Туризм • 21 Тамыз, 2020

155 шақырымдық жаяу соқпақ салынады

514 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет. Іле Алатауы Ұлттық саябағының жанынан құрылған қоғамдық кеңес «Аюсай визит орталығы» жобасының жұмысымен танысты.

155 шақырымдық жаяу соқпақ салынады

 

Алатау баурайындағы әсем Алматы тағы да бір тамаша демалыс орнымен толығады. Экотуризмді тұрақты дамыту жұмыстарының барысын тексерген мамандар көркіне көз тоймайтын тұмса табиғатты демалыс үшін тиімді пайдаланумен қатар қоршаған ортаға залал тигізбеу жайын баса назарға алуымыз керек деп есептейді. Ұлттық саябақ жанындағы қоғамдық кеңеске құрамында – туристік ұйымдар өкілдері, ғалымдар, спортшылар, кәсіпкерлер, экобелсенділер, қоғам қайраткерлері бар 19 адам енген.

Ұлттық саябақ жанындағы қоғам­дық кеңес орталықтың құрастырылу саты­ларымен танысты. «Туранга групп» командасы таяу арада «Тамыр» та­биғат аясында болу мектебімен бірге екі жаңа соқпақты қалыптастыруды жоспарлап отыр. «Жас кайың» деп аталған бірінші соқпақта ата-аналар балаларымен бірге, сондай-ақ егде адамдар жүре алады. Екінші соқпақ қимыл-қозғалысы шектелген жандар үшін арнайы құрылмақ. Келешекте жүріс мүмкіндігі арттырылған мүгедек арбалар алу да ойластырылыпты.

Алматы экология департаментінің басшысы Қонысбек Байдинов: «Эко­туризмді дамыту жобасы өте қажет. Әсіресе өскелең ұрпақ үшін керек. Бала­лар­ды экологиялық мәдениетке жас­­тайынан баулу, қоршаған ортаның құн­ды­лығын ұқтыру аса маңызды», дейді.

Жобаның басты артықшылық­тарының бірі таудағы «жабайы» миграцияны өзгерту талпынысы еке­нін атап өткен жөн. Ұлттық саябақ жанын­дағы қоғамдық кеңес мүшесі Расул Рыс­мамбетов осыған қатысты қолдау пікірін білдірді.

– Мен қоғамдық кеңеске аталған жүйенің тиімділігі қызықтырғасын, бұл жоба келешекте қандай сомаға жүзеге асып, қандай табыс әкелерін білгім келгендіктен кірдім. Себебі Қазақстанда бір емес, он үш ұлттық саябақ бар. Сон­дықтан экобизнестің жеке жоба үлгісінде дамуын бақылау қызықты болмақ. Оның үстіне тауға жиі келетін Ал­маты қаласының тұрғыны ретінде бұл жоба қандай өзгеріс әкелетінін көр­гім келеді, – дейді ол.

Жоба аясында 155 шақырым жаяу соқпақ салу мен абаттандыру көзделіп отыр. Сондай-ақ келушілерге ұлттық саябақ туралы ақпарат беретін 7 визит орталық орнату қарастырылған. Келешекте этноауыл, кемпинг, шатыр лагерь, 10-15 орындық глэмпинг (тау баспанасы) және бір караванинг (ав­тоүймен саяхат жасайтындарға ар­нап жабдықталған тұрақ ) пайда болмақ.

 

АЛМАТЫ