Сурет С.Қапасовтың жеке архивінен алынды
– Несіне көкірек керіп мақтанайын. Қазақ спорт журналистикасының көшбасшысы Сейдахмет Бердіқұл айтқандай, «Арбаған мені бір сыйқыр» демекші, спорт әлеміне енгеніме жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Мен 1940 жылдың 26 мамырында Үлкен Нарын ауданының Жаңа тал ауылында дүниеге келдім. Кіндік қаным тамған ауылда төрт жылдықты аяқтаған соң Зырян қаласындағы орта мектепті бітірдім. Свинчатка ауылындағы бір жылдық шопырлар дайындайтын курсты аяқтаған соң мені Қазақстанның 40 жылдығы атындағы ұжымшарға спорт нұсқаушысы етіп жіберді. Бұдан кейін қызметім өрлеп, ауылда комсомол ұйымының хатшысы, сосын аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бюро мүшесі болдым. Бұл қызметте жүргенде аудандағы спорттың өрге басуына үлес қостық, облыстық жарыстарға командалар апаратынбыз. Өзім де күресті жалғастыра бердім. 1964 жылы мені Қарағанды қаласындағы совет-партия мектебіне жолдамамен оқуға жіберді. Соңғы курста жүргенде оқу орны белгісіз себеппен жабылып қалды. Бір топ жаспен бірге Мәскеудегі Жоғарғы партия мектебінің үшінші курсына ауыстырған кезде, шыны керек, қуандық.
Тәжиннің ақылына разы
...Партия мектебін бітіргендердің ол кезде қызмет таңдауға құқы жоқ. Бар деген жеріне барасың, бармасаң, болашағыңа балта шабасың. Ауылдағы анасын ойласа да, амал жоқ, жолдаманы қолына ұстап, батыстағы Гурьевке аттанды. Спорт жөніндегі нұсқаушы қызметіне орналасады. Сағдидың жолы болды, арада біраз уақыттан соң оны сол кездегі облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Мұханбетқазы Тәжин (қоғам қайраткері Марат Тәжиннің әкесі) қабылдады.
Жасқана кірген бозбаланы обком хатшысы жылы қарсы алды. Орнынан тұрып амандасқанда, лауазымды адамның қарапайымдылығынан Сағди қысылып та қалды.
– Өзің уникальный бала екенсің. Біраз қызметте ысылыпсың. Ал мына КСРО спорт шебері деген атаққа қалай ие болдың? – деді алдындағы құжатына үңілген обком хатшысы.
– Аға облыс біріншілігінде әлем чемпионы Мұса деген шешеннен ұтылдым. Әттең жолым болмады. Күміс медаль алғандарға да КСРО спорт шебері атағын береді екен. Бұдан кейін де сан рет халықаралық жарыстарда топ жарған едім, – деді.
– Еркін күрес қана емес, облыста басқа спорт түрлері да ақсап жатыр. Өңірде Жайық өзені, іргеде айдынды Каспий теңізі жатыр. Каноэ, байдарка есу елімізде енді ғана қолға алына бастады. Өзің туған Шығыста, тағы бірер облыста ғана су спорты қанат жая бастады. Мен неге мұны айтып отырмын, – дегендей көзімен сүзіле қарады да әрі қарай ойламаған жерден тосын ұсыныс айтты.
– КСРО спорт шебері далада шашылып жатқан жоқ. Спортта жақсы нәтижеге қол жеткізіпсің. Сені облыстық спорт комитетіне басшылық қызметке жіберсек қалай қарайсың? – деді.
Бұл тіпті түске енбейтін жағдай. – Ертең жауабыңды айт. Ал егер көнбесең алыстағы құмды ауылға партком хатшысы боласың, – деп сөзін шегелей түсті М.Тәжин.
Хош, ертеңінде ағасының алдына барып келісімін берді. Парасатты, ақылды, өмірден көргені көп ағасының ақыл-кеңесін алғанына әлі күнге дейін разы Сәкең.
«Жас келсе, іске» дегендей, сонымен 1968 жылдан 1970-жылға дейін жігерлі де іскер азамат қызметіне құлшына кірісті. Гурьевтің тұрғындары қонақты құдайындай сыйлайтын, жат жақтан келді деп өзекке теппейтін, қонақжай халық екен. Еліміздің батысында қызмет еткен 18 жылда Сәкең талай азаматтармен жақын араласты, тіпті әлі күнге дейін кейбірімен хабарласып тұрады.
Жас басшы еркін күрестің, каноэ және байдаркада есу спортының дамуына көңіл бөлді. Хатшы ағасының кеңесі есте. Анатолий Хлебников каноэден КСРО спорт шебері атағын қорғап, Одақта чемпион атанды, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болды. Бақытжан Гахбиев деген шәкірті спорт шебері атанып, дүбірлі сайыстарда сан рет топ жарды. Десек те, туған еліне деген сағыныш, өз жерлестерін спортқа баулысам деген арман ақыры оны Өскеменге алып келді.
Туған елдегі қызметі жемісті болды
Бастапқыда кәсіподақтардың ерікті спорт қоғамының №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне директор болып тағайындалды. Ол кезде кәсіподақтың жағдайы жақсы, қаржы мол. Барам деген жеріне тоқтаусыз аттанады. Шәкірттері республикалық, тіпті халықаралық жарыстарға қатыса бастады. Жүлде тергендері баршылық. Сағди Қапасұлы бұдан кейін «Қайрат» ерікті спорт қоғамында аға жаттықтырушы болды. Арада біраз уақыттан соң «Динамо» спорт қоғамына ауысып, құқық қорғау саласындағы азаматтарды еркін күреске баули бастады. Бұл жерде де нәтиже баршылық. Қанат Қонарбаев деген шәкірті КСРО спорт шебері атанып, республикада бірнеше рет чемпион атанды.
1989 жылдың жазында «Советский спорт» газетінде Швейцарияда еркін күрестен әйелдер арасында тұңғыш рет әлем чемпионаты өткені туралы хабарды оқыған соң Сағди Қапасұлына ой келіп, бір топ қызды жинап алып, ақылдасады. Олар келісімін берді. Алайда Ресейге барып, оқу-жаттығу жиындарына, жарыстарға қатысуға қаржы тапшы. Ал байрақты бәсекелерге қатыспаған қыздар тәжірибені қалай жинамақ. Сол сын сәтте Сәкең қыздар күресі секциясын тастап кетпекші болғанда, сол кездегі еркін күрестен Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Құлақсу Көпбаев Сәкеңді сабырға шақырды, ақыл-кеңесін берді.
– Бір күні маған ой келді, – деп еске алады Сағди аға. – Нәзік жандылардың ерлерден қай жері кем. Жігіттер боз кілемде белдесіп жатқанда қала қыздары жанкүйер болып, «аға қыздарды еркін күреске неге баулымайсыз. Біз де күрескіміз келеді», – дейтін. Бұл кезде қыздар күресі республиканы былай қойып, тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде де жоқ болатын. Қаладағы спорт басшыларынан батасын алған соң Сәкең Өскеменде елімізде бірінші болып қыздар күресі секциясын ашты. Күрес десе құлшынып тұрған бұрымдылар бар болып шықты. Бикамал Нұрмұхамедова, Галина Менгелева, Анастасия Кудяшова, Галина Суслова тағы бірнеше қыз секцияға қабылданып, күреспен мықтап шұғылдана бастады.
Бұл жаңалық спортсүйер қауымды елең еткізді. Ақпарат құралдары өкілдері Сағди Қапасұлын төңіректеп, ақыры онымен тілдеседі.
– Күрес өнері ежелден қазақ қыздарының қанында бар өнер. Бұған қазақ тарихына үңілсек мысалдар жеткілікті. Менің байқағаным қазақ қыздарының өз құрбыларына қарағанда күрес айла-тәсілдеріне бейім, батыл да шалт, қалтарыс, жылдам қимылдары, сәті келген ыңғайлы сәттерді өз пайдасына шешетіні анық. Талантты қыздарымыз аз емес, аманшылық болса бірер жылдан кейін біз өзімізді танытатын боламыз, – деді қыздардың бапкері.
Реті келгенде айта кету керек, жаңалыққа жаны құмар Сәкең енді басқа облыстарда да қыздар күресін дамытуды қолға алды. Күресіп жүргенде байрақты бәсекелерде танысқан достары Целиноград облысы Май ауданында тұратын – Болат Шаев, Талдықорғандағы – Сейдәлім Байбұқашев, Екібастұздағы – Валерий Носенков, Шущинскідегі – Нина Денисоваларды үгіттеп жүріп, қыздар күресін ұйымдастыруға ықпал жасады. Бұл күндері еліміздің барлық облыстарында қыздар күресі жақсы дамып келеді. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында бұрымдылардың топ жара бастағаны соған дәлел болса керек.
«ҮМІТ» бүкілодақтық турнирі
– 1985-1989 жылдар аралығында қалалық оқу бөлімінің жетінші балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жүрген кезім. Бұл мектеп қазір де бар. Күнде ерте жұмысқа барамын. Бір күні «Қазақстан» кинотеатры алдындағы көше қиылысында, жарық бағанасына ілінген тақтада «Шығыс Қазақстан облысынан 66 Кеңес Одағының Батыры шыққан» деген айшықты жазуды байқап қалдым. Маған тың ой келді. Халықаралық турнир өткізіп, жастарға патриоттық тәрбие беретін спорт жарыстарын өткізсек қалай болар екен? Соңынан көптеген ізденістер мен толғаныстар басымнан өтті. Турнир өткізу оңай шаруа емес. Спорт басшыларының келісімін алу, демеуші табу қашанда қиын.
1992 жылдың ақпаны. Өскемендегі Құрылысшылардың Мәдениет сарайында Сағди Қапасұлының бастамасымен еркін күрестен жасөспірімдер арасында 66 шығысқазақстандық Кеңес Одағының Батырын еске алуға арналған Бүкілодақтық «Үміт» турнирі өтіп жатыр. Турнирдің ауқымы үлкен, Ресейдің бес қаласынан, Хакасия, Тува, Татарстаннан, Якутия, Қазақстанның 13 облысынан 350 жас және жасөспірім қатысты. «Үміттің» жарысына Сағдидың да шәкірттері қатысты. Татьяна Чечеткина, Галина Суслова, Анастасия Кулешова, Бикамал Нұрмұхаметова деген шәкірттері алтыннан алқа тақты. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Өскемендегі 10-сынып оқушысы Татьяна Чечеткина «Үміт-92» аруы атағын иеленді. Бұдан кейін де Сағдидың шәкірттері халықаралық, республикалық турнирлерде сан мәрте топ жарды. Бірер мысал.
1991-жыл. Липецк қаласында өткен алғашқы КСРО біріншілігінде Бикамал Нұрмұханбетова, Гүлжиян Қасымханова, Жанат Нұртазина, Елена Бледных деген төрт қыз боз кілемде атой салды. Ресей мамандары бұл сайысқа бұрын самбо, дзюдомен шұғылданған шеберлерін қосты. Күршімнің қызы, Сәкеңнің қол астында жаттығатын Бикамал сол біріншілікте әлемнің екі дүркін чемпионы брянскілік Светлана Кищенкоға небәрі бір ұпай айырмашылығымен ұтылды. Келесі жылы Мәскеуде Еңбек резервтері қоғамының халықаралық турнирі өтіп, ол жарыста Галина Суслова КСРО спорт шебері атанды. Сол жылы Ресейдің Кострома қаласында жалауы желбіреген ашық біріншілігінде Ғалина Менгелова қола медаль алды.
Мәскеуде өткен алқалы жиында Сағди Қапасов «Одақтағы ең үздік төреші» деген атақты иеленді. Оған қоса 5 мың ресей рублін сыйға алды. Қарағанды қаласында өткен Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров атындағы халықаралық турнирдің шешуші сайысында әлем чемпионында ұтылған ол КСРО спорт шебері атанды. Варшава келісіміне сай Достастық елдері арасында Венгрия мен Польшада өткен халықаралық турнирде С.Қапасов екі рет, одан бөлек ел біріншілігінде екі рет чемпиондық тұғырға көтерілді. Ал жаттықтырушы, төреші ретіндегі сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Атақты балуан, жерлесіміз Қабден Байдосов Сағди ағаны ерекше құрметтейтін, дүбірлі жарыстарға төрешілікке шақыратын. Жаңғызтөбе маңындағы Жарық деген ауылда Қабден ағаның құрметіне республикалық турнирді ұйымдастырып, бас төреші болғаны да есте қалыпты.
Сағди аға неге ренжіді?
...Сексеннің сеңгіріне көтерілген Сағди ағаны алаңдатқан бір жайттың бар екенін қабағынан аңғардық. Қазбалап оны біліп алдық. «Қыздар күресінің негізін қалаған мен екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Кейде өзім де таңғаламын, шынымен күрестің төңірегінде жүрген республика басшылары мені елемей ме, жоқ әлде, ескергісі келмей ме? Қыздар күресінен жылына бірнеше дүбірлі жарыстар өтіп жатады. Өкінішке қарай, бірде-бір рет елімізде өткен жарыстарға, халықаралық, республикалық турнирлерге құрметті қонақ ретінде шақырып, ақыл-кеңесімді тыңдаған жоқ. Соған қарағанда, мен жайлы осы жұрт хабарсыз ғой деймін, – деп күйінеді ағамыз.
Бұдан жиырма жыл бұрын зейнеткерлікке шыққан Сәкең қол қусырып үйде отыра алмай шығармашылықпен айналысты. Шежіреші қария көкжарлы Мамай батырдың Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленгенін дәлелдеді. Оның ұрпақтары жайлы үш кітап шығарды. Өзінің сексенінші көктеміне қадам басқан Сағди Қапасовтың ғұмыры жас ұрпаққа үлгі-өнеге...
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Қазақстанның құрметті спорт қайраткері»,
«Құрмет» орденінің иегері
ӨСКЕМЕН