Руханият • 26 Тамыз, 2020

Құпиясы көп қорғандар

1413 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ жерінің әр қиыры да, әр төбесі де шежірелі сырын әлі толық ашқан жоқ. Тарихы жете зерттелмей, құпиясы ашылмай жатқан көмбенің бірі – Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғандар тобы. Бұл аудан орталығы – Миялы ауылынан солтүстік-шығысқа қарай – 6, Жангелдин елді мекенінен 2 шақырым қашықта орналасқан. Онда әртүрлі 18 қорған бар.

Құпиясы көп қорғандар

Археологиялық топқа жетек­шілік еткен облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипованың айтуынша, үш жыл бұрын Миялы қорғандарына жүргізілген ал­ғашқы қазба жұмысы кезінде «Ал­­тын әйел» табылған еді. Оның сарматтар дәуіріне жата­тыны дәлелденді. Қазір оған то­лық зерттеу жүргізіліп, рекон­­струк­ция жасалуда. Ал жа­қын­­да Мәдениет және спорт минис­трлігінің өткен жылы бекіткен жоспарына сәйкес Миялы қор­ған­дарындағы үш қорғанға қазба жұмысы жүргізілді.

– Үш қорғанға жүргізілген қаз­ба жұмыстары кезінде 560 жә­дігер табылып отыр. Оның ішінде 96 дана пирамида, дөңгелек, дө­ңес пішіндес сары түсті металл (алтын) жапсырмалары бар. Бұ­ған ат әбзелдеріне, адам бел­беуіне жапсырылатын 182 кү­місті қосыңыз. Сондай-ақ сыр­ға, білезік, әшекей, қола айна, же­бе ұштары, патера түріндегі 254 қола да табылыпты. Төрт керамика құмыра, бес ыдыстың сынған бөлігі, темір қайшы мен пышақ, бір қорғасын амулет, матаның алты қалдығы, өңделген сүйектердің 6 бөлшегі, 2 моншақ та бар. Бұл жәдігерлердің бір бөлігі Қызылқоға аудандық музей қорына тапсырылады, – дейді Рашида Харипова.

Көптен бері қазба жұмыс­та­рына қатысып жүрген тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасеновтің айтуынша, бірінші қорғанды қазу барысында үш адамның қабірі шығыпты. Бірінші қабірдегі то­лық сақталған әйел адамның бас жағына жылқының бас сүйегі, бел мен аяқ тұсына жіліктері мен тұяқтары қойылыпты. Жыл­қының бас сүйегінде әбзел­дері­мен, мыс пен күміс материалдарынан жапырақ, сүйір, сопақша, төртбұрышты жапсырмалар бар. Темір ауыздығы да, темір үзеңгісі де сақталыпты.

Тағы бір адам қаңқасының бел тұсында күмістен, қоладан соғылған әртүрлі әшекей заттар, аяқ жағында бірнеше дөңгелек, түйме, шеге тәрізді жапсырма­лар шығыпты. Ал кеуде тұсында қорғасыннан жасалған бұйым, темір пышақ, темір қайшы шық­ты. Бұл қабірдегі адам шамамен X-XI ғасырларда Солтүстік Каспий маңын мекен еткен көш­пелі печенек тайпаларына тиесілі болуы мүмкін. Екінші қабірден шыққан ер адамның сүйегінің бас жағына да жылқының бас сүйегі, белінің тұсына темір семсер қойылыпты. Ұзындығы 80 сантиметр болатын мұндай семсер ХІ ғасырға тән. Ал 3 метр тереңдіктен толық тоналған бір қабірден адам киіміне жапсы­рылған алтын әшекейлер табылыпты. Бұл қабір сармат тайпаларына жатады.

– Екінші қорғаннан 3,5 метр тереңдіктен жақсы сақталған, те­мір сауытты адам қабірі кездесті. Қабірде ағаштан жасалған бұ­йым­дар, жақсы сақталған қола ожау бар. Мұны біз қабірдің бетін жартылай ашқанда байқадық. Оны облыстық музейде арнайы мамандар ашады. Бұл қабір то­нал­маған. Одан әлі құнды жә­ді­герлер шығатыны сөзсіз. Қы­зылқоға өңіріндегі Ойыл өзенінің бойында да зерттеуді қажет ете­тін 100-ге жуық оба бар. Ке­зінде Сарайшық пен көне Үр­генішті жалғастырған Ұлы Жі­бек жолы бойында орналасқан ортағасырлық Таскешу керуен сарайы да осы ауданның аума­ғында орналасқан. Көпестер мен дәулетті саяхатшыларға қо­­нақүй ретінде салынған бұл са­рай – әлемдегі түгелдей қыш кірпіштен қаланған жалғыз нысан. Ал Миялы қорғандарынан табылған жәдігерлер Қызылқоға өңірін әлемге танытады деген ойдамын, – дейді археолог Марат Қасенов.

Миялы қорғандарындағы қаз­ба жұмыстарына Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­­верситетінің доктаранты, ар­­хеолог Амангелді Зайнов, топограф Дидар Төлеуов, археология ғылыми-зерттеу секторының меңгерушісі Айдос Қалшабаев, тарих ғылымының магистрі Ерлан Тілекқабылов, музей маманы Баубек Жұмабай мен Ернар Жақсылықов қатысты. Сондай-ақ қазба жұмыстарына Миялы мен Жангелдин елді мекендерінің жас­тары да атсалысты.

 

Атырау облысы