Қазақ тойы – қазақтың бауырмалдығын, біртұтастығын, дәстүрге берік, салтқа адалдығын танытатын. Алайда қазақпен қаншама ғасыр бойы бірге жасап келе жатқан осынау қазынамыздың байырғы келбетін кейінгі ширек ғасырда мүлдем өзгертіп, басқа арнаға бұрып жібердік. Бүгінгі тойдың сипаты дарақы, даңғой, ысырапшыл, тоғышар тойға айналды. Бұл той бабамыздан мирасқа қалған той емес, жалған мақтан, құр тыраш, бос бәсекеге жалғасып барады. Тойға тоқтау айтатын жағдайға жеттік. Бұл – ұят.
Дәл қазір тойдың заманы емес, ойдың заманы екенін ұғатын аса жауапты кезеңде тұрмыз. Есінеп болсақ есімізді жиып, бірыңғай көпірік сөз бен өтірік мадақтан ғана тұратын бір күндік мәжіліс-мәслихатты шектеуіміз керек.
Түптеп келгенде тойдың алғашқы да, соңғы да иесі біз емес. Әйтпесе, Еуропа той тойлаймын десе шашуға ақшасы, шығындауға сөзі таусылып отырған жоқ. Мәдениеті озық елдердің барлығы бұл сауық-сайран сатысынан әлдеқашан өтіп кеткен. Біз ғана ас ішіп, аяқ босатқанымызға мәз-мейрамбыз.
Алдағы уақытта тойға шашатын қаржы-қаражатты ғылым-білімге, өнерге бағыттаудың бағдарламасын құру керек. Тойға кететін шаш-етек шығынынан бөлек, той қазақтың алтын уақытын да текке өлтіріп жатыр.
Жалпы мен бүгінгі тойды еш ақтай алмайды екенмін: той бұрын тәрбие құралы еді, қазір бейбастақ әңгіме мен жүгенсіз алаңға айналды. Бейәдеп қылық іздесек те, тарс-гүрс фонограмма естігіміз келсе де, әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі қып-қызыл халтурамен де осы тойда кездесетін болдық.
Бұл айтып отырғанымыз сондай-ақ біз сөз еткен тойдан бөлек мемлекеттің мыс-мыс ақшасын шашып, аста-төк өткізіліп келген мерекелік кештерге де қатысты болуы керек.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ҚАРАҒАНДЫ