Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) тарапынан жолданған мәліметте Бақытжан ЗК169/5 мекемесіне 2017 жылы жазасын өтеуге келген. Ерекше өнер иесінің бұл кәсіпке қалай келгені жөнінде Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД ұсынған ақпаратта Бақытжан былай депті: «Мен бұл мекемеге түскен жылы алдымен кірпіш зауытында жұмыс істедім. Жұмысы ауыр болды. Кейін тұрақты бір іспен айналысып, оның үстіне тиісті жалақымды алып отырайын дедім. Бала күннен кеменің капитаны болуды армандаушы едім. Сол арманымды шағын кеме макетін жасау арқылы жүзеге асырғандаймын. Бір күні ағаш цехында жұмыс істеп жатқан жігіттердің ісіне қарап, қатты қызықтым. Негізі, қолөнермен айналысу адамға ерекше әсер сыйлайды. Әр қолдан шыққан дүниені бар ынтаңмен беріліп жасап, нәтижесінде жұрт қызығарлықтай керемет бұйым шықса, еңбегіңнің жемісін көргендей боласың».
Бақытжан кемені жасау үшін алдымен қағазға оның макетін сызып алады екен. Одан кейін оның қаңқасын әзірлеу үшін тиісті ағаш дайындайды. «Кеме жасауға көктерек ағашын таңдап алған дұрыс. Өйткені ол иілгіш, кеме жасау үшін таптырмайтын ағаш. Бұл жұмыс аса сабырлық пен төзімділікті қажет етеді. Бір кеме жасау үшін шамамен он күн мен бір айдың арасында уақыт кетеді. Яғни шағын кемені 7-10 күнде, ал үлкен кемені жасау үшін бір ай уақыт кетуі мүмкін. Онда да қолыңда қажетті материалдар болса», депті шебер.
«Бақытжан Есенбаевтың жұмысына қарап отырып, оның өз кәсібін аса сүйіспеншілікпен атқаратынын байқадық. Қолына алған әр ағашқа мұқият қарап шыққан шебер кемеге таңдап алған ағаштарын арнайы құралдарымен тазартуды бастап кетті. Ағашты тегістеп шықан соң, керек өлшем бойынша кесіп, бір-біріне жапсырып шықты. Тіпті кеменің желкенін таңдауға да аса бір ерекшелікпен мән береді екен. Желкенді көбіне кеменің түсіне қарап таңдап алатын көрінеді. Бірнеше бөлшегі мен өте көп құрамнан тұратын кемені жасап жатқан Бақытжанның қолы қолына жұқпайды. Біресе сызып, өлшем бірліктерін салыстырса, енді бірде оны кесіп, бір-біріне түйістіріп көріп жатады. Бір қызығы, кеме жасау үшін ешқандай шеге мен бұранданың қажеті жоқ екен. Иә, шебердің туындысы тамсандырмай қоймайды», делінген Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД ұсынған ақпаратта.
Алдағы уақытта түрлі күрделі кеме құрастыруға бел буған Бақытжанның қолынан бүгінде 40-қа жуық су көлігінің макеті дайындалыпты. Шеберлік пен табандылықты талап ететін бұл кәсіпті нәсіп еткен жазасын өтеушінің жеке өміріне де тоқтала кетейік.
Б.Есенбаев Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Ата-анасының біреудің ала жібін аттама деп өсірген тәлім-тәрбиесіне құлақ аспағанына қазір қатты өкінеді екен. Бостандықта жүргенде жеке шаруа қожалығын басқарып, кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкер сол бір жаңсақ іске не үшін барғанын күні бүгінге дейін өзі де толық түсінбейтін көрінеді.
Жұбайы қайтыс болғаннан кейін жалғыз қызымен және қарт анасымен қалған Бақытжан жан күйзелісін бастан өткерген тәрізді. Әйтпесе, ақылшы анасы бар, қыр гүліндей құлпырған қызы мен шағын кәсібі бар азаматқа есірткі сатып не болды? Он жылға кесілген жігіттің ендігі арманы – бостандыққа аман-есен шығып, қарт анасы мен қызына қамқор болып, ел қатарлы өмір сүру.