Жүгерісі жасыл, дәні асыл
Қазір «инені тебенге, тебенді бізге жалғайтын», әркімге де он ойланып, бір қадам жасайтын кез болып тұр. Ауыл шаруашылығын өркендету, халықтың тұрмыс тіршілігін жақсартуға жасалған игі қадам екенін өмірдің өзі дәлелдеп бергені баршамызға аян.
Бұрынғы «Көктал» кеңшарының мыңдаған гектар егістік пен жайылымдық жерінің көбі бірнеше жыл игерілмей бос жатқан-ды. Егістік жерлерді игеру жөніндегі сол кездегі заңда игерілмеген жерлер игеретін ұжымдарға берілетіні анық жазылған еді. Осы байлығымыздың бос жатпай, халық игілігіне жарауы үшін үлкен ұжымдар екі мыңыншы жылдардан іске кіріскен еді. Компания басшылары жер игеруге кірісуден бұрын өздерінің жұмыс кеңсесі мен техникалық базасын құру, оған техникалық қызмет көрсету үшін Панфилов ауданындағы Көктал ауылының жоғарғы жағындағы қирап қалған көне жүгері зауытының орнын тиісті құжаттар негізінде заңдастырды. Енді міне, бұл тас-талқаны шыққан жүгері зауытының орнында тұрақты жұмыс істейтін сапалы кәсіпорын бой көтерді. Айқындап айтқанда, серіктестіктің берік өндірістік техникалық базасы құрылды. Егістіктерінде жүгерінің өнімді тұқымдарын өндіруге батыл кірісті.
Алғашқы жылдары 200 гектардай ғана егістік жер болса, бүгінде егістік көлемі 1269 гектарға жетті. Осынша алқапта өсірілген өнімнің негізгі сатып алушысы Шамалғандағы крахмал және сироп өндіретін ірі зауыт. Жүгері ісі «Азия-агрофут» зауытына тапсырылады. Зауыт жүгеріні бірінші өңдегенде крахмал шығарады. Крахмалдан сироп жасайды. Ал сироптан конфет, тоқаш, басқа да кондитерлік өнімдердің түр-түрін шығарады. Өткен жылы серіктестік Шамалғандағы зауытқа 800 тонна сапалы жүгері өткізді.
Кондитерлік өнімге деген халықтың сұранысы күн санап арта түсуде. Оның үстіне ол отандық өнім болса тұтынушылар оны іздеп жүріп сатып алуға көшті. Сол үшін де «Азия-агрофуд» зауыты кондитерлік өнімнің санын да, сапасын да арттыруда.
Қазір серіктестік 273 гектар жүгері алқабын тамшылату әдісімен суаруда. Компания директоры Жәнібек Охановтың айтуынша, келешекте 1062 гектар егістік жер тамшылатып суарылатын болады. Бұл жоспардың өз мерзімінде іске асырылатынына сенім зор.
Сүті қаймақты, қамтыды аймақты
Аудандағы маңызды мәселе – халықты таза да дәмді, майлылығы жоғары сүтпен қамтамасыз ету. Сапалы да мол сүт алу үшін ғылыми ізденіс, өзіміздегі және шетелдік озат тәжірибелер, мол қаржы және білімді де білікті кадр керек екенін ой елегінен өткізген Жәнібек Мұхатайұлы маңызды шешім қабылдады. Бірінші әр сиыры бір миллион тұратын «швид» тұқымды сиыр сатып алу керек болды. Екіншіден оны азықтандыратын, сауатын заманауи орын дайындау қажет еді. Үшіншіден, осы бағалы мал басын күтіп-бағатын малшы мамандар мен сауыншылар керек. Асыл тұқымды малды алып келу үшін Нидерландта Ж.Оханов арнайы оқып, олардың озық тәжірибесін үйренді. «Швид» сиырын күтіп-баптау жеңіл-желпі жұмыс емес екен. Желінін, бауырын, үсті-басын, төрт аяғын арнайы щеткамен тазалаудың өзі шебер атқаратын жұмыс. Сауын сиырлардың жемшөп жейтін ақырын тазалау, малдың астын қырып, сыпырып шығу жұмыстары ұқыптылықты қажет етеді. Ал жемшөптің құрамы әртүрлі. Барлық жемшөп зоотехникалық талаптарға сай болып, белгіленген уақытта сауын сиырларға беріледі. Осы талаптардың бәрі бекітілген ережеге сай атқарылып келеді. Тазалық та мол сүт алуға әсер етеді. Сонымен бірге сиырлар әрлі-берлі қозғалыста болып тұрады.
Қазірдің өзінде Аустралиядан «швид» сүтті тұқымды сиырлардан 284 бас сатып әкелінген. Әр сиыр күніне үш рет сауылып, 30 литрден майлы сүт береді. Денсаулыққа дауа десе болғандай. Келешекте сүтті сиырдың санын серіктестік 480 басқа жеткізуді межелеп отыр. Ұжымның тағы бір жоспары – сүттен кілегей, сарымай, қатық, құрт, сықпа өнімдерін өндіру. Оған дайындық жұмыстарын бастап та кетті.
Бұл үлкен ұжымдағы жұмыстардың басым көпшілігі әртүрлі техника күшімен атқарылуда. Атап айтқанда, мамандардың кәсіби білімін жетілдіріп отыру да серіктестік басшысының назарында. Механизаторлары трактор моторының кілтипанын таба алады. Дәнекерлеуді де үйреніп алған. Техника тілін білетін тәжірибелі механизатор керек. Бұл – уақыт талабы. Шаруашылықта «JONH DEERE» комбайыны, «JONH DEERE» тракторы, бір «JCB» телескопиялық тиегіш, 6 «Беларусь» тракторы, 2 «21-21» тракторы», 7 «МТЗ» тракторы бар.
Серіктестікте өздерінің ізденімпаздығымен көзге түсіп, нәтижеге жетіп жүрген еңбеккерлер аз емес. Атап айтсақ, бас инженер Павел Мамзаркин, механик Ербол Әріпжанов, агроном Бақдәулет Қожаханов, бригадир Қайрат Асылбеков, зоотехник Рауан Исақұлов, мал дәрігері Олжас Ысқабаев, механизаторлар Жолдасбек Сәрсенбаев, Серік Тұрағалдиев сияқты уақытпен санаспай еңбек етіп, өздеріне бекітілген техникаларын талапқа сай күтіп, әрқашан да еңбек өнімділігіне жетіп жүрген азаматтар.
«Көктал-Агро» ЖШС-ның Көктал аймағындағы және мың адам тұратын Көктал ауылындағы тұрғындарға жасаған қамқорлығы да аз емес. Айталық, былтыр өсірген 800 гектар жүгері пісіп жетілгенде арнайы комбайнмен жинады. Сонда 800 гектар жүгерінің собығы егістікте қала берді. Осы 800 гектар жүгері алқабының орнын Көктал ауылы мен Көктал ауылының жанындағы тұрғындарға жайылым ретінде берді. Сонымен қатар Көктал ауылындағы тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға, жергілікті мешіттің жылу жүйесін тартуға, нәзірхана салуға қаржылай көмек көрсетті.
Садық ЖҰМАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың лауреаты
Алматы облысы