Тарих • 26 Тамыз, 2020

Қазақтың байырғы ғұрыптық заңы – «Жеті жарғы»

10816 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл құжат Тәуке ханның (1678-1718) тұсында қабылданған. Себебі ХVІІ ғасырда Қазақ хандығының ыдырау қаупі тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттырып, хандық билікті нығайтуға күш салды әрі осы тұста қазақ қоғамы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті.

Қазақтың байырғы ғұрыптық заңы – «Жеті жарғы»

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандар қабылдаған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» заңдарын  одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Жарғыны жасауға қазақтың игі жақсылары мен билері қатысты.

Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жан­жалдар мен саяси маңызы бар мәсе­лелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқы­ның өмірлік мәселелерін бар­лық жағынан қамтыды, соның нәти­жесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы – Қазақ хандығының ба­рынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды.

Жеті жарғының толық нұс­қасы сақталмаған. Алғаш рет орыс ғалымы Г.Спасский жаппас­ руының старшыны Көбек Шүкір­әлиевтен 1804 жылы жазып алған 11 бап-нұсқасы 1820 жылы «Сибирский вестник» журналында жарияланды. Осында  жарияланған нұсқаларға назар аударсақ: жарғыда жер дауы, отбасы, неке, құн төлеу, ұрлық-қарлық, тонаушылық, куәлік ету, ант ішу сияқты қазақтың ұлттық әдеп-ғұрпы көрініс тапқан.

Сол сияқты, орыс зерттеушісі Алексей Ираклиевич Левшин (1798-1879) жазып қалдырған нұсқада өз-өзіне қол салған адамды көпшілік зиратына қоспай, бөлек жерлейтіні айтылады. Сондай-ақ қыран бүркітті өлтірген адам бір құл немесе бір күң беріп құн төлейтіні жайлы дерек бар (Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. Петербург, 1832. стр. 170-178).

Жарғыда:  кісі өлтіру, мертік­тіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу үлкен қылмыс деп есептелген. Кінәлі­лер жасаған қылмыс деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жарғыда «қанға қан» заңы сақталған. Бірақ билер сотының екі жақтың келісуі бойынша жазаны құн төлеумен алмастыруға мүм­­кіншілігі болған. Ал төмен­дегі жағ­дайлар орын алса, қыл­мыс­кер өлім жазасына кесілген.

  1. Көтеріліс, бүлік шығарған кісі­лер­ге өлім жазасы бұйы­рылсын;
  2. Ел мүддесін сатып, опасыз­дық еткендер өлім жазасына бұйырылсын;
  3. Жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын;
  4. Өзге біреудің әйелімен зи­на­қорлық жасап, ақ некені бұ­зу­шылар өлім жазасы бұйы­рылсын;
  5. Соғыста мінетін, өреде тұрған, тұсаулы атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын;
  6. Құдайға тіл тигізгені анық­талған жағдайда өлім жазасы бұйырылсын!

Бұдан басқа «Жеті жарғыда» тағы мынадай нұсқа-баптар да бізге жетіп отыр: 

  1. Төбелесте мертік түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін:

а. көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса, қыздың қалыңмалын береді.

ә. төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.

  1. Әкесіне қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс отырғызып масқаралаған;
  2. Ата-анасына дауысын көтер­ген қыз баланың жазасын шешесі шешкен;
  3. Христиан дінін қабылдаған адамның мал-мүлкі тәркіленген.

Сондай-ақ жарғының жекеленген нұсқалары: орыс ғалымдары Я.Гавердовский, А.Левшин, Н.Гродеков, Л.А.Сло­вохотов, А.П.Чуло­шников­тің  зерттеулерінде кездеседі. Әсі­ресе А.И.Левшиннің 1832 жылы жа­рық көрген «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қазақ ордалары мен даласының сипаттамасы» еңбегінде, қазақтар Пайғамбарды (с.ғ.с) құрметтемеген адамды «кәпір» дейді, оны азаптауға, қару қолдануға болатыны жайлы деректі келтіре отырып, өзі ел аузынан жинаған 34 нұсқа-үзіндіні береді:

«...Бұл заңда ең басты болып құн төлеу тұр, қанға – қан, жанға – жан.

Ұрлық, тонау, зорлық, зина жасау – барлығының жазасы өлім.

Қаулыға сәйкес өлтірілген адамның туыстары қылмыскер­дің өзін өлтіруге немесе дене мүшесінің жарақат алған дәл сол мүшесін шауып тастауға құқы бар. Дегенмен, екі жақтың келі­суі бойынша немесе билер­дің шешімі негізінде жаза жеңіл­детілуі мүмкін. Сол кезде қылмыскер тек белгіленген мөлшерде құн төлеп құтыла алады. Өлтірілген бір кісінің құны: ер кісі үшін 1000 қой, әйел кісі үшін 500 қой. Дене жарақаты үшін де өз құн мөлшері бар. Мысалы, бас бармақ 100 қой, ал шынашақ 10 қой.

Сұлтан немесе қожаны өлтірсе, туыстарына 7 еселенген құн төленеді. Оларға ауыр сөз айтылса – 9 қой, ұрып-соқса 27 қой.

Әйелі өз күйеуін өлтіріп, туыс­­тары кешірмесе – өлім жазасы. Тек аяғы ауыр әйелдерге ғана бұл үкім қолданылмайды. Ал кү­йеуі өз әйелін өлтірсе, құн төлеу арқылы жазадан құтыла алады.

Егер әйел заңсыз некеден туған нәрестесін өлтірсе, жазасы тек өлім.

Өз-өзін өлтіргендердің жерлеу орны бөлек.

Зорлаудың үкімі өлім, тек туыстарына құн төлеу арқылы ғана құтыла алады. Егер зор­лаушының өзі жәбірлеген әйелге (қызға) үйленіп, қалыңмалын төлесе, өлім жазасынан және құн өтеуінен босатылады.

Әйелді ренжіткен адам одан кешірім сұрауы міндетті. Кеші­рім берілмесе, зорлық көр­сету мөл­шерімен құн төлейді.

Құдайға тіл тигізуші адамның айыбын жеті куәгер растаса, тас атып өлтіріледі.

Өзге дінге өтсе, сол адам туыс­тары­ның барлық мүлкі алынады.

Әке-шешесіне қатты сөз айтса не ұрып-соқса, ұл баланы қара сиырға теріс қаратып отырғызып, ауыл аралатып жүріп, қамшының астына алады. Ал қыз баланы ұстап-байлап шешесінің қолына тапсырып, өз еркіне береді...» (А. Левшин. «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы». 367-369-б).

Ал жазушы Аян Нысаналы құрастырған «Үш пайғамбар» жинағында:

өзіне-өзі қол салғандар бөлек жерленсін!

Құдайға тіл тигізген адам (жеті адам куәлік етсе) таспен атып өлтірілсін!

Ата-анаға тіл тигізген ұлды мой­нына құрым киіз байлап, қара сиырға теріс мінгізіп, ауылды ай­нала шапқылатып масқаралайды!

Молданың қатысуынсыз өсиет-мұрагерлік қабылдан­бай­ды деген баптар бар («Дәуір» баспасы, 1992 ж.154-б).

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ қоғамына отарлаушылар тарапынан телінген жаңа заң-закон нормалары түгелдей «Жеті жарғыда» көрсетілген үкімдермен қайшы келіп жатты. Тіпті, кейбір тұстарда халық арасында болуы мүмкін зинақорлық мәселесін жаңа низам соты қалып­ты жағдай ретінде қарап, айып салумен шектелу немесе құн төлеу мәселесін заңды деп тапты.

Жеті жарғы үкімдеріне отар­лаушылар тарапынан шектеу қойылған соң байырғы қазақ билерінің дау шешу әдебі мен мәдениеті келмеске кетіп, пара­қорлық пен әділетсіздікке кең жол ашылды.