Әлем • 24 Тамыз, 2020

«Солтүстік ағынның» салқыны

601 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ресейдің «Солтүстік ағын – 2» газ құбыры желісі Германия мен АҚШ қарым-қатынасын қиындата түсті. Ақ үй басшысы Дональд Трамп президенттік креслоға жайғаса сала бұл жобаны қолдамайтынын анық аңғартқан. Таяуда бұл мәселе тағы да күн тәртібіне шықты.

«Солтүстік ағынның» салқыны

Бәріне «кінәлі» – АҚШ-тың се­на­тор­лары. Осы айдың басын­да Д.Трамптың жақтастары сана­латын Тед Круз, Том Коттон және Рон Джонсон Германияның Зас­ниц қаласында орналасқан теңіз порты ресейлік жүк кемелеріне қызмет көрсетіп отыр деп айып­тады.

Сенаторлардың пікірінше, бұл АҚШ-тың Ресейге сал­ған санкциясына қарсы ке­леді. Сон­дықтан немістер осы бағыт­тағы жұмысын жалғастырып, «Сол­түстік ағын – 2» газ құбырын са­луға көмектесе берсе, Мукран пор­ты да санкцияға ілініп кетуі мүмкін.

АҚШ-тың мемлекеттік хат­шы­сы Майк Помпео журналистерге берген сұхбатында Ресейге қа­тысы бар жобаларға көмектесіп жатқан компанияларға ескерту жасалғанын жеткізді. New York Times газетінің дерек­теріне сүйен­сек, АҚШ еуропалық 5 ком­­панияға санкция салуы мүмкін. Олар: Shell, германиялық Uniper, аустриялық OMV, франциялық Engie және тағы бір неміс ком­паниясы Wintershall Dea.

Германияның жауабы көп күттірген жоқ. Засниц қаласы ор­на­ласқан өңірдің премьері Мануэла Швесиг мұхит асып жеткен хатты бопсалауға баласа, «Жасылдар» пар­тия­сының өкілі Юрген Трит­тин мұны эко­номикалық соғыс жариялау деп мәлімдеді. Бун­деспарламенттің өкілі Карстен Шней­дер сенаторлардың ескерт­песін «нео-империализм» деп есептейтінін жеткізіп, Вашингтон билігін айыптады.

«АҚШ әкімшілігі Еуропаның өзін энер­гиямен қамтамасыз ету жөніндегі құқығы мен егемендігіне құрметсіздік танытып отыр», деді Германияның сыртқы істер министрі Хэйко Маас.

Еуропалық саясаткерлердің пайым­дауынша, АҚШ-тың санк­­ция салу туралы қоқан-лоққы­­сының астарында басқа мәсе­ле жатыр. New York Times ба­сы­лымының келтірген мәлі­метіне сай, Вашингтон билігі гео­саяси мәселені сылтау етіп, Ресей­дің арзан газын «қарт құрлыққа» жеткізбеуді, оның орнына АҚШ-тың тақтатас газын сатуды көз­дейді. Rapidan Energy Group ком­паниясының президенті Роберт Макнэлли «АҚШ газды Ресейден емес, өздерінен сатып алғанымызды қалайды», дейді.

Германия мен АҚШ-тың күт­пеген жерден дипломатиялық тұрғыда айтысып қалуының себе­бі мынада. Естеріңізде болса, Ресей 2012 жылы Германияға ті­ке­лей газ жеткізетін «Солтүстік ағын» жобасының құрылысын аяқ­­таған болатын. Осылайша, сол­­түс­тіктегі көршіміздің газы Бал­­тық теңізі арқылы тікелей Еуро­­­паны көгілдір отынмен қамта­­­ма­сыз етті.

Бұл жоба тиімділігін көрсет­кеннен кейін Германия, Ресей, Финляндия, Швеция және Дания келісімге келіп, «Солтүстік ағын – 2» жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Осылайша, 2016 жылы газ құбырын төсеу жұмыстары басталып кеткен-ді. Қазіргі таңда «Солтүстік ағын – 2» газ құбыры 94 пайызға аяқталған. Жобаны ресейлік «Газпром» компаниясы салып жатыр. Жоспар бойынша, «Солтүстік ағын – 2» 2020 жылғы екінші тоқсанда қолданысқа берілуі тиіс еді. Бірақ 2019 жылы АҚШ-тың Ресейге санкция салуына байланысты құрылыс тоқырап тұр.

Жалпы, Германияның «Сол­түс­тік ағын – 2» жобасына қызы­ғушылығын мынадан-ақ байқауға болады. Жыл басында канцлер Ангела Меркель Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, бірқатар мәселені талқылаған. Келіссөздер барысында «Сол­­түс­­тік ағын – 2» жобасының жүзе­ге асы­рылуы да сөз болды. Екіжақты кездесу барысында бундесканцлер жоба құрылысын тоқтатпауға шақырды.

Жиын барысында Меркель ханым АҚШ-тың санкциясын қолдамайтынын жеткізді. «Гер­мания да, басқа да Еуропа ел­дері «Солтүстік ағын – 2» бас­та­масының қызығын көреді. Бәрі газ жеткізу қызметін жетілдіруді көздейді, жобаның маңызы ерек­ше», деген еді канцлер сол кезде.

Қысқасы, А.Меркель Кремль­дегі кезде­суде ең алдымен өз елінің мүддесін жоғары қоятынын анық байқатты. Сондықтан алыс Америкадан келген санкциядан бұрын халықты газбен қам­тамасыз етуді жөн санайды.

Алда-жалда «Солтүстік ағын – 2» жүзе­ге асып жатса, Ресей газының қызығын жал­­ғыз Герма­ния ғана емес, Финляндия, Да­ния және Швеция да көреді. Бұл жоба сәтті аяқталса, Ресейден Гер­манияға келе­тін газ көлемі екі есе көбейеді. Былтыр сол­түстіктегі көршіміз Алманияға 58,8 мил­лиард шаршы метр көгілдір отын жеткізді. Ендеше кім мұндай «майлы шелпектен» айрылып қалуды көздесін?!

А.Меркель талай мәрте жо­баны сына­ғандарға жауап беріп, «Солтүстік ағын – 2» тек бизнес қана екенін айтудан жалыққан емес. Сондай-ақ бұл бастамаға саясатты араластыруды дұрыс емес деп есептейтінін де бірнеше рет айтты.

Дегенмен АҚШ-тың еуро­па­лық ком­­па­ния­ларға санкция салу туралы ес­керт­­песі Еуропалық одақ елдерін де алаң­да­тып тастады. Politico.eu сайтының хабар­лауынша, ЕО-ға мүше 24 мемлекет Вашинг­тон билігіне қарсылық нотасын жолдаған. ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жосеп Боррель де бұған қатысты пікір білдіріп, «Еуропадағы саясат Еуропада шешілуі тиіс, басқа елдердің араласуы негізсіз» деп мәлімдеді.

Еуропалық сыртқы істер қызметінің өкілі Набила Массрали ЕО тарапы АҚШ-қа қарсылық нотасын жібергенін хабарлады. Оның айтуынша, Еуропалық одақ АҚШ-тың санкция қол­да­ну жөніндегі ескертпесіне алаң­даушылық танытып отыр. Әйтсе де, сенаторлардың хаты ресми демарш емесін де ескертіп өтті.

«Еуропалық одақ сыртқы тарап­тың санкция салуы халық­аралық құқыққа сай келмейтініне екпін береді. Осы орайда, ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік мәселелеріне басымдық беретін трансатланттық одақты жоғары бағалайды. Бұл санкцияның кері әсерін күшейте түспек. Осы мәселеге қатысты келіссөздер жүргізуге дайынбыз», деді Массрали.

Жалпы, Еуропалық одаққа мүше бір­не­ше мемлекет газ құ­бырына қарсы. Осыған қара­мастан, ЕО «Солтүстік ағын – 2» жобасына қатысты нақты ұстанымын білдірді. Deuche Welle басылымының хабарлауынша, қарсылық нотасын үш ел ғана қолдамаған.

Сарапшылардың пайым­дау­ынша, Вашингтонның келтірген түрлі кедер­гі­леріне қарамастан, «Солтүстік ағын – 2» газ құбыры аяқталатыны сөзсіз. Тіпті қалған жұмысты атқару тек «Газпромға» жүктелсе де, жобаның аяқталуына Ресей тарапы мүдделі. Бұл қа­дам арқылы «Газ­пром» жаңа на­рық­қа шығады әрі Украина құбыр­ларына тәуелділігі азая түспек.

«Солтүстік ағын – 2» жоба­сына қатысты Еуропалық одақ пен АҚШ арасында кикіл­жің туғандықтан, Ресейдің теңіз фло­ты газ құбырын төсеп жатқан кемелерді қорғауына алған.

«Әскери-теңіз флоты «Ака­демик Черс­кий» құбыр салғыш және «Остап Шеремета» мен «Иван Осипенко» жүк тасығыш кемелерін Владивостоктан Кали­нинградқа қауіпсіз жеткізуге көмектесті. Бұл қадам кейбір мемлекеттердің арандатуына жол бермеуге бағытталған», деді Ресейдің БҰҰ-дағы өкілінің орынбасары Михаил Попов.

Қорыта айтқанда, «Солтүстік ағын – 2» жобасы Еуропалық одақ пен АҚШ қа­рым-қатынасына сызат түсіретін түрі бар. ЕО үшін АҚШ-тың дос екені анық. Дегенмен бизнестің аты – бизнес. Ендеше, «қарт құрлық» мұхиттың арғы бетінен тақтатас газын дорбалағанша, Сібір газын «Солтүстік ағын» арқылы арбалағанды жөн көретіні анық.