Телғара – Торғай өзеніне құятын 1400 шаршы шақырым су жайылатын алқабы бар өзен. Оның су шаятын алқаптары мен жайылмасында қамыс, тал, қоға, жыңғыл, жусан, баялыш, бидайық, тағы басқа да алуан түрлі өсімдіктер өседі екен. Биыл Ырғыз өзені тасымай, тобықтан келетіндей болып қалса да, Нұра бойындағы судың арнасы тайыздай қоймапты. Бұл ауыл тұрғындарының балық шаруашылығымен айналысуына оң әсерін тигізді. Сулы жер қандай шаруаны дөңгелетіп әкетуге де қолайлы. Нұра ауылдық округінің әкімі Жолаушыбай Төлебайдың айтуынша, «Дәуренбек», «Атамекен», «Абылай», «Айбек» шаруа қожалықтары көкөніс пен жеміс ағаштары түрлерін өсіруді қолға алған. Өнімді өткізу ісі аудан-облыс орталығындағы көтерме сауда орындары мен алдын ала келісімшарт жасау арқылы шешімін тауып келеді. Дәруменге бай жергілікті бау-бақша өнімдеріне сұраныс қай кезде де мол.
«Дертке ем, сауға қуат – дәрі қымыз» деп Жамбыл атамыз жырға қосқандай, бие байлап, саумал әзірлеп, қымыз ашытып, ұлттық сусын өндіруді өндірістік жолға қоя білген отбасы иелері да бар. Солардың бірі Сақи мен Қазира есімді ерлі-зайыпты жандардың қолынан дәм таттық. Күн сәулесінен қуат алатын тегін жарықты қолданып отырған олардың жаңашылдыққа жандары үйір. Округ аумағы «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты» құрамына кіретіні – еңбекқор ауылдың тағы бір ерекшелігі. Нұра бойындағы өзендер мен көлдерде аққулардың жұптары жазылмай, қатар жылжып жүргендері, жабайы үйректер мен қаздардың ешкімнен үрікпей айдынға мамырлай ұшып қонып жатқаны – кім кімнің де көңілінің пернесін дір еткізбей қоймайды. Ауыл іргесіндегі жыңғыл мен шіліктің арасынан тұра қашқан қояндар мен қарсақтар, борсықтар да көзімізге ілінді. Аң мен құстардың елді мекендердің жанына жақын жүруі адамдардың жанашырлығын сезінгені шығар-ау деген ойға келдік.
Нұра бойында жұмыссыздық деңгейі өте төмен. Тіпті жоққа тән. Әрине бұл мәселеде ауыл әкімдігінің тұрғындарды тұрақты және уақытша жұмыстарға және ақылы қоғамдық іс-шараларға, жастар практикасына тартудағы белсенді іс-қимылын атап өту керек. Әйтсе де ауыл тұрғындарының өздерін өздері жұмыспен қамтуға деген талпынысы биік. Нұралықтардың басты кәсібі – мал өсіру. Округке қарасты шаруа қожалықтарында да, жеке тұрғындар қолында да мал басы әжептәуір. «Төрт түлік төлінің есебінен өседі» дегендей, мал басы жыл сайын артып келеді. Шағын ауылға 71 бас атан түйенің өзі аздық етпесе керек. Әр отбасындағы сауын сиырдың саны бес-алтыдан кем түспейді. Үй иелері сүт өнімдерінің түр-түрін тұтынып, артығын отбасы бюджетінің есебіне кәдеге жаратады. Қазір көп жерде кездесетін еріншектік округке қарасты Нұра, Мамыр, Дүкен және Белшер ауылдарында жоқ деуге болады.
Ақтөбе облысы,
Ырғыз ауданы,
Нұра ауылы