Қоғам • 25 Тамыз, 2020

Індетпен күреске үлес қосқаны үшін марапатталды

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел өміріне киліккен COVID-19 індетімен күресу еш елге оңай тиген жоқ – жұмылған күш, бірлескен ақыл-кеңестердің нәтижесінде көктемде екпіндей келген пандемияның беті қайтты.

Індетпен күреске үлес қосқаны үшін марапатталды

Талай отандасты ортамыздан алып кеткен індетті еңсеру жолындағы қат-қабат жұмыстар бастауына елін сүйген жүректер мен қуатын халық игілігіне жұмсаған құрыш білектер тоғысты. Дәрігерлер мен кәсіпкерлер, еріктілердің еңбегін ел жоғары баға­лауда, ал тағдырдың жазуы­мен темір тордың арғы бетін­­де тірлік етіп жат­қан­дардың да бұл аласапыран шақта қалыс қалмай, ел денсаулығын сақтауға өз үлестерін қоса алғаны жан жадыратады.

Әдетте сотталғандарға тіксіне қарап, олар туралы оңайлықпен жылы қабылдай алмай қалатынымыз рас, алайда әртүрлі жағдайда бостандығынан айырылған олардың да ел басына күн туған қиын шақта жай қарап қала алмайтынын ұғындық.

ІІМ Қылмыстық атқа­ру жүйесі комитеті Маң­ғыс­тау облысы бойынша депар­таментіне қарасты ГМ 172/6 түзеу мекемесінде ша­ғын цех құрылған. Пан­де­мияға дейін арнайы киім­дер тігіп, жиһаз жасаумен айналысқан цех карантин енгізілген ауыр шақта жағ­дайға тез бейімде­ліп, өз­ге өндірістерді жауып, тек дәрігерлерге, өзге де сұраныс бергендер­ге арналған қорғаныш киім­дерін, бетперделерді тігу­ге жұмылдырылды. Қол­дан пішілген сапасы са­ни­тарлық талаптарға сай қорғаныш киімдерін тігу­мен «Рамит-Актау» ЖШС мен «Еңбек-Атырау» меке­месіндегі 32 жазасын өтеу­ші айналысып, аз уақыт ішін­де 50 мың бірреттік қол­данысқа жарамды қор­ғаныш киімдерін, 60 мың бетперде тігіп, сондай-ақ 4 дезинфекциялық тоннел дайындап шығарды.

– Жалпы, вирустық ин­фек­циядан қорғану костюм­дерін қауіпсіздігі барын­ша жоғары түзеу меке­­месінде жазасын өтеу­ші­лер Маңғыстау өңірінде ка­ран­тин режімі жария­лан­ғанға дейін тіге баста­ған болатын. 32 сотталушы жұмыс кестесіне сай тәу­лігіне бірнеше костюм пішіп шығаруда. Олар заң жүзінде тұрақты қыз­метке тартылған. Еңбегі үшін айына 42 500 теңге кө­ле­мінде жалақы алады деген болатын аталған меке­менің қызметкері Роман Те­леньков. Оның айтуынша, Ақ­тауда пішіліп шыға­ры­лған қорғаныш киім­дері бірінші кезекте жер­гі­лікті денсаулық сақ­тау ме­ке­мелерінің қызмет­кер­лері үшін жеке қорғаныш құралы есебінде сатылған және дәрігерлерден бөлек қызметкерлерінің қауіп­сіз­дігін ойлаған басқа да меке­мелер сұраныс берген. Бір­реттік қорғаныш киім­дерінің нарықтағы құны 1 500 теңгеге бағаланған.

«Жақсының жақсылы­ғын айт – нұры тасысын» дегендей, Маңғыстау облы­сының әкімі С.Трұмов ка­ран­тин кезінде ел қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге, сол арқылы індеттің одан әрі таралмауына өз үлес­терін қосқан сотталушыларды алғыс хатпен марапаттады.

Аймақ басшысы сот­тал­ғандарға құттықтау лебі­зінде коронавируспен күрестің барлық ел үшін ма­ңызды сынақ болға­нын, бас бостандығынан айырылғандардың да қиын кезде күрестің алдыңғы ше­бінде жүргендері үшін арнайы қорғаныш киімдерін дайындап үлкен үлестерін қосқандарын атап өтті.

– Сотталғандар да – қо­ғам­­ның мүшесі, еліміздің аза­маты. Сондықтан олар­дың ел өміріне, отандастарымыз тап болған қиын жағдайға бейжай қарай алмайтыны анық. Мыңдаған киімдер тігіп, қолжетімді бағамен ұсынған олардың еңбегі жоғары бағалауға лайық. Маңғыстау облысы­ның әкімі Серікбай Өтел­ген­ұлының алғыс хаты жазасын өтеушілер үшін бей­біт, азаматтық өмірге деген көзқарастарының түзелуіне, оң тәрбие сапасын бойына сіңіріп, өзін өзі түзеуіне өз әсерін бермек. Сонымен қатар сот орындары оларды мерзімінен бұрын босату кезінде аталған алғыс хатты назарына алатын болады, дейді ІІМ ҚАЖ комитеті Маңғыстау облысы бойын­ша департаменті бас­­ты­ғы орынбасарының мін­­детін атқарушы әділет под­пол­ковнигі, заң ғылым­дарының магистрі Қанат Жарылғапов.

Еңбектері еленіп, аймақ бас­шысының алғысы­на бөлен­ген жазасын өтеу­шілер ел үшін еңбек етуге мүм­кіндік берген меке­ме әкім­шілігіне ризашы­лық­­тарын жеткізді. Кеше жаза басқанымен, бүгін жұр­тына жақсылық еткен олар­дың  қуанышты сәттеріне қа­рап еркіндікке шыққан соң да талай жақсылықтардың жар­шысы болса ғой деген тілекте болдық.

 

Маңғыстау облысы