Руханият • 26 Тамыз, 2020

«Тайың туып, тайлағың боталасын!»

627 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында бір ақсақал жаңадан шаңырақ көтерген екі жасқа ықылас-батасын берді. Әдеттегідей шұбыртпалы ұйқасқа құрылып, желе-жортып жөңкіле жөнелген ұзын-сонар тілектің арасынан «Тайың туып, тайлағың боталасын!» деген сөз көкейге қона кеткені.

«Тайың туып, тайлағың боталасын!»

Бір қызығы тай тумайды, тайлақ боталауға тиіс емес. Яғни тай да, тайлақ та биологиялық тұрғыдан іштенуге әлі ерте. Десе де, атақты жырау Қазтуған «жатып қалған бір тоқты, жайылып мың қой болған жер» дегеніндей, заман толысып, қоғам кемелденіп, қаймана жұрттың береке-бірлігі тасып, жау-жар жоқ бейбітшілік белең алған тұста, яғни қазақтың ежелгі танымымен айтқанда, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды бабаларымыз тыныштықтың кепіліндей: тай туып, тайлақ боталағанға балап келген.

«Береке-бірлігі нығыздалып, салт-санасы кемелденіп, ынтымағы жарасқан, бірін-бірі жат жанынан түңілердей сыйлайтын, ауызындағы түйір асын ағайынына жырып беретін, жақсылығы жарасқан қауымға Тәңірдің өзі назарын салып, несібесін тасытады» деп үлкен қаламгер Әбіш Кекілбаев марқұм айтқандай, расында біздің тіршілік тынысымыз бейбітшілікке байланысты.

Қоғам қаншалықты береке мен бірлікті, әділдік пен әділеттілікті сақтай алады, соншалықты кемелденеді. Жоғарыда жазушы ағамыз пайымдағандай, ондай қауымға Тәңірдің назары түседі. Сөйтіп қоғамда айнымастай тынышықтық орнаған шақта ол елдің «тайы туып, тайлағы боталайды».

Бұл ұғымды ары қарай тәпсірлейтін болсақ, кемел тыныштық орнаған бейбіт қоғамды жануар екеш малдың өзі сезінеді. Сөйтіп, хайуан малдың да ұрпақ өрбіту түйсігі оянып, биологиялық тұрғыдан ерте жетіледі. Нәтижесінде, тай туады, тайлақ боталайды.

Осы орайда біздің айтпағымыз, ел кемелденуі үшін ең басты қажеттілік – бейбіт өмір мен тыныш ынтымағы берік қоғам. Соның ішінде, біз сияқты ұзақ жыл отарлық дәуірді бастан кешірген, әділетсіздікті көп көрген, сан қырғынды бастан кешірген халық үшін қазіргі таңда тыныштықтан асқан бақыт жоқ.

Өйткені бейбітшілік, тыныштық болмаған жерде бәрі де бекер. Жау жағадан алып, бөрі етектен тартып тұрса, көсегең де көгермейді, ұрпағың да өспейді. Мысалы, жау-жардың салдарынан дүниені шыр айнала көшіп, ақыры Түркиядан тұрақ тапқан Халифа Алтай атамыз, өзінің 2000 жылы Алматыда жарық көрген «Алтайдан ауған ел» атты естелігінде: «1941 жылдың күзінде босып жүріп Үндістанның Мұзапар-Абат қаласына зорға жеттік. Қаланың айналасын қалың қарағайлы тау қоршаған. Біз өзеннің бергі шетіне шатыр тігіп орналастық. Күнде жаңбыр. Су тамшылары баспанамыздан өтіп, көрпе-жастық, киім-кешек түгел көгеріп кетті. Алды иістеніп шіри бастады. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, ұзақ жауған жаңбырдың салдары ма, жаппай ауру-дертке ұшырадық. Аурудың сырын ешкім білмейді. Көп адамдар есі ауысып жынданып кетті. Біреулердің бет-аузы ісіп, тұлабойына жара қаптап, тіпті тірідей тістері шіріп кеткендер қаншама. Күн сайын оншақты адам ажал құшады. Өлген адамдарымызды қалалық зиратқа немесе қоныс сыртына жерлетпейді, рұқсат жоқ. Шатырдың сыртында қарулы әскери күзет. Амалсыз өлген адамдарды шатырлар арасындағы бос жерлерге көміп, өзіміз олардың зиратын жастанып, өлгендермен бірге өмір сүрдік. Бітіретін жұмысымыз күні бойы тек зират қазу. Мүлде түтіні өшіп қалған отбасылар да болды... Осылай Үндістан мен Пәкістанда 12 жыл тұрдық. Ешкім бізді азаматтыққа қабылдамады. Жанымызды жалдап күн көрдік. Ел бөтен, жер бөтен, салт бөтен елде өмір сүрудің қиынын бас­тан өткердік. Алғаш барған жылдары әйел затының жатыры шошынып, бірде-бір нәресте дүниеге келмеді. Егер бір жаққа көшпегенде сол күйі тұқым-тұяғымыз құрып жоғалар еді...» десе, қоғам қайраткері белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбек ағамыз бір сұхбатында, 1993 жылы қараша айында Иранға елші болып бардым, – дейді. Орныққан соң ирандық қазақтарды шақырып мәжіліс құрған екен. Сол тұста жасы тоқсаннан асқан Нұришат деген қария: «Бала кезімде шекара асып осы қызылбас еліне келдік. Жолай ұшыраған қырғыннан шошынған әйелдердің бірде-бірі бала көтермеді. Осылай тұқымымыз тұздай құритын болды-ау деп уайымдап жүргенде, тыныштық орнап, қатындарымыз бала тапты. Осындай да сұмдықты да көрдік» дегенін айтыпты.

Бұларды неге айтып отырмыз. Өздеріңіз естігендей, тыныштығын жоғалтқан қауым­ның жатыры шошиды да, ұрпағы құриды. Ешқашан тайы туып, тайлағы ботала­майды. Бүгінгі қазақ қоғамы үшін тыныш­тықтан қымбат ештеңе жоқ.