Ауыл шаруашылығындағы қарбалас жұмыс әсте толастамайды. Осындай бір сәтте Кербұлақ ауданындағы элиталы бидай тұқымын өсіретін егістік алқабында болып, ондағы тәлімді тәжірибе өңірдегі диқан қауымының назарына ұсынылған жиынға қатысқанымыз бар еді. Тақта-тақта болып, самал желмен баяу тербелген элиталы тұқым алқабындағы “Безостая-1”, “Одесская-120” өсірілген алтын астықтың биіктігі мен қауызы толған дәндері таңдандырған еді. Содан бері де бұл үрдіс жалғасып, астық алқаптарында ауыспалы егіс жүйесін сақтау, нөлдік технологияны қолдану ұштастырылып, табысты сала өркендетіліп келеді.
Кербұлақ астықты аймақ болып саналғандықтан, мұндағы ауыл шаруашылық құрылымдары 104 мың гектардан аса алқапқа дән себуді бастап та кетіпті. Мұндағы іргелі шаруашылық қатарындағы “Қызылжар” өндірістік кооперативінің диқандары көктемнің қолайлы сәтін барынша тиімді пайдалануға жұмылған.
Құрылым ағымдағы жылы “егін ексең ебін тап” демекші, дәнді дақыл алқабын кеңейтіп, 2000 гектарға жаздық арпа, 1000 гектарға күздік бидай, осыншама гектарға мақсары тұқымын сеуіп, науқанды нәтижелі бастағанын айтуға болады. Биыл олар алғашқы рет мақсары егіп, тәлімі жерге орналастырылған дақылдың өсімі жақсы болады деп топшылауда. Өйткені, оны күтіп-баптауға Үкімет тарапынан субсидия қарастырылыпты. Оны қайта өңдеуден өткізетін “Сарыбұлақ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасасқан. Осылайша, өңдеуші кәсіпорын дақылдан май шығарып, оның қалдығынан жем дайындалмақшы.
Шаруашылық элиталы тұқымды көбейтумен де айналысқандықтан, бұған дейін мемлекеттен субсидия алып келсе, биылдан бастап мұндай қаржы осы тұқымды сатып алушыларға берілетін болыпты. Мұның диқандарға да тиімді жағы бар екен. Тұқым өсірушілер енді өнімнің бағасын өздері қойып, оны көтеруіне мүмкіндіктері бар.
Көктемнің әр күнін тиімді пайдаланған кооператив ұжымы ылғал сақтау мен жиын-терін аяқталған соң топырақтың кеуіп кетпеуін де назарда ұстап келеді. Осындай агротехникалық жұмыстардың ұйымшылдықпен атқарылуына қажетті техника жеткілікті десек, 25 трактор, 4 “К-700”, 23 тұқым сепкіш, 120 тырма, 13 комбайн, 7 соқа және 30 жүк таситын автокөлік қатыстырылып, механизатор қауымы жауапкершіліктерін жете сезінген. Ұжымдағы 140-қа жуық еңбек адамы да ортақ байлықтың еселенуіне өз үлестерін қосып келеді. Еңбек адамының айлық табысы да жаман емес. Ауданды аралаған сапарында облыс әкімі Серік Үмбетов те бұл мәселені кооператив төрағасы Базарбай Баймұхамбетовке ерекше тапсырған болатын.
Аталған ауыл шаруашылық құрылымында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасып, орта мектеп, дәрігерлік қосын, пошта бөлімшесі мен ауылдағы көп балалы отбасыларына әрдайым көмек көрсетіліп, азық-түлік, отын мәселесі шешімін табуда.
Қырдағы еңбек көрігі осылайша қыза түскен. Көктемнің алғашқы күндері дән себуге қолайсыз болғандықтан, олқылықтың орнын толтыру үшін диқан-механизаторлар уақытпен санаспай еңбек етуде. Бүгінгі маңдайтердің өтеуі мол астық екенін олар жете түсінген.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.