Аймақтар • 24 Тамыз, 2020

Сервистік әкімдік көбейсе, жемқорлық азая ма?

364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік қызмет көрсету саласына жаңалық болып енген Open space жобасы Жетісуда өз жалғасын тауып отыр. Алғаш рет Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласының әкімдігі осы "Ашық әкімдік" форматына көшіп, қызмет көрсете бастаған еді. Қазір мұндай сервистік әкімдіктер облыстың жеті ауданында жұмыс істеп тұр, -  деп хабарлайды Egemen.kz.

Сервистік әкімдік көбейсе, жемқорлық азая ма?

Жалпы, қызмет көрсетуді бір орталықтан әрі ашық форматта жүргізудің озық үлгісі ретінде қабылданған сервистік әкімдік ашылған аудандардағы жұмыс ілгері басқаны байқалыпты. Яғни, Open space жобасы мемлекеттік қызмет саласын цифрландыру мен автоматтандыруға да ықпал етіп отыр екен. Бүгінде облыс бойынша тұрғындарға 170 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 82,9 пайызы автоматтандырылған. Енді жыл соңына дейін бұл жұмысты 90 пайызға жеткізу міндеті тұр. Өңірлік геоақпараттық жүйе аясында Алматы облысында жер қатынастары мен сәулет салаларындағы 21 мемлекеттік қызметті автоматтандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Сол сияқты білім мен спорт салаларындағы тағы 12 қызмет түрі де автоматтандырылуда. Тұрғын үй-коммуналдық салаға, қоғамдық көлік қатынасына цифрлық жаңалықтар енгізу мақсатында бірқатар жобалар қолға алынуда.

Әсіресе, карантин карантин кезеңінде қызмет түрлерін цифрландыруға деген қажеттіліктің күрт өскені байқалады. Ал мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру деңгейінің өсуі бірнеше мәсеелні шешпекші. Мәселен, бұл үрдіс тұрғындардың мемлекеттік қызмет алудағы уақытын үнемдеуге әсер етсе, екіншіден қызмет көрсетудің ашықтығына, қолжетімділігіне және жемқорлық фактілерінің алдын алуға  да оң ықпалын тигізбек. Мұның игі әсерін сервистік әкімдіктер жұмыс істеп тұрған Ақсу, Балқаш, Қарасай, Қаратал, Көксу, Райымбек аудандары мен Талдықорған қаласынан байқауға болады. Бұл аудандарда қажетті мекеме өкілдерін бір жерге шоғырландыру арқылы қызмет алуды жеңілдетуге мүмкіндік жасалған. Барлық мемлекеттік органның өкілдері Open space әдісімен ашық кабиналарда отырып, қабылдау жасайды. Жақында осындай орталық Іле ауданында да ашылды. Ал жыл соңына дейін барлық аудан орталықтарында сервистік әкімдік жұмысы іске қосылатын болады.

Жалпы, сервистік әкімдіктердің жұмысы жанданса, мемлекеттік қызмет саласындағы жеңұшынан жалғасу тәуекелінің төмендейтіні байқалған. Бұған мамандар мемлекеттік қызметшілер арасындағы жемқорлық фактілерін зерделеу барысында көз жеткізген екен. Яғни, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға Open space жобасы өз әсерін тигізеді деген сенім бар.

"Қазір Алматы облысының аумағында 7 сервистік әкімдік бар. Алайда бұл республика бойынша төменгі көрсеткіш. Сондықтан осындай әкімдіктердің барлық аудан-қалаларда ашылуына мүдделіміз.Бұл қызметшілер арасындағы жемқорлық тәуекелін болдырмауға жол ашады. Оның үстіне, мекемелерге кіру шектелген қазіргідей кезеңде әр жерге жүрігіп жүрмей, мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын осындай сервистік әкімдіктер халыққа аса қажет", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов.

Айтпақшы, жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 137 құқық бұзушылықты анықтаған. Тіркелген қылмыстың 75,2 пайызы яғни, 103 заң бұзушылық сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмысқа жатады. Ал осы мерзім ішінде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне барғаны үшін 87 мемлекеттік қызметші қылмыстық жауапқа тартылған. Өкінішке қарай, олардың қатарында жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің үлесі көп болып отыр.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.