Спорт • 21 Тамыз, 2020

Нұрсұлтан Мәскеуде айқасады

124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуропадағы ең беделді промоушен – АСА (Absolute Championship Akhmat) 5 қыркүйекте Мәскеуде аралас жекпе-жектен аса ірі халықаралық турнир ұйымдастыруды көздеп отыр. Сол жарыста қазақтың қайсар ұлы, «Алаш Прайд» клубының мүшесі Нұрсұлтан Қасымханов өнер көрсетеді. Ол ресейлік Әлихан Сүлеймановпен күш сынасады. Айтулы қос спортшы жартылай жеңіл, яғни 65,9 кило салмақ дәрежесінде сайысқа түседі.

Нұрсұлтан Мәскеуде айқасады

Алматы облысы Алакөл ауданының тумасы Нұрсұлтан Қасымханов кезінде қазақ күресімен шұғылданған. Ұлттық спорт түрінен өткен жарыстарда біраз табысқа жеткеннен соң аралас жекпе-жекке ауысады. Елімізде жауынгерлік өнерді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» клубында шеберлігін шындаған ол өзінің тұсаукесер кездесуін 2014 жылдың сәуір айында Руслан Серіп­құловқа қарсы өткізіп, басым түседі. Сол кезден бері барлығы 12 рет айқас алаңына шыққан Қасымханов 10 бәсекені өз пайдасына шеш­ті. Атап айтсақ, қан­дасымыз ауған­стандық Әмір Ибохум, өз жер­лестері Салат Бишханов, Қанат Дос­ма­ғамбетов, Қанат Рақымов, Райым­бек Орынбай, қырғызстандық Жәмшітбек Әзірет, ресейлік Дмитрий Ермолаев пен Александр Педусон және беларусьтық Иван Жвирблияны жеңеді. Сол жекпе-жектердің тең жартысын мерзімінен бұрын аяқтады.

Тағы екі кездесуде Нұрсұлтан же­ңіліс­тің кермек дәмін татты. Ол 2014 жылы қазақстандық Виктор Кичигинге және 2018 жылы румыниялық Богдан Барбуге есе жіберді. Екеуінде де бәсеке тағдырын төрешілер шешіп, жеңісті қарсыластарына берді.

Мәскеуде Нұрсұлтан Қасымханов Әлихан Сүлеймановпен жекпе-жекке шығады. Чешенстанның тумасы өте тәжірибелі спортшы. Ол да осы спорт түрін 2014 жылдан бері серік етуде. Сол аралықта 13 мәрте октагонға шығып, 11 рет жеңіс тойын тойлады. Жеті қарсыласын есінен тандырды. Биыл наурыз айында Алматыда өткен турнирде Әлихан біздің Ермек Тлауовті тізе бүктірген болатын. Бұл жолы біз Нұрсұлтан өз командалас әріптесінің жіберген есесін қайтарады деп үміттенеміз.

– Бұл өте тартысты жекпе-жек бо­латыны сөзсіз. Әлихан – талай дүр­мекте өзінің мықтылығын сан мәрте мойындатқан саңлақ. Бірақ біздің Нұр­сұлтан да осал емес. Ол – ешкімнен қай­мықпайтын, алдында қандай дүлей күш иесі тұрса да еш аянбай айқасатын ержүрек жігіт. Сондықтан осы айқасты тамашалаған көрермендердің айызы әбден қанатынына еш күмәнім жоқ, – дейді «Алаш Прайд» клубының прези­денті Данияр Қасқарауов.

5 қыркүйек күні Ресей астанасында жалауы желбірейтін жарыстың басты жекпе-жегі жартылай орта салмақ дәрежесіндегі (77,2 кило) Кабардино-Балкарияның өкілі Әли Багов пен дағыстандық Мұрат Абдуллаев арасында өтеді. Тағы бір негізгі тартыста Эдуард Вартанян (70,4 кило) мен Мұхамед Коков күш сынасады.