мәліметті келесі ведомство көре де, қолдана да алмауының зардабын әр отандасымыз басынан өткерген десек, артық айтпаған болармыз. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болар еді. Барлығына бірдей тоқталмай-ақ қоялық. Қарапайым баспана, автокөлік рәсімдеу кезінде де түрлі қиындықтарды кездестіруге болады. Ал банк, пошта арқылы жасалған төлемдердің мемлекеттік кірістер базасына бірде еніп, бірде енбей жататыны да – даулы мәселе.
Бір ғана мысал келтірейік. Бұдан бірнеше жыл бұрын автокөлік салығы мен жол жүру ережесін бұзғанымыз үшін салынған әкімшілік айыппұлды төлемедіңіз деген хабарлама алып, жергілікті мемлекеттік кірістер органына барған болатынбыз. Алайда салықты да, айыппұлды да бір кісідей төлеген соң, көңілің де күпті болады екен. Сөйтсек, бір мекемеде жасалған төлем келесі мекемеде көрінбейтін болып шықты. Мұндайда қалтаңды қаққан қаражаттан бұрын, көңілге салған қаяу қынжылтады. Осындайда ортақ деректер қоры неге жасалмайды деп ойға бататынымыз да жасырын емес. Сондықтан болашақта барлық мәліметті, қажетті деректі бүгінгідей түрлі ақпарат көздерінен емес, ойластырылған, жүйеленген ортақ дерекқордан алатын боламыз деген үмітке үздігеміз. Сол арқылы қордағы мәліметтер жекелеген тұлғаларға ғана емес, жалпы қауымға ортақ дүние болады. Осылайша бір ведомствоның талабына жауап ретінде басқа мемлекеттік органнан анықтама алатын тəжірибе келмеске кетеді деген сенім бар.
Осы жылдың соңына дейін еліміздегі мемлекеттік органдардың 310 ресми сайтын бірыңғай платформада біріктіру жоспарлануда. Қолға алынып жатқан Мемлекеттік органдардың интернет-қорларының бірыңғай платформасы мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің барлық бытыраңқы сайттарын бір терезеде біріктіруге мүмкіндік беретін болмақ. Бұл жұмыс азаматтардың ақпаратқа жүз пайыз қолжетімділігін стандарттауға және қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ресми сайттарын қолдауға пайдаланылатын бюджет қаражатын 2 млрд теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік беретін көрінеді. Құптарлық жайт. Енді бұл бастама ортақ дерекқор құру ісіне де талпыныс берсе игі еді.
Ортақ дерекқорды қалыптастырудың өзекті мәселесін еліміздегі цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыс шешуі тиіс. Жалпы, цифрландырудың негізгі мақсаты – әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, адами факторды азайтып, сол арқылы жемқорлықтың жолын кесу. Соның ішінде, жемқорлықпен күрестің ең нәтижелі құралдарының бірі мәліметті беруді цифрландыру болып отыр. Сол жолға түсіп те келеміз. Бүгінде мемлекеттік қызметтің басым бөлігі электронды форматта көрсетілуде. Сол арқылы мемлекеттік қызметкердің қызмет алушымен тікелей қарым-қатынас орнатуына жол берілмейді. Бұл да жемқорлықпен күрестің бір жолы.
Зерттеушілердің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа ең алдымен адами фактор әсер етеді. Яғни қызмет көрсетуші мен қызмет алушының арасында тікелей қарым-қатынас, белгілі бір байланыс болмаған жағдайда жолдан тайғандар да болмайды. Ол үшін ең алдымен осы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру маңызды. Өткен жылы отандастарымызға жалпы саны 54 млн-нан астам мемлекеттік қызмет электронды форматта көрсетіліпті. Биылғы төтенше жағдай режімі кезінің өзінде азаматтарға көрсетілген электронды мемлекеттік қызметтің саны 16 млн-нан асыпты. Осылайша электронды форматта күнделікті қызмет көрсету жұмысы елімізде 3 есеге артты. Алайда бұл қадамның барлығы тым баяу жасалып жатқанына халық куә. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «Дағдарыс кезінде цифрландыру қызметінің де рөлі мүлде байқалған жоқ. Цифрлы комиссарлар қандай жұмыс бітіріп жатыр?» деп, осы саланың қызметін сынға алған болатын.
Бәлкім, елімізді, соның ішінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жүйелі жолға қоя білгенімізде жемқорлардың да саны артудың орнына кемір ме еді? Себебі жоғарыда айтқанымыздай, цифрландырудың басты мақсаты – жемқорлықтың жолын кесу. Сондықтан бұл жұмысты жалғастырудың қаншалықты маңызды екенін жемқорлықпен күресіп жүрген ведомство қызметкерлері жақсы түсінеді.
Осы мәселеге ел Президенті де ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде мән беруді қажет ететін маңызды бағыттарды алға тартқан еді. Сол кезде Президент атап өткен сегіз бағыттың екіншісі елдегі сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде болды. «Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», деді Қ.Тоқаев.
Президент халыққа берген уәдесінде тұрды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі ведомствоға бөлініп, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі болып қайта құрылды. Осылайша өткен жылы Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз алдына отау құрған болатын. Бұл қадам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында түбегейлі бетбұрыс жасауға мүмкіндік берді.
Ендігі күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне артылған жауапкершіліктің жүгі де ауыр. Себебі аталған ведомство жұмысын жүйелеп, деректер қорын одан ары интеграциялауды, мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жалғастыратын болса, ел экономикасын етегінен тартып тұрған жемқорлықтың да жолы кесілер еді...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте: «Негізгі мақсат – жемқорлықтың тамырына балта шабу, оны түбегейлі жою. Бұл жұмысты еш созбалаңға салмай, қарқынды түрде жүргізу қажет», деді. Ендеше, Президент алға қойған бұл міндет өз деңгейінде орындалуы тиіс.