Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «ЕQ»
Сыйақының берілу тәртібін түсіндірді
Алайда осы уақытқа дейін ақшадан таршылық көрмей, керісінше қаржылық ахуалын жақсартып алған белгілі бір контингент бар. Олар ұлттық холдингтер мен ірі компаниялардың топ-менеджерлері мен басқарма мүшелері. Соңғы уақытта квазимемлекеттік компаниялардың өкілдеріне берілетін көтерме сыйақыға қатысты мәселе жиі талқыланып, бұл қоғамда әжептәуір пікірталас тудырды.
Қазақстанда бас менеджер қызметінде жұмыс істейтін адам әдетте айына 672 мың теңге көлемінде жалақы алады. Осы орайда еліміздегі топ-менеджерлердің ең төменгі еңбекақысы 349 мың теңгеден басталып, ең жоғарғысы 1 млн 30 мың теңгеге дейін жетіп қалатынын айта кету керек. Мұндай дерек әлем елдерінде түрлі салада жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы мен өмір сүру құнының статистикасы қамтылған Salary Explorer порталында көрсетілген. Сандар мен деректерге кейінірек оралармыз, алдымен қоғамның ашуын тудырған негізгі мәселені қаузап көрелік.
Таяуда Қазақстан қор биржасында (KASE) «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-тың басқарма мүшелеріне 2019 жылдың қорытындысы бойынша 267,3 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы төленгені жарияланып, бұл қоғам белсенділері мен блогерлердің әлеуметтік желідегі сөз тартысының басты тақырыбына айналды.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ құрамында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 31 желтоқсанға дейінгі аралықта болған атқарушы орган мүшелерінің жиынтық сыйақысы 267 350 302 теңгені құрады», делінген банктің Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған хабарламасында.
Әлеуметтік желі қолданушылары басқарма өкілдерінің мұндай көлемдегі сыйақыны не үшін алғанын түсінбей дал болуда.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жеті мүшесіне 2019 жылы сыйақы ретінде шамамен 300 млн-дай теңге төленді. Бұл нөлдерді иелену үшін басқарма мүшелері соншалықты қандай іс атқарды?» деген пікірлерін білдіріп жатты ғаламтор қолданушылары.
Көп ұзамай банк басшылығы түрлі мессенджерлерде тарап жатқан әңгімелердің бос дақпырт екенін алға тартып, ақшалай сыйақының тағайындалу тәртібін түсіндірді. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, банк жыл сайын басқарма мүшелеріне тиісті сыйақының жиынтық мөлшері жөнінде ақпаратты жариялап отырады. Соған сәйкес, сыйақы есептік кезеңде орындалған барлық төлемнен құралады. Оның ішіне жалақының жалпы сомасы, сондай-ақ ақшалай сыйақының барлық түрлері кірсе керек.
«267,3 млн теңге мөлшеріндегі жиынтық сыйақы еңбекақыдан, жылдық бонустардан, сол секілді емделуге арналған жәрдемақыдан, еңбек демалысы, іссапар және еңбекке жарамсыздық парағынан құралады. Осылайша кейбір блогерлер таратқандай, басқарма мүшелеріне 267 млн теңге көлемінде жылдық сыйақы төленгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», деп жауап берді әлеуметтік желідегі парақшасында Л.Ибрагимова.
Банктің төрағасы тиісті заңнамадан хабарсыз болу жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Бірақ бұл жауапқа қанағаттанбаған әлеуметтік желінің белсенділері қаржы ұйымын өздерін ақымақ деп санамауға шақырды.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» төрағасы Ләззат Ибрагимова кейбір блогерлерді «өтірікші» деп атады. Себебі банк басқармасындағы жеті мүшеге тиесілі сыйақы туралы ақпаратты бұрмалап таратты деп есептейді. Кешіріңіз, алайда айтылған соманы негізге алып, әр мүшеге қаншадан берілетінін есептеп көруді шештім. Алдымен жетіге, сосын он екі айға бөлдім. Шамамен ай сайын 3,2 млн теңгеден келеді екен. Біз болсақ, депутаттарды млн теңге үшін кінәлаймыз», деді өз парақшасында блогер Ғалым Байтұқ.
Квазимемлекеттік ұйымдарды жекешелендіру қажет
Ал мамандар не дейді? Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың айтуынша, ұлттық әл-ауқат қорлары мен холдинг басшыларының ақшалай сыйақыны орташа айлық нормадан артық алуы сыбайлас жемқорлық белгілері бар екенін байқатады. Сондықтан да осы мәселені реттеудің амалы ретінде – квазимемлекеттік ұйымдарды жекешелендіру керек деп есептейді.
«Қазақстандағы квазимемлекеттік компаниялардың, сондай-ақ мемлекеттік қаржы ұйымдарының басшыларына орташа айлық жалақымен салыстырғанда ірі көлемдегі еңбекақының тағайындалуын сыбайлас жемқорлықтың заңды түрі деп есептесек те болады. Өйткені мемлекеттік акционерлік қоғам болғандықтан Үкімет оларға жалақыны белгілеу еркіндігін өздеріне берді. Сол себепті медициналық сақтандыру қоры немесе ұлттық компаниялардың басқарма мүшелері қалаған жалақының мөлшерін өздері белгілейді. Ал қатардағы қызметкерлер төмен айлыққа жұмысын жалғастыра береді. Мұны шешудің жалғыз жолы – жекешелендіру. Неге десеңіз, бұл компаниялар мемлекеттің қарамағында болған соң, тамыр-таныстыққа жол беріліп, басшылық орындарға жақын туыстарын қою себептері содан болса керек. Осылайша мемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлықтың бір көрінісі байқалғанын жоққа шығара алмаймыз. Жекешелендіру саясаты жүзеге асырылса, менеджерлер жақсы айлықтан қағылып қалады деп түсінсеңіз, қателесесіз. Керісінше, лайықты еңбекақыны өз қарым-қабілетіне байланысты алатын болады. Қалыптасқан ахуал өзгермесе, салық төлеушілердің ақшасы жөн-жосықсыз жұмсала бермек», деді С.Жобаев.
Жемқорлық деректері азаймай тұр
Сарапшының сөзінің жаны бар. Мәселен, осыдан бір ай бұрын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының топ-менеджерлері 92 млн теңге көлеміндегі қаражатты сыйақы және бонус ретінде алғаны айтылған еді. Бұл туралы фейсбуктегі парақшасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топтың өкілі Мәлік Жұмағалиев жазған-ды.
Ол 2018 жылдың қорытындысына сәйкес, атқарушы органның белгісіз бес мүшесі жалпы сомасы 92 млн теңгеден асатын қаражатты сыйақы және бонус түрінде алғанын жеткізді.
«Сыйақыны алғандар оны Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қайтарып, өз жалақыларын төмендетеді деп үміттенудің қажеті шамалы», деді М.Жұмағалиев.
Тамыздағы мәліметке сәйкес, ӘМСҚ орталық аппаратында 230 қызметкер және облыстық филиалдарында 620 қызметкер жұмыс істейді.
«Штаттық кесте бойынша басқарма мүшелерінің, оның ішінде басқарма төрағасының жалақысы салық шегерімдерін есептемегенде 850 мың теңгеден басталады», делінген Қордың хабарламасында.
Шілденің басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «СК-Фармация» және Медициналық сақтандыру қорының басшыларына қатысты тергеу жұмыстарын бастауды тапсырған еді. Арада көп уақыт өтпей квазимемлекеттік ұйымның басшылары қызметімен қош айтысты.
Ал осы айдың басында «СК-Фармацияның» бұрынғы басшысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстап, уақытша тергеу изоляторына қамады. Анықталғандай, экс-басшыға төтенше жағдай кезінде қызмет бабын асыра пайдалану айыбы тағылып отыр.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «СК-Фармация» ЖШС басқармасының бұрынғы төрағасын ТЖ режімінде медициналық өнімдердің сатып алу кезінде ауыр зардаптарға әкелген қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану фактісі бойынша ұстап, 14 тамызда соттың санкциясымен күдікті Нұр-Сұлтан қаласындағы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қорытынды шешімді сот шығарады», деген еді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.
Ұлттық экономиканың дамуына кедергі
GSB UIB директорының орынбасары, экономист Мақсат Халықтың пікіріне сүйенсек, отандық квазимемлекеттік сектор экономиканың ірі тежегіш күшіне айналып отыр. Демек, бұл бағытта еңбек өнімділігі төмен болғандықтан ішкі және сыртқы бәсекелестіктің қабілетсіздігі байқалуда.
«Ішкі нарықта кәсіпкерлер өз салаларын дамытуға күш салып жатқан кезде, квазимемлекеттік ұйымдардың еншілес компаниялары мемлекеттік қаражат есебінен бәсекелестерін «тұншықтырып» жатыр. Өкінішке қарай, осының салдарынан экономикамыз дамымай келеді. Пандемияның салдарынан мемлекеттік бюджет біраз қаржылық тапшылыққа ұшырағаны рас. Халық та Үкіметтен әлеуметтік көмекті көптеп сұрай бастады. Көпшіліктің талабы күшейгеніне байланысты бюджет қаражатының қайда жұмсалып жатқаны, сондай-ақ қай жерде дұрыс игерілмей жатқаны туралы біле бастады. Оның жарқын мысалы «СК-Фармацияға» қатысты жағдай, сол секілді футбол клубтарының бюджет есебінен қаншалықты қаржыландырылып келе жатқаны әшкереленді. Енді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма мүшелеріне берілген ақшалай сыйақыға таңырқап отырмыз. Бұл таңғалатындай құбылыс емес. Өйткені бұрыннан бар үрдіс. Өкініштісі сол, оған енді ғана көзіміз жетіп отыр», деді М.Халық.
Сарапшының айтуынша, мемлекеттік шығыстар мен кірістердің орындалуын қадағалайтын талаптың болғаны маңызды. Сонымен қоса халықтық бақылауды күшейтіп, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру қажет.
«Ұлттық компанияларда мұндай фактілердің орын алуы өкінішті-ақ, әрине. Десе де аталған көлемдегі қаражат тек қана басшыларға беріліп отырған жоқ. Айталық, қазір «Самұрық-Қазынада» кімдердің жұмыс істеп жатқаны белгілі. Ел ішінде оларды «парашютшілер» деп атайтынын барлығы біледі. Яғни бір қоңыраумен жоғары жалақылы қызметке отыра қалады. Ал іс жүзінде атқарып жүрген жұмыстары мардымсыз», дейді экономист.
Ер басшылардың табысы жоғары
Salary Explorer порталындағы мәліметке сенсек, отандық топ-менеджерлер арасында жүргізілген сауалдаманың нәтижесінде респонденттердің 23%-ы былтыр бірде-бір бонус алмағандарын жеткізсе керек. Сауалдамаға қатысқандардың қалған 77%-ы кем дегенде бір мәрте ақшалай сыйақы алғандарын жасырмаған.
Қазақстанда жеке секторға қарағанда, мемлекеттік сектордағы қызметкерлердің табысы орташа есеппен 11%-ға көп. Елімізде топ-менеджерлердің орташа сағаттық жалақысы – 3880 теңге. Енді осы санды орташа 8 сағаттық жұмыс уақытына көбейтіп, нәтижесін бағамдай берсеңіз болады. Республикада бір жыл ішінде жалақының орташа өсімі 5%-ға жеткен.
Сонымен бірге қызметтік мансапқа жыныстық ерекшеліктер де әсер етеді. Мәселен, еліміздегі ер басшылар әйел әріптестеріне қарағанда жалақыны шамамен 7%-ға көп алатыны мәлім болып отыр.