Қоғам • 22 Тамыз, 2020

Алты адамның өмірін арашалаған спортшы

648 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Мәдениет және спорт мининстрлігі Спорт дәне денешынықтыру істері комитетінің баспасөз өкілі хабарласты. Айтпағы: жуықта Алматы қаласында өрт болып, тосыннан келген апат салдарынан ауыр жағдайға душар болған алты адамды Дәурен Рысқұлов деген азамат жанын жалдап жүріп құтқарып қалыпты. Қысқасы, осы оқиғаны оқырмандарыңызға жеткізсеңіз дейді ғой...

Алты адамның өмірін арашалаған спортшы

Батыр жігіт танымал спортшы екен. Нақтырақ айтқанда, ауыр атлетикадан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы және халықаралық турнирлердің жүлдегері, сонымен қатар әлем һәм құрлықтық біріншіліктерге қатысқан. Өткен жылдары Венгрия астанасы Будапешт қаласында ауыр атлетикадан өткен жастар чемпионаттында қола медальға қол жеткізген... тағысын тағы.

Комитет өкілінің өтініші бойынша, бүгінгінің батыры Дәурен Аманкелдіұлымен хабарласқанымызда: "Кешкі ас үстінде отыр едім, сыртта айқай-шу көтерілді. Біреулердің "өрт шықты" деген ащы дауысы естілді. Далаға жүгіріп шықсам, үйдің үшінші қабаты өртеніп жатыр екен. Аңдасам әпкемнің қызы өрт ішінде қалып қойыпты. Жүгіріп кірсем, подьездің іші көк түтін. Ештеме көрінбейді. Қайта сыртқа шығып футболкамды сулап алдымда жоғары көтерілдім. Үшінші қабатқа келсем, лаулаған өрт. Қызыл жалын бет қаратар емес. Ептеп есікті жауып үлгердім. Бұрын өрт қауіпсіздігі бойынша өткен сабақтар есіме түсіп, жерге жата қалып, еңбектей бастадым. Қарындасым бөлмесінде жарық жанып тұрғанын байқадым", дейді спортшы бауырымыз.

Содан өрт жайлаған бөлмеге кірсе жиен қарындасы жоқ. Кейін белгілі болғандай, ол балконға шығып кеткен екен. Дәурен қызыл жалынмен арпаласып жүріп қызды құтқарып шығады. Енді "уһ" дей бергенде даладағы адамдардың "төртінші қабатта балалар қалып қойды", деп зар илеген дауысын естиді. Батыр азамат қызыл жалынды тіліп өтіп төртінші қабатқа жетеді. Есікті теуіп ашып ажал аузында үрпиіп тұрған төрт бала мен анасын құтқарады. Сол сәтте басқа азаматтарда көмекке келіп үлгерген көрінеді.

"Әкеге тартып ұл туады" дегендей Дәуреннің әкесі Амангелді Рымқұлов ауыр атлетикадан КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы екен.

Спортшы азаматтың ерлігіне тәнті болған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова оған қоңырау шалып, қайсарлығы мен батырлығы үшін алғыс білдірсе, бүгін Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков Алматы қаласына батырды әдейі құттықтай барып, оның әкесіне министрдің алғыс хатын тапсырды.

01

"Ұлыңыз Дәуреннің өрттен бірнеше адамды құтқарып қалғанын естіп, жеке өзіңізге алғысымды білдіріп отырмын. Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы Дәурен батылдықтың шынайы үлгісін көрсетті. Ол еш ойланбастан, өз өмірін қатерге тігіп, басқалардың өміріне араша түсті. Кеше ғана Спорт күні мерекесін атап өтіп, дәл осы жаңалықты баспасөз беттерінен көргенде қазақтың жігіттері үшін көкірегіме мақтаныш сезімі ұялады. Қайсарлық мінез танытып, спортшының рухын баршаға танытқан Дәуреннің әрекеті өскелең ұрпаққа үлгі болатынына сенімдімін. Сіз осындай батыр ұлыңызбен мақтана аласыз" делінген екен алғыс хатта.