«Тарихта қазақ халқының тағдырына екі мәрте алапат қауіп төнді. Біріншісі – жоңғар шапқыншылығы, екіншісі – 1932 жылғы ашаршылық. Екеуі де алдын ала ойластырылған, жоспарлы түрде қолдан істелінген қырғын болды. Алғашқысында сол кездегі қазақ халқының үштен екісінен айырылдық. Кейінгісінде қанша адамның қырылғаны туралы әр тарихшы әртүрлі дерек айтып жүр. Бірақ, сол ашаршылықта 4 миллионнан астам қазақтың өлгені анық. Міне, Төле бидің өмірі осы алғашқы алапатта арпалысумен өтті. Қазақтың бағына бұйырған үш биіміздің арқасында қазақ елі алапаттан аман қалып, ел болды. Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің елді біріктіруде, рух беруде атқарған тірліктері орасан».
«Тарихта қазақ халқының тағдырына екі мәрте алапат қауіп төнді. Біріншісі – жоңғар шапқыншылығы, екіншісі – 1932 жылғы ашаршылық. Екеуі де алдын ала ойластырылған, жоспарлы түрде қолдан істелінген қырғын болды. Алғашқысында сол кездегі қазақ халқының үштен екісінен айырылдық. Кейінгісінде қанша адамның қырылғаны туралы әр тарихшы әртүрлі дерек айтып жүр. Бірақ, сол ашаршылықта 4 миллионнан астам қазақтың өлгені анық. Міне, Төле бидің өмірі осы алғашқы алапатта арпалысумен өтті. Қазақтың бағына бұйырған үш биіміздің арқасында қазақ елі алапаттан аман қалып, ел болды. Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің елді біріктіруде, рух беруде атқарған тірліктері орасан».
Шымкенттің төрінде Төле би бабамыздың 350 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ елінің тұтастығы мен дамуында Төле бидің тарихи қайраткерлік рөлі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияда белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов сөзін осылай бастады. Бұл іс-шара Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және «Төле би» қайырымдылық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Иә, шынында Төле би мен оның дәуірі біздің тарихымыздағы ең талмауыр тұсқа дәл келді. Заман ірі қайраткерлерге зәру еді. Билер мен шешендер тіршілік төріне көтерілгенде қазақтар өз өміріндегі ауыр да қиын кезеңді бастан кешті. Ол ұлт, халық болып қалыптасу жолында құрып кетудің сәл-ақ алдында тұрған болатын. Атамекенінен айырылған қазақ жұртының көз жасы телегей теңізге айналып, қансырап запыран жұтты. Сол кезде дала данышпаны Төле би заман тынысын тереңнен болжап, айқын бағыт-бағдар ұстады. Ол Әз Тәуке, Жолбарыс, Әбілмәмбет, Сәмеке, Әбілқайыр хандардан бастап Абылайға дейінгі әміршілердің бәріне едәуір ықпал жасап, басым-басым билік айтты.
Астана, Алматы асып жеткен ғалым ағаларымыз арқаланып-ақ келген екен. Ғылыми конференцияда көптеген құнды ойлар айтылды. А.Тшан, У.Қалижан, М.Мырзахметұлы, Ә. Дербісәлі, Ө.Айтбай, сондай-ақ, қырғыз және өзбек елдерінен келген ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Әрине, Төле би бабамыздың тарихтағы орны ерекше. Елімізде тәуелсіздік туы желбірегелі бері Төле би туралы көп еңбектер жазылды, қаншама кітаптар жарық көрді. Яғни, тәуелсіздік Төле бидей кемеңгерімізді халыққа кеңінен танытты. Бірақ, біздің ғалымдар көбінесе бабамыздың жүріп өткен жолы, айтқан нақыл сөздері, төрелік істері жағына көбірек бұрылып кетіп, дала данышпанының мемлекет қайраткері ретіндегі орны, елдің тұтастығы, дамуындағы атқарған рөліне әлі де терең бара алмай жатыр. Біздіңше, тек аңыз-әпсанаға ғана сүйенбей, нақты дерек, дәлелдермен сөйлеп, баба тарихын орын-орнына қойып, жүйелеп беретін Төлебитану ғылыми орталығын құрудың сәті жеткен секілді.
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі соңғы жылдары төл тарихымызды түгендеуде көптеген тірліктер атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Соның бірі ретінде Шығыстану институты Қытай, Үндістан, Түркия, Моңғолия елдеріне арнайы ғылыми топтар жіберіп, сол жақтың мұрағаттарынан қазақ тарихы туралы деректерді іздетіп жатыр екен. Және бұл іс нәтижесіз де емес. Қытай елінің мұрағатынан табылған деректерде Төле би туралы мол мағлұматтар бар. Сол кездегі Цин патшасына жіберген жазбаларында елшілер Ташкентте Әбілпейіс деген ханның бар екені, бірақ биліктің бәрі Төле бидің қолында, оның елдің арасындағы беделі, абыройы өте жоғары екені анық жазылыпты. Ұлы Жолан мен Қойгелді батырдың бауыры Пұсырманның Қытайға елші ретінде барғаны да тасқа басылып, тіпті, Төле бидің Қытай патшасына жоңғарлардан босаған қазақтың атақоныстарын даулап жазған хаттары да сақталыпты. Ал, тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа 1880 жылы Лондонда моңғолдар тарихы туралы шағын кітапша жарық көріп, оның ішінде қазақтың көптеген хандарының есімдері аталғанын айтады. Тек хандар туралы жазылған бұл кітапта Төле бидің де есімінің аталуы сол кездегі саяси жағдайдан көп хабар беретіні анық.
Жоғарыда үш бидің армандарын, Ордабасы мұраттарын, асыл ата-баба аңсарларын жүйелеуде талай-талай тірліктердің атқарылғанын айттық. Әйтсе де, әлі де бұл салада табылған деректерден гөрі табылмағаны көп. Міне, Төле би Әлібекұлының 350 жылдық мерейтойы қарсаңында бабамыз туралы бұрыннан бар, бірді-екілі басылып шыққан кітаптар, өзге де басылымдардағы дүниелер, жаңадан табылып жатқан құжаттар, аңыз-әңгімелер, дастандар, тағысын-тағыларды құрастырып, жеті томдық жинақ жарық көріп, тұсаукесері өтті. Осынау құнды дүниелердің бәрін жинап, көз майын тауысып өңдеп, құрастырғандар – белгілі жазушылар, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт пен «Құрмет» орденінің иегері Шойбек Орынбай. Ал, жергілікті билік, «Төле би» қайырымдылық қоғамдық қоры, облыстық мәдениет басқармасы, басқа да іскер азаматтар бұл іске үлкен демеушілік, жанашырлық танытты.
Әрине, жеті томмен Төле бидің бүкіл тарихын тәмамдап тастадық деп айтуға болмайды. Бұл жинақ – алғашқы талпыныс. Әзірге шашылып жатқан дүниені жинап, бір кітап етіп шығаруға мүмкіндік туды. Келешекте бұл жинақ жетілдіріліп, тереңдеп, толықтырылса, жеті томнан басталған дүние одан да асуы ғажап емес. Дала кемеңгерінің 350 жылдық мерейтойын Оңтүстікте тойлау алдымен Ташкенттегi Төле бидiң зираты жатқан кесенеге барып рухына тағзым етуден, аруағына Құран бағыштаудан басталған. Бұл күндері, сондай-ақ, арнайы сурет көрмесі өтіп, Ж.Шанин атындағы драма театрда жазушылар Мархабат Байғұт пен Шойбек Орынбай бiрiгiп жазған Төле би жөнiндегi пьеса қойылды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
_________________________
Суретті түсірген Қайсар ШЕРІМ.