Кездесулерде парламентшілердің бастамасы бойынша әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Ұсынылып отырған заң жобасы азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығын іске асыруына кепілдікті арттырады.
Судьялармен кездесуде В.Волков шешім қабылдауда судьялардың тәуелсіздігі мен дербестігін, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға, судьялыққа кандидаттарды іріктеу тәсілдерін оңтайландыруға бағытталған жүйені одан әрі жетілдіру мәселелерін қозғады. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің негізгі ережелері де қаралды. Қалалық сот төрағасы жаңа әкімшілік соттар қолданыстағы қызметкерлер құрамынан және қолданыстағы материалдық-техникалық базаның негізінде жасақталатынын хабарлады.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін қабылдау – мемлекет үшін маңызды оқиға. Әкімшілік рәсімдер мен сот ісін жүргізудің жаңа қағидаттарын енгізу азаматтарды билік субъектілері тарапынан болуы мүмкін теріс қылықтардан қорғауға, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасында туындайтын қатынастарға тың серпін береді», деді сенатор.
Сенатордың адвокаттық қоғамдастықпен кездесуінде қалалық адвокаттар алқасының төралқасы кейбір заңнамалық нормалар бойынша өзінің сараптамалық пікірін білдірді, оны депутат Сенаттың бейінді комитеті зерделейтінін атап өтті.
* * *
Мәжіліс депутаттары Ш.Өтемісов пен С.Имашева Орал қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысы алаңында болды.
Бұл нысанды осы жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Мәжілісмендер жұмыс қарқыны мен сапасына баса назар аударды. Әсіресе тұрғын үй аумағын көгалдандару, абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылым мәселелеріне көңіл бөлді. Депутаттар пәтер бөлісі кезінде жергілікті атқарушы орган өкілдерінің ашықтықты қамтамасыз ету жайына тоқталды. Атап айтқанда, әрбір үміткер, өзінің кезегін күнделікті ғаламтор арқылы бақылау мүмкіндігіне ие болуы керек. Бұл сыбайластықтың алдын алуға жол ашады. Облыс орталығында болған кезде депутаттар 900 орынды № 51 мектеп құрлысына барды. Олар, әсіресе пандемия кезінде балалардың білім алуы ел басшылығының айрықша назарында екенін алға тарта келіп, жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты. Құзырлы орын өкілдері қашықтан оқыту үрдісінде сапалы интернет байланысы өзекті екенін айтты. С.Имашева барлық маңызды сұрақтарды Үкімет назарына ұсынатынын жеткізді. Сонымен қатар депутаттар Мәскеу және Шолохов көшелеріндегі канализация жүйелерін қайта қалпына келтірумен айналысып жатқан жұмысшылармен кездесті. Мердігерлердің айтуынша, бүгінгі күні қажетті құрылыс материалдары толық алынған. Жұмыс жоспар бойынша жүргізілуде.
* * *
Сенат депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова пандемия жағдайында Шымкент мектептерін жаңа оқу жылының басталуына дайындау мәселелерін талқылады.
Қазіргі таңда білім берумен 222 мыңнан астам оқушыны қамту қажет. Әкімдік сенаторларға мектептер «Bilim Iand» платформасы арқылы қашықтан оқытуға толық дайын екенін хабарлады. Оператор серверлерді орнатуды жүзеге асыратын болады. Қалалық білім басқармасы басшысының айтуынша, Үкімет қаражаты есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларының онлайн-сабақ оқуына жағдай жасау үшін жаңа оқу жылында 36 мың компьютер сатып алынады.
Сонымен қатар 14 940 бастауыш сынып оқушысы үшін ата-аналарының келісімімен қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, 996 кезекші сынып ашылады. Сондай-ақ депутаттар мектептер дәстүрлі оқыту форматына көшкенге дейін үш ауысымды білім беру мәселесін шешу қажеттігін еске салды. Шымкент қаласында орналасқан 19 мектепте сабақ әлі де үш ауысымда жүргізілуде. Сенат депутаттары жергілікті органдар аталған мәселенің шешілуін тұрақты бақылауға алуы қажет екенін айтты.
* * *
Мәжіліс депутаты И.Унжакова Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарымен карантин уақытында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша талқылау өткізді.
Депутат Өскемен қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ орталық қызметіне жүгінген азаматтармен де тілдесті. Олардың айтуларынша, карантин уақытында да мемлкеттік қызмет тиісті деңгейде қолжетімді болған. Тұрғындар уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, жеке сұрақтардың оңтайлы шешімін тапқанын алға тартты. Депутат «Азаматтарға арналған үкімет» жұмысына да баса назар аударды.
Өскеменде И.Унжакова «Жанұя» құрылыс алаңында болды. Нысан «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында салынуда. Қиын жағдайға тап болған кез келген отбасы бұл жерден тегін ақпарат, консультация, білім бағыттары бойынша көмек алуына болады.